Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРАНШЫЛАР

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі muftyat.kz 20.12.2023 3258 0 пікір
ҚҰРАНШЫЛАР

Құраншылар немесе «Құраниттер» – сүннетті мойындамай, тек қана Құранға еретін ағым. «Құранды дұрыс түсініп, әр ісімізде оны басшылыққа аламыз» деген принципті негізге ала отырып, олар Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін, хадистерін мойындағысы келмейді. Сондықтан кейбір ғалымдар бұл ағымды «сүннетті мойындамайтын, хадистерді жоққа шығаратын топ» деп атайды.

Ислам тарихында құраншылар топтары Құранды рационалдық жолмен түсіндіруді дәріптей отырып, ақылды нақылдан жоғары қояды. Соның негізінде ішінара олар хауариж, мұғтазила, муржия, шиіттер сияқты ағымдардың пайда болуына жол ашты. Мұндай ағымдар ислам негіздері мен үкімдеріне үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Мұндай пікірдің артында алғашқылар қатарында болып наззамия ағымының құрушысы философ, мұғтазила мектебінің өкілі Әбу Исхақ Ибрахим Наззам (775-845) тұрады. Бірақ құраншылар идеологиясының негізін Мырза Ахмед Хан (1817-1898) қалаған. Ол ислам ғұламаларының дәстүрлі ұстанымына қайшы келіп, хадисті қабылдауға мүлдем орындалмайтын шарттар қойып, көптеген хадистерді жоққа шығара бастады.

Сондай-ақ Құранның тәпсірін жасауда көптеген Исламның дәстүрлі қалыптасқан ережелері мен ұстанымдарына қарсы шықты. Құраншылар алғашқы іс-әрекетін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бастады. Оған үндістандық Аслам Джайраджпури (188-1955) мен пәкістандық Ғулам Ахмед Первезді (1903-1985) қомақты үлес қосты. Кейінгі уақытта олардың белсенді идеологтары ретінде тегі мысырлық америкалық биохимик Рашад Халифа (1935-1990) және Ахмад Субхи Мансұр (1949 ж.т.) танылды.

Қазақстанда құраншылардың алғашқы өкілі ретінде Асылбек Мусин (1979-2017) танылған. Өскемен қаласының тумасы Серик Рысжановта (1971 ж.т.) бүгінде осы ағымның сөзін сөйлеп жүрген азаматтардың бірі.

 Құраншылардың төмендегідей негізгі белгілері бар:
  1. Құранды тек өз түсінігінде ұстануға шақырады. Әдетте бұл тікелей аударма, сондай-ақ өз тұжырымдары бойынша түсіндіру болып саналады.
  2. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін толықтай немесе ішінара қабылдамайды.
  3. Сахабалар мен көпшілік ғалымдардың бірауызды шешімін (ижмағ) және ұқсастықты салыстыру арқылы үкім шығару әдісін (қияс) мойындамайды.
  4. Қыз-келіншектерің орамал тартуын, ер адамдардың сақал қоюын, ер балаларды сүннетке отырғызуды құптамайды.
  5. Басшыға, мүфтиге және басқа да беделді ғалымдарға еруді барынша теріске шығарады.
  6. Әйел кісілердің де имам бола алатынын айтады.
  7. Намазды өзінің ана тілінде (қазақша, орысша, т.б.) оқиды. Себебі оқып жатқан сөздерді түсіну қажет, тиісінше, сөзбе-сөз аударма арқылы ғана Құранды түсінуге болады деп есептейді.
  8. Өз пікірімен бөліспейтін басқа топтарды сенімсіздікте (күпірлікте) айыптайды.

Қазіргі уақытта бұл ағым иелерінің белсенділігі бұрынғыдай байқалмаса да, өз ойларын жасырын түрде таратып жүр.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру