Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰХАРРАМ – МҰСЫЛМАН ЖЫЛ САНАУЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫ

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 19.08.2020 4105 0 пікір
МҰХАРРАМ – МҰСЫЛМАН ЖЫЛ САНАУЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫ

Мұсылман күнтізбесі бойынша 1441 жылдың зұл-хижжә айы аяқталып, 1442 жылдың мұхаррам айы басталады. Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі.

20 тамыз –мұхаррам айының бірінші күні.

«Мұхаррам» сөзі қасиетті, тыйым салынған дегенді білдіреді. Бұл ай Құранда айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Алла Тағала: «Шын мәнінде, Алланың құзырында айлардың саны он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі соғысуға тыйым салынған айлар: зұлқағда, зұлхижжа, мұхаррам және ражаб»[1], – деген.

Негізі, бұл төрт айдың қасиеттілігі Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманынан бастап мойындалған. Меккенің пұтқа табынушылары өздерін Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) үмбетіміз деп санағандықтан, осы төрт айдың қасиеттілігін қадағалаған және де тайпалардың жиі соғысып тұратынына қарамастан, бұл айларда соғысуға тыйым салынған деп есептеген.

Бірде Әбу Зәрр (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла елшісі, түннің қай мезгілі хайырлы және айлардың қайсысы абзал?» – деп сұраған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Түннің ортасы хайырлы, ал айлардың сендер мұхаррам деп атап жүрген Алланың айы абзал», – деп жауап берген[2].

Хасан Басри және өзге ғалымдар «харам айларының ішіндегі ең абзалы – Алланың айы – мұхаррам» деген пікірді айтқан. Кейінгі ғалымдар да осы ұстанымды дұрыс деп тапқан. Мәселен, Ибн Жәрир: «Алла Тағаланың әрбір һижра жылын харам айымен бастап, соңын харам айымен аяқтауында үлкен мән жатыр. Айлардың ішінде Алла үшін Рамазаннан кейінгі ең қадірлісі – мұхаррам айы», – деген.

Алла Тағала жаңа һижри жылын күллі мұсылман үмбеті үшін берекелі, бейбітшілік әрі амандық жылы еткей! 

Шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1] «Тәубе» сүресі, 36-аят.

[2] Нәсаи риуаят еткен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі