Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ДЕ, ТОЗАҚҚА ТҮСІРЕТІН ДЕ – ТІЛ

Махамбет БИСЕНОВ muftyat.kz 20.03.2021 1546 0 пікір
ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ДЕ,  ТОЗАҚҚА ТҮСІРЕТІН ДЕ – ТІЛ

Бір данышпан кісі Лұқман хәкімнен мал етінің ең дәмді қай жері деп сұрағанда, малдың тілін ұсынған екен. Ең нашар еті дегенде де тілін берген екен. Расында жақсы сөз де, жаман сөз де тілден шығады. Басқаша айтқанда, жәннатқа жетелейтін де тіл, тозаққа түсіретін де тіл. Өйткені тіл – жүректің қызметкері.

Тіл жүректің айтпағын жеткізуші ғана. Сахаба Сәһл бин Сағд (р.а) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім маған мұрты мен сақалы арасында және екі аяғы арасындағы мүшелеріне кепілдік берсе, мен де оған жәннатты кепілдік етемін» (Бұхари), – деп айтылған. Иә, «Басқа бәле – тілден» деп бекер айтылмаса керек. Адам баласына ретсіз және аңдамай сөйлеп, күнә атауын жинай беру ортақ дертпен бірдей.

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды жәннатқа кіргізетін қандай амал жайлы сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алладан қорқу және көркем мінез», – деді. «Адамдарды ең көп тозаққа түсіретін амал не?» – деп тағы сұрағанда, Пайғамбар: «Ауыз бен жыныс мүшесі», – деп жауап берген екен (Ахмед, Ибн Мәжа). Шынында солай. Хадисте Алладан қорқу дегені – тақуалық, ал ауыз дегені – тіл. Тілге ие болу аса маңызды. Жай ғана жұмсақ жерде, күннің көзінен көлеңкелі жерде отырып-ақ тілмен таудан ауыр күнәға тап болуы мүмкін. Сондықтан Әли бин Әбу Тәліп (р.а): «Айтпаған сөзіңнің иесісің, ал айтылған сөздің құлысың», - деп тектен-тек айтпаса керек. Отыз тістен шыққан сөзді қайтару мүмкін емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, пенде бір сөз айтады да, соның кесірінен шығыс пен батыстан да алыс тозаққа қарай құлдырай бастайды», - деген (Бұхари, Мүслім).

Жыртқыш аң жасай алмайтын жауыздықты кісі өз тілінен көреді. Тілдің залалын сахабалардан артық кім білер дейсің? Абдулла бин Масғұд (р.а): «Түрмеде тілден ұзақ отыруға лайықты еш нәрсе жоқ», – деген екен. Суфиян бин Абдулла Сақафи (р.а): «Мен Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мықтап ұстайтын бір істі айтыңызшы», - дедім. Ол: «Раббым – Алла деп айт та, түзу жүр»- деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Мен үшін не нәрседен қатты қауіптенесіз?» – деп сұрағанымда тілін ұстап тұрып «Мынадан» деген екен (Ахмед, Тирмизи, Ибн Мәжа).

Мұғаз бин Жабал (р.а) өзінің бір естелігінде былай дейді: «Бір сапарда Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болдым. Бір күні оның жанына өте жақын жүріп келе жатып: «Уа, Алла елшісі! Мені жәннатқа кіргізіп, тозақтан алыстататын амал жайлы айтыңызшы?» – деп өтіндім. Сондай Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Негізі, сен өте үлкен мәселе жайлы сұрап тұрсың. Бірақ Алла Тағала оңайлатқан адам үшін ол жеңіл іс: Аллаға құлшылық ет, Оған серік қоспа. Намаз оқы, зекет бер, Рамазанда ораза ұста және қажылыққа бар»,  деді. Сосын: «Жақсылық қақпалары жайлы айтайын ба? Ораза – қалқан, садақа су отты өшіргені сияқты қателіктерді өшіреді және кісінің түн ортасында оқыған намазы», - деді де, «Олар жамбасы төсектен ажыратылып, өзінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өзіне ризық етіп бергеннен жұмсайды», - деген аятты оқыды. Сосын: «Істің басы – Ислам, оның тірегі – намаз, ұшар шыңы – күрес», - деді. Мұнан кейін: «Осының барлығына ие болу жолын айтайын ба?» – деді. Мен: «Иә, Алланың елшісі», – деп өтіндім. Ол тілін көрсетіп, «Мынаған ие бол» деді. Мен: «Сонда бір айтқан сөзіміз үшін сұраламыз ба?» - дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Адамдардың тозаққа бетімен құлап жатқаны сол тілінен тапқаны емес пе?» – деді (Ахмед, Тирмизи).

Міне, тілдің тасқын судан да, жалындаған өрттен де қауіпті екенін Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) артық кім айта алады?!

 

Махамбет БИСЕНОВ,

Ақтөбе облысының наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі