Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫМЕН ЖОЛДАС БОЛУ – ЖАННЫҢ ШИПАСЫ

Асан Тілеубердиев muftyat.kz 18.01.2023 1192 0 пікір
ЖАҚСЫМЕН ЖОЛДАС БОЛУ – ЖАННЫҢ ШИПАСЫ

Жеке тұлғаның мінез-құлқының қалыптасуында достықтың әсері өте үлкен. Адам баласы досының бойындағы қасиеттерді өз бойына да сіңіреді. Кез-келген адам қоғамда өмір сүретіндіктен, айналасында достары мен қимас жандары болатыны – табиғи жағдай. Досы жаман адамның мінезі де, өзі де бұзыла бастайды. Уақыт өте келе өзі сезбеген күйде досының мінез-құлқын бойына сіңіріп отырады. Нәтижесінде қимас досымен бірге құрдымға кеткенін байқамай да қалады.

Ал таңдаған достары игі жақсы, иманды, тақуа, Алланы таныған, тура жолдағы жандар болса, өзі де солармен бірге күн санап жоғары қарай өрлей береді. Бойына жақсы адамдардың ізгі қасиеттері, имандылығы, игі сипаттары және иләһи танымдары дари бастайды. Осылайша ол сүйкімсіз мінезден де, нәпсінің жетегінде кетуден де құтылады. Міне, сондықтан да кез-келген адам айналасындағы достары арқылы танылады.

Сахабалар надандық дәуірінің қараңғылығында жүрген кезінде Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұхбаттас болып, достасу арқылы биік белестерді бағындыра алды. Ал олардан кейін келген табиғиндер сол сахабалармен сұхбаттас болып, достасу арқылы ұлы абыройға кенелді. Алла елшісінің пайғамбарлығы Қиямет күніне дейінгі бүкіл дәуірді қамтитын болғандықтан, оның мирасқорлары да бар. Олар – Пайғамбардан білім мен көркем-мінезді, имандылық пен тақуалықты үйренген және Алла Тағаланы таныған ғұламалар. Олар – Алла Тағала жолына шақырған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізін басқан ізбасарлары. Олардың қасында жүрудің өзі жүректерді нұрға бөлейді. Олардың соңынан ергендер Ислам дінінің насихатшылары саналады. Сахабаларға бір қарыс жақындаған адамның өзі Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) байланысы бар адам саналады.

Сахабалардан білім нәрімен сусындаған адам пайғамбарлықтың бұлағынан нәр алғандай болады. Мұндай ізбасарлар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгісін өміріне өнеге еткен, діннің нағыз насихаттаушысы болып саналады. Міне, осындай қасиеттерді бойына сіңірген ізгі адамдар туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі былай деген: «Үмбетімнің ішінде үнемі шындықтан айнымайтын әрі қияметке дейін оларға дұшпандары қиянат жасай алмайтын бір топ болады». Қанша уақыт өтсе де олардың жан-жағына тигізетін жақсы әсері жер бетінің барлық жерінде үздіксіз жалғасады. Тура жолға бастаушы сол мирасқорлармен сұхбаттасу – жан дүниеңнің шипасы. Олармен достасу – нәпсі дертін түзетудің, мінез-құлықты көркем етудің, жүректерге сенім ұялатып, иманды күшейтудің іс жүзіндегі ең тиімді амалы.

Алла жолында дос болудың маңызы жайлы қасиетті кітабымыз Құранда былай делінген: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят). Шыншылдар дегеніміз – мүміндердің арасындағы таңдаулы жандар. Алла Тағала олар туралы былай деген: «Мүміндердің арасында Аллаға берген уәдесін шындыққа шығарған нағыз ерлер бар» («Әхзаб» сүресі, 23-аят). Тағы бір аятта: «Бір Алланың ғана разылығын қалап, Раббысына ертелі-кеш дұға жасап, жалбарынатын мүміндермен жанында барынша сабырлы болып, табандылық таныт. Қу тіршіліктің сән-салтанатына аңсарың ауып, әлгі адамдардан көз жазып қалма. Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз қаперсіз еткен, нәпсісінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме» («Кәһф» сүресі, 28-аят) делінген. Бұл аят үмбетіне білім үйретіп, тура жолға нұсқауға бұйырылған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаратыла айтылуда.

Мына аяттар баршамызды бей-жай қалдырмас деп ойлаймын: «Маған құштар адамдардың жолына түс» («Лұқман» сүресі, 15-аят). «Сол күні залым: «Әттең, дүниеде әлгі пайғамбармен бірге бір жолға түскенімде ғой! Қап, әттеген-ай, өзіме де обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойсамшы! Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Құраннан мені алыстатып, адастырған сол» деп аһ ұрып, бармағын шайнайды. Расында шайтан адам баласы үшін опасыз болады» («Фұрқан» сүресі, 27-29-аяттар).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла жолында жақсы дос таңдаудың маңызы жайлы былай деген: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы – әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келсек, ол сенің киіміңді күйдіреді немесе одан шыққан кезде сасық иісті сезесің». Ибн Аббастан (Алла оларға разы болсын) жеткізілген риуаятта Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Достарымыздың қайсысы қайырлы?» деген сұрақ қойылды. Сонда Пайғамбарымыз былай деп жауап берді: «Ондай адамды көрудің өзі саған Алланы есіңе түсіреді. Оның айтқан сөздері ізгі амалдарыңды арттыра түседі. Ал оның жасаған амалы саған ақыретті есіңе түсіреді».

Әбу Һурайрадан жеткізілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Адам қимас досының дінінде болады. Сондықтан әркім өзінің жақын досының кім екеніне қарасын». Омар ибн Хаттабтан жеткізілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алланың құлдарының арасында бір топ бар, олар пайғамбарлар да, шейіттер те емес, Қиямет күні Алла алдындағы дережесінің жоғары болғанына байланысты пайғамбарлар да, шейіттер де оларға қызығады» дейді. Қасындағылар: «Уа, Алланың елшісі! Олардың кім екенін айтыңыз?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Олар – араларында туыстық қатынас және бір-біріне берген дүние-мүлкі болмаса да Алланың разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Аллаға ант етемін, олардың жүзі нұр. Халық қорыққанда, ренжігенде олар қорықпайды, ренжімейді» деп, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды» («Жүніс» сүресі, 62-аят).

Алла Тағала баршамызға жақсы дос таңдап, ізгілермен игі жолда өмір сүруді нәсіп еткей. Әмин!

 

Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ,

Алматы қалалық «Омар ибн әл-Хаттаб» мешітінің имамы

«Мұнара» газеті, №21, 2022 жыл. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру