Адамзат тарихында елдің еңсесін биіктетіп, ұлттың рухын асқақтатқан ұлы мұраттардың бірі – адалдық. Адалдық бар жерде ардың туы жығылмайды, әділеттің шырағы сөнбейді, адамдықтың қадірі кемімейді. Адалдық – адамның ішкі болмысына біткен асыл қасиет қана емес, тұтас қоғамның адамдық келбетін айқындайтын басты құндылық. Өйткені қоғамның шынайы келбеті оның жеткен жетістіктерімен емес, адамдарының ар-ұятымен, парасатымен, бір-біріне деген сенімімен айқындалады. Ал осындай құндылықтарды бойына сіңірген азаматты тәрбиелеу – ұлт болашағына қызмет ететін ең ізгі міндет.
Дана халқымыз ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы адамдықтың асыл қағидаларын ұрпақ жадында сақтап, ұлттық болмыстың өзегіне айналдырған. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, аманатқа адал болу, маңдай термен еңбек етіп, өзгенің ақысын жемеу халқымыздың өмірлік ұстанымдары ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл құндылықтар елдің рухани тұтастығын сақтап, ұлттық болмысымыздың беріктігін айқындайды. Заман өзгеріп, қоғам жаңарғанымен, адамдықтың осы асыл қағидалары өз маңызын жоғалтпайтыны рас.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі өткен Қазақстан халқына Жолдауында да қоғам санасын жаңғырту, елдің бірлігін нығайту және азаматтардың бойында жауапкершілік пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілді. Президент көтерген «Адал азамат» ұстанымы - елін сүйетін, заңды құрметтейтін, еңбекті бағалайтын, сөзі мен ісіне берік, ар-ұяты биік азамат қалыптастыруға бағытталған маңызды құндылық. Бұл ұстанымның мәні – адалдықты әдемі сөздің аясында қалдырмай, оны күнделікті өмірдің дағдысына, қоғамдық сананың тірегіне айналдыру. Өйткені мемлекет қаншалықты дамығанымен, сол мемлекеттің азаматтары ар мен ұятты тәрк етсе, қоғамның рухани іргесі әлсірейді. Ал азаматтың жүрегінде жауапкершілік пен әділетке деген құрмет орнықса, елдің де ертеңі берекелі болмақ.
Адалдықтың тамыры тереңде, қайнар көзі адамның жүрек түкпірінде жатыр. Асыл дініміз Ислам адамды осы асыл қасиетке үндеп, иманды көркем мінезбен, құлшылықты ізгі амалмен ұштастырады. Шынайы иман адамның жүрегінде тұйықталып қалмай, бәлкім адамның сөзіне, ісіне, өзгелермен қарым-қатынасына сәуле түсіруі керек. Өзгенің ақысын жемей, адал еңбек ету, отбасына қамқорлық танытып, жақындарына жанашыр болу, аманатқа қиянат жасамай, мұқтажға қол ұшын созу имандылықтың күнделікті өмірдегі көрінісі болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 119-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар әрі шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырады. Осы бір аяттың өзінен-ақ шындық пен иманның өзара сабақтастығын аңғаруға болады. Шыншылдық адамды туралыққа бастайды, туралық ізгілікке жетелейді, ал ізгілік адамды рухани кемелдікке жақындатады. Демек, адалдық – адамның белгілі бір жағдайда ұстанатын қағидасы емес, бүкіл өміріне арқау болатын рухани серігі екен.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты еңбегі адалдық пен адамгершілікті ту еткен қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды рухани туынды. Жуырда жарық көрген бұл кітапта Ислам құндылықтарының қоғамдық өмірмен сабақтастығы, адам бойындағы жауапкершілік пен әділеттің, көркем мінез бен ізгі амалдың маңызы кеңінен қамтылған. Адал қоғам дегеніміз тек заңға бағынған адамдардың жиынтығы ғана емес, ар-ұятты биік қойып, бір-бірінің құқығын құрметтейтін, аманатқа қиянат жасамайтын, жақсылыққа жәрдемдесіп, жамандықтан тыйылатын ізгі жандардың ортасы. Мұндай қоғамның қалыптасуы әрбір адамның өз жүрегіне үңіліп, өз ісіне есеп беруінен басталады.
Ислам діні адамға Алла алдындағы міндетін ғана емес, ата-ана алдындағы парызын, отбасы алдындағы жауапкершілігін, қоғам алдындағы борышын да ұғындырады. Адал табыс табу, өтірік айтпау, уәдеде тұру, өзгенің абыройын сақтау, мұқтажға көмектесу мұның барлығы иманның күнделікті өмірде жеміс беруінің белгілері. Осы тұрғыдан алғанда, адал азамат тәрбиесі мен иманды ұрпақ қалыптастыру бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Бірі адамның азаматтық болмысын бекітсе, екіншісі сол болмыстың рухани негізін тереңдетеді.
Қазақтың даналық дәстүрі адамдықтың асыл өлшемін ар мен ұяттан, кісілік пен ізгіліктен іздеген. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті адам баласына деген мейірім мен құрметтің терең мәнін танытса, ақынның «толық адам» туралы танымы кісілік толығудың жүрек тазалығы мен ақыл-парасат үйлесімінен бастау алатынын аңғартады. Өйткені білімге мейірім, ақылға әділет, қайратқа ізгілік серік болғанда ғана адам бойындағы асыл қасиеттер өз мәнін табатыны рас.
Бұл тағылым Шәкәрім Құдайбердіұлының ар-ұждан туралы ойларымен де үндеседі. Шәкәрім атамыздың «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген өсиеті азаматтықтың мәнін елге қызмет етуден, өзгенің игілігіне пайда тигізуден іздеуге үндейді. Адамның қадірі жинаған дүниесімен емес, адал еңбегімен, таза ниетімен, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенеді. Арын биік қойған жан өз мақсатына жету жолында әділеттен аттамай, өзгенің ақысын аяққа баспайды.
Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі де ұрпақты білімге жетелеп қана қоймай, ел болашағына қызмет ететін саналы азамат тәрбиелеу мұратын танытады. Білім адамның танымын кеңейтсе, тәрбие оның жолына бағыт береді. Сондықтан жас ұрпақтың бойына біліммен бірге адалдықты, еңбекқорлықты, кішіпейілділік пен жауапкершілікті сіңіру маңызды.
Ұлы тұлғалардың өнегелі мұрасынан түйеріміз – адамның адамдық биігі біліммен ғана емес, ар тазалығы мен ізгі амалынан да көрінеді. Қоғамның кемелдігі де әр адамның өзіне сын көзбен қарап, өз ісіне жауап бере білуінен басталады. Ендеше, адал азамат тәрбиелеу дегеніміз – баланың санасына білім ұялатып қана қоймай, жүрегіне адамгершіліктің дәнін сеуіп, өмірлік жолына ар-ұятты шамшырақ ету.
Бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы. Сәби дүниені әуелі ата-анасының жанарымен танып, жақсылық пен жамандықтың алғашқы өлшемін олардың іс-әрекетінен үйренеді. Әкенің адал еңбегі, ананың мейірімі, шаңырақтағы сыйластық пен татулық баланың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, оның болашақ болмысына негіз қалайды. Сондықтан балаға адалдықты сөзбен ұғындыру аздық етеді, оны күнделікті өмірдің өнегесімен таныту қажет. Өзгенің ақысын жемей, уәдесіне берік болып, еңбекті қадірлеп, қателігін мойындай білетін ата-ананың үлгісі баланың бойында адалдық пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ал үлкеннің сөзі мен ісі үйлеспеген жерде өнегенің әсері әлсіреп, айтылған ақылдың салмағы кемиді. Өйткені балаға берілетін ең терең тәрбие құрғақ өсиеттен емес, көз алдында көрген шынайы үлгіден бастау алады.
Осы орайда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялауының мәні терең. Бұл бастама адалдықты ардақтап, әділеттілікті ту еткен, имандылық пен ізгілікті өмірлік ұстанымына айналдырған қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Адал қоғам құру – әрбір азаматтың ар алдындағы жауапкершілігі мен адамдық борышы. Жүрегінде иманы, бойында жауапкершілігі бар жан ғана осы игі мұраттың жүзеге асуына үлес қоса алады. Ал қоғамның берік іргетасы отбасында қаланып, баланың бойына сіңген тәрбие арқылы нығаяды.
Ендеше, бала жүрегіне адалдықтың мәңгілік шырағын жағып, ар-ұятты өмірлік темірқазық етіп қалыптастыру бүгінгі ата-ананың ғана емес, тұтас ұлттың алдындағы аманат. Бесіктен басталған тәрбие бала бойына адамдықтың асыл мұраттарын сіңіріп, санасына адалдықты өмірлік ұстаным еткенде ғана шынайы жемісін береді. Өйткені ұлттың ертеңі бүгінгі баланың бойына сіңген құндылықтармен өлшенеді, ал адалдық пен ар-ұятқа негізделген тәрбие ұлттың рухани байлығы әрі келер ұрпаққа қалдырар асыл аманаты.
Ислам МАРАТҰЛЫ,
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ислам МАРАТҰЛЫ
muftyatkz
29.10.2026
36
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру