Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мектеп салудың маңыздылығы

Ермек Мұқатай ШҚО, «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы 08.07.2019 6182 0 пікір

Мұсылман үмбетіне білім алу парыз екендігі баршаға аян. Қалың бұқараның мұсылман атауына лайықты деңгейде білімі болуы аса маңызды. Ал, иір-бұтақты ғұламалар Құран мен сүннетті һәм өзгеде ілім қайнар-көздерін терең игеріп, мұсылман қауымына шамшырақ болып, Хақ жолын нұсқай алуы тиіс. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде:

«Оқы! Раббыңның атымен оқы. Жаратқан Раббыңның атымен оқы!», – деп бұйырады.

Осы тұста, Алла Тағаланың алғашқы кәлам-шарифі бұйрық раймен «оқы» деп түскендіктен, дін ғұламалары мұсылман үмбетіне бұл фәниде оқып, білім алудың парыз екенін ескертеді. Сондай-ақ, Жаббар Хақ Құран Кәрімде: 

«Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» деп бұйырып,

бұқара халықтың білмейтін істің мәнісін білім иесі болған ғұламалардан сұрап білуі керек екенін алға тартады.

Ислам тарихында Меккедегі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандар дәріс алған Әкрам сахабаның үйі алғадай оқу орны ретінде көрсетіледі. Алғашқы «Әкрама» оқу ордасында сахабалар Аллаға иман келтіріп, Құран аяттарын жаттап, таухидпен қауышты. Ал, кейін мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда, онда «Асхаба-суффа» (сахабалар лашығы) мектебі құрылды. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Асхаба-суффада» білім алып, жан-жақты жетілген сахабаларды діни ұстаз ретінде өзге өңірлерге аттандыратын.

«Асхаба-суффа» түлектері (сахабалар) бейне Хақ діннің жер бетіндегі шырақшылары іспетті еді. Олар тікелей тәлімі мінсіз тәлімгер – Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) діни ілім алғандықтан, Құран мен сүннетті берік ұстап, исламды көпшілікке көркем түрде насиқаттаушы еді. «Асхаба-суффа» түлектерінің ыждаһатты еңбегінің арқасында Хақ дін қанатын кеңге жайып, алғашқы ғасырларда-ақ әлемнің бірнеше құрлығына тарап үлгерді.

Әмауилер (662-750) дәуіріндегі діни мектептерде негізінен Құран ілімі, араб тілінің грамматикасы мен тәжуид пәндерін оқытуға көбірек басымдылық берілді. Десе де, біртіндеп ислам әлемінде кәлам, фиқһ, хадис, тәпсір ілімдері дамып, жекелеген ұстаздар өз мектептерінде жан-жақты ислам ілімдерін үйрете бастады. Осы тұста, Басра, Куфа, Әндәлусия, Қорасан мектептері пайда болды. Аббаси (750-1258) дәуірінде медреселерде діни іліммен қатар дүниеуи пәндерді қосып оқыту қолға алынды. Муғтазали ілімі Аббаси мемлекетінің идеологиясына айналған (813-833) тұста, ежелгі Антика дәуірінің кітаптары тәржімаланды. Ислам әлемінде өркениеттік жарылыс (мұсылман ренессансы) орын алып, әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушт, Фахриддин Рази, Ибн Халдун, әл-Хорезми, Ибн Массара және т.б. әлемдік ғылымды дамытқан ірі ғұламалар тарих сахнасына шықты.

Орталық Азиядағы алғашқы діни мектептердің археологиялық зерттеулерге қарағанда Самани (875-999) дәуірінде ашылғандығы аңғарылады. Одан бұрын Мубайдийа қозғалысы (770-7780 жж) дәуірінде Жейхун мен Сейхун аралығында ислам дінін паш еткен зауия, текке, ханака секілді діни орындардың болғандығы күмән тудырмайды. Әйткенмен, Самани дәуірінде Мәураннахрда Ханафи фиқһ мектебі дамып, Бұқара және Самархан қалаларында өзіндік оқыту әдіснамалары бар «Садр», «Йадиийа», «Журжанийа» мектептері жұмыс істеді. Осылайша, Орталық Азияда Ханафи мәзһабының доминант болуына аталмыш мектептер мейлінше зор ықпал етті. Қарақан (944-1211), Ғазнауи (961-1186) дәуірлерінде де мемлекеттің қолдауына ие мектеп-медреселерде Ханафи фиқһ мәзһабы мен Матуриди ақида мектебінің негіздері оқытылды. Яғни, мемлекеттік қолдау көрсетілгендіктен, Ханафи-Матуриди құндылықтары Мәураннахр мұсылмандарының негізгі діни ұстанымын құрады.

Қарақан билігі тұсында ислам дінінің Орталық Азияға нық орнығуы одан кейінгі аймақта орын алған алмағайып тарихи үдерістерде Хақ діннің рухани мәселелер бойынша шешуші рөл атқаруын қамтамасыз етті. Қарақытай горханы Елуй Дашы (1142), найман билеушісі Күшлік (1211) және Шыңғысхан жасаған (1218) шапқыншылықтар қаншалықты дүлей болса да, Мәураннахрдағы мұсылманшылықтың сағын сындыра алмады. Керісінше олардың ұрпақтары Хақ дінге мойынсұнып, исламның қорғаушысына айналып жатты. Алтын Орда билеушісі Берке хан (1258-1266) Сарай Беркеде медреселер тұрғызса, Шағатай билеушісі Тоғлұқ-Темір хан (1358-1362) Жетісу мен Мәураннахр қалаларында діни оқу орындарын ашты. Алтын Ордаға Өзбек хан (1312-1342) билік еткен тұста, Хақ дін көшпелілер арасына тарап, көптеген мешіттер мен медреселер тұрғызылды. Ал, Шағатай ұлысының тізгінін Әмір-Темір қолға алған шақта, аймақта ислам діні қарыштап дамды.

Қазақ хандығы жеке шаңырақ көтерген XV-ХІХ ғасырларда Ташкент, Сайрам, Отырар, Яссы, Қарнақ, Сауран, Сығанақ, Сарайшық және т.б. шаһарларда медреселер жұмыс істеді. Қазақ хандары медреселерді қаржылық-материалдық тұрғыда қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық жерлерін уақфтық құжат етіп бекітіп беріп отырды. Мысалы, Еңсегей бойлы Есім хан (1598-1628) Қарнақ медресесін қаражатпен қамту үшін Қаратаудан ағатын өзендердің сағасын оның меншігіне берген еді. Әйтсе де, XVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ-Жоңғар қақтығыстары кезінде діни білім беру, мешіт-медресе ашу жұмысы ісі қарқынды бола алған жоқ. Есесіне Жоңғарларды түре қуып тастаған соң Қазақ даласында көптеген діни мектептеп ашылды. Бұл Қазақ даласының Ресей патшалығының бодандығына өту кезеңімен тұспа-тұс келген еді.

Атап айтар болсақ, Сырымбетте «Айғаным», Көкшетауда «Науан хазірет», Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгір хан «Орда», Ойылда «Досжан хазірет», Шалқарда «Аманғали ишан», Қызылжарда «Қызылжар», Орынборда «Хусайнийа», Тройцкіде «Рәсулийа», Баянауылда «Исабек ишан», Шыңғыстауда «Ескітам», Семейде «Ахмет Риза», Зайсанда «Қазақия», «Ғизатия», Алтайда «Абақия», Қапалда «Мамания», Әулие-атада

«Әбдіқадір», Шаянда «Аппақ ишан», Қаратауда «Қарнақ», Тереңөзекте «Қалжан ахун», Сарысуда «Ахмет Оразай», Маңғыстауда «Пір Бекет» және т.б. медреселер халық руханиятына қызмет етті.

ХХ ғасырдың басында заманауи тұрғыда жаңаша ойлана алатын Алаш Орда қайраткерлері тарих сахнасына шықты. Олардың барлығы алғашқы білімді жоғарыда аталған өңір-өңірлерде ашылған медреселер мен ауыл-ауылдардағы молдалардан алған еді. Діни іліммен ауызданғандықтан да Алаш қайраткерлері шын мәнінде халықтың жанашыры, елі үшін етінен ет кесіп беруге әзір зиялылар шоғыры болатын. Алаш қайраткерлері Қазақ халқы әлемдік өркениеттен кенде қалып қоймас үшін мектеп пен медресе ашуды ұдайы күн тәртібіне қойып, халықтың сауатты болу мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Алаш Орда үкіметі І Дүниежүзілік соғыс кезіндегі азаматтық соғыста жеңіліске ұшырағанымен, Алаш қайраткерлерінің көпшілігі жаңа құрылған Кеңес үкіметіне қызметке тартылды. Олар ауыл-ауылдардан мектеп ашу мәселесін әрдайым назарда ұстады. Нәтижесінде Қазақстанда сауатсыздықпен күрес күшейіп, өңір-өңірлерде мектептер ашылды. Халық жаппай сауаттанып, Қазақ елі әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігіне айналды.

Түйін: Мектеп пен медресе салу – екі дүниеде де игілікті һәм сауапты іс саналады. Адамзат баласы мектеп пен медреседе сауатын ашу арқылы қараңғылықтың пердесін серпіп, надандықтың көбесін сөге алады. Хакім Абай айтпақшы «Дүниенің ақиқатын денелеп болса да білу үшін» адам ең алдымен ілім-біліммен қарулануы керек. Онсыз күніміз қараң, болашағымыз бұлдыр.

Демек, мектеп пен медресе ашып, халыққа қызме етуді – дін жолындағы рухани күрестің (жиһад) төресі деп айтуымызға толық негіз бар. Олай болса, халқымыздың иманды кәсіпкерлері һәм істің тетігін білетін азаматтар еліміздің өңір-өңірінен мектептер мен медреселер ашуға ат салысуға тиісті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру