Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ

Ершат ОҢҒАРОВ "Иман" журналы 02.06.2020 6897 0 пікір
КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ

Асыл дініміз Исламда көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят-хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге ... жақсылық жасаңдар», делінген.

Көрші ақысы жөнінде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз көптеген өсиеттер айтқан. Бірде Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» – деп сұрағанда, «Есігі ең жақын орналасқанына» – деп жауап берген.

Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.

Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің үш түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса, ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік ғана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныстанған көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды.

Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә саналады. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (әл-Барраз) – деген. Сондықтан қиындық, жоқшылық кезінде көршіге қарайласу – имандылықтың белгісі.

Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаң өтті. Алтын басы қор болып, аша тұяғы қалмады. Сонда үйелмелі-сүйелмелі өз балаларының аузына тосқан бір тостаған ағарғанын көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір-біріне қарайласып, жан бақты. Бір күлше нанын бөліп жеп, бір сиырдың сүтіне тоғайды. Қазақтың іргесі сетінемей, бүгінге жалғанғаны да мүмкін дәл осы көрші ақысының арқасы болар.

Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса көмегіңді аямау міндет саналады. Тіпті әлдебір шаруашылық жайыңызды, мысалы, монша, қора-қопсыны көршіңіздің келісімін алған жағдайда ғана салу – мұсылмандық. Ал егер көрші тарапынан оған қарсылық болса, белден басу жарамайды.

Қазақ халқының мақал-мәтелдері де Ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, халқымызда «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас. Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» деп шенейді. Сондай-ақ «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен» деп, жақсылықтың қайырымы тек жақсылыққа жеткізетінін меңзей келе, көршімен дұрыс мәміледе болсаңыз, ол да сізбен жақсы қарым-қатынаста болатынын білдіреді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Көрші өз үйінің қабырғасына көршісінің бөрене тіреуіне тыйым салмауы тиіс» (Бұхари мен Мүсілім) - деген.

Яғни, көршінің құрылысы үшін өзі үйінің, сарайының немесе қоршауының қабырғасын тірек етуге рұқсат беруі тиіс.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар тіпті үйді, жерді сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуды бұйырады. Мұны шариғатта «әш-шуфға» басымдық беру деп атайды. Яғни егер сіз үйіңізді немесе басқа да жылжымайтын мүлкіңізді сататын болсаңыз, бірінші кезекте көршіңізге хабарлауыңыз керек. Өйткені көршіңіздің ақысы басқаларға қарағанда басымырақ. Біріншіден, сіз көшіп кеткен жағдайда орныңызға қандай адам келетіні беймәлім. Жайлы көрші болмауы да мүмкін ғой. Екіншіден, сіздің босатқан орныңыздың есебінен көршіңіз өз қонысын кеңейтуі де кәдік.

Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көшеден өтіп бара жатқанда үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп, жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс.

Ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған. Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жәбірейіл (ғ.с.) періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқаны сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бұхари мен Мүсілім) деген.

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиян тигізбесін».

Әбу Шурайхтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаға ант, ол иман келтірмеді! Аллаға ант, ол иман келтірмеді!» - деп үш рет қайталайды. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ол кім?» - деп сұрағанда, «Оның зиян келтірмейтініне көршісі сенімді болмаған жан» (Бұхари), - деген.

Яғни, көршісінің сенімінен айырылған адам толық иман келтірген болып саналмайды.

 

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти

«Иман» журналы, №5, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру