Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«КӨРШІМ МҰРАГЕРІМЕ АЙНАЛАТЫН ШЫҒАР...»

Бауыржан қажы ӘБДІРАШҰЛЫ muftyat.kz 11.03.2021 2558 0 пікір
«КӨРШІМ МҰРАГЕРІМЕ АЙНАЛАТЫН ШЫҒАР...»

Ауылда әлі күнге дейін сақталып келе жатқан мынадай керемет дәстүр бар: үй иесі сапарлатып бір жерге кетсе, көршісі сол үйді қарап, тіпті малын жайғап отырады. Үйдің кілтін соған аманаттап кетеді. Көрші өз үйіндей қарап, Құдай қосқан қоңсыға осылайша қолдау көрсетеді. Базарлық әкелсе, міндетті түрде көршінің сыбағасын береді. Қандай керемет көрініс десеңші?! «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің артық» деген мақал осындайда айтылса керек.     

Дініміз бен дәстүрімізде көрші ақысына айрықша мән берілген. Біз «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген нақылды өмірлік ұстанымға айналдырған халықпыз. Көрші ақысына айрықша мән беру – мұсылмандық һәм адамгершілік міндетіміз. Ілгеріде өткен ізгілер «Досты таңдайсың, ал көршіні Құдай қосады» деген екен. «Құдайы көрші» деген сөз осыдан қалса керек. Сондықтан Құдай қосқан көршімен тату өмір сүру адамгершілік болмысымызға тән қасиеттердің бірі болмақ. 

Бала кезде үлкендерден «Үй алма, көрші ал» деген сөзді жиі естуші едім. Есейе келе осы мақалдың түбі хадистен шыққанын білдік. Діни салада қызмет ете бастаған кезде бұл хадистің түпкі мәні мен түсіндірмесін терең түсіне бастадық. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» деген. Ислам дінін өмірінің тірегі еткен халқымыз осы хадисті нақылмен былай айтқан: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла». Адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде көршінің орны мен рөлі ерекше мәнге ие.

Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жаныңдағы жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар. Негізінде Алла тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп баяндайды. Біз бұл аяттан жақсылық жасауға лайықты адамдардың қатарында жақын және алыс көршінің бар екенін анық аңғарамыз.

Алла Тағала осы аятта кімдерге жақсылық жасалатынын баяндай келе жақын көрші мен бөгде көршіні әке-шеше мен жақындардан кейін бірден атап, оларға да дәл сондай жақсылық жасау қажеттігін баса айтқан. Тәпсір ғалымдары Алла Тағаланың «жақын көршіге, бөгде көршіге» деген сөзіне қатысты мынадай пікір айтқан: «Хақ Тағала оларға қорған болуға, ақысына қол сұқпауға, өсиет етуге және қамқор болуға әмір еткен». Ауылдағы үйді көршіге аманаттап кетудің өзі көрші тарапынан жасалған үлкен қамқорлық, ақысына қол сұқпау, қорған болу сынды амалдар екенін түсінеміз.

Біз имам болған соң игі басқосуларда көп сұрақ қойылады. «Көршім өзге діннің өкілі болса, оның ақысы қалай болады? Көршім маған зиян тигізсе, онымен қандай қарым-қатынаста болуым керек?» деген мазмұндағы сұрақтарды жиі естиміз. Осы ретте тағы да айта кетуді жөн көріп отырмын. Дінімізде барлық сұрақтың жауабы бар. Шариғатымызда көршінің алыс-жақын, өзге діндегі немесе мұсылман көрші болуына байланысты оларға қатысты өз ақылары бар. Туысқан көршінің үш ақысы бар. Олар – туыстық, мұсылмандық және көрші ақысы. Туыс, бірақ мұсылман емес көршінің екі ақысы бар. Олар – туыстық және көрші ақысы. Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар. Олар – мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы. Ал мұсылман емес көршінің бір ақысы бар. Ол – тек көршілік ақысы.

Міне, әр көршіге өзінің ақысын беруіміз керек. Өзге дін, өзге ұлт өкілі болса да оның көршілік ақысы бар. Олар қиындыққа тап болса – көмектесуіміз, жәрдем сұраса жәрдемдесуіміз – адамдық борышымыз.

Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра өзі тоқ болған адам маған нақ иман келтірген емес» дейді. Расында, адамның немесе бір отбасындағы жағдайды оның қасындағы жандар, көршілер жақсы біледі. Егер көршіміздің әлеуметтік мәселесінен хабардар болсақ, дер кезінде оларға көмектесіп жіберсек, үлкен ізгі амалға себепші боламыз.

Мәселен, үйге базарлық әкелгенде көршіге де аз да болса сол базарлықтан үлесін беру – үлкен сауапты іс. Бұл амал көршілер арасындағы өзара сүйспеншілікті, жақсы қарым-қатынасты арттыра түседі. Қонақ шақырғанда көршіні де қоса қонақ ету – ізгі амалдың бірі.

Өкінішке қарай, қалалық жерде тұратын кейбір кісілер көрші бола тұра бір-бірін танымайды, бір-бірімен амандаспайды. Бұл – өкінішті жағдай. Көршімен амандасып, хал сұрасып тұрудың өзі үлкен амалдың бірі екенін ұмытпауымыз керек. Көрші үйге келгенде оны есік алдынан шығарып салу бізге жараспайтын іс деп ойлаймын. Көрші ақысы біздің жадымызда үнемі жаңғырып тұруы тиіс.

Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқаны сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» деген.

Біз бұл хадистен көрші ақысының қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Алла Тағала көрші ақысын өз дережесінде берген пенделерінен етіп, мейіріміне бөлегей. Әмин!

 

Бауыржан қажы ӘБДІРАШҰЛЫ,

Алматы қаласы «Арафат» мешітінің бас имамы,

Дiнтану магистрi

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі