Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сәресі туралы 6 ақпарат

www.kazislam.kz 25.05.2019 7766 0 пікір

Сәресіні ішу – ислам шариғатындағы оразаны басқа сенімдегі ораза ғибадатынан ерекшелеп тұратын амал. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сәресіге тұрыңыздар. Себебі, біздің оразамыз бен кітап иелерінің (яһудилер мен христиандар) оразасының айырмашылығы – сәресі ішу» — деген.

Бұған дейін ауызашар әдебіне қатысты ақпараттармен бөліскен едік. Ал бүгін сәресіге қатысты бірнеше мәліметті назарларыңызға ұсынбақпыз.

Сәресіде береке бар

Ораза туралы хадистердің ішінде «Сәресіге тұрыңыздар. Сәресіде береке бар!» деген сүйінші хабар жиі айтылады. Тек Рамазан ғана емес, басқа уақыттарда да нәпіл, сүннет ораза ұстар болсаңыз, сәресі асын ішуге ерінбей тұрыңыз. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с.) уәде еткендей берекесі болғандықтан сәресін ішу денсаулығыңыздан бөлек дүние-тіршілігіңізге, ақіретіңізге де пайдалы болуы ықтимал.

Сәресіні кешіктіру

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Менің үмметім сәресіні кешіктіріп, ауызашарға асыққан сайын әрдайым жақсылықта» — дейді. Яғни, сәресіні мейлінше таң намазының кіруіне аз уақыт қалғанда ішіп, ауыз бекіту ләзім.

Алла Тағаланың рақымына бөленеді

Табараниден жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала сәресіні ішкен құлына рақым етеді» дейді. «Таңғы ас – Тәңірден» деп, бабаларымыз ертеңгі асын да, рақым-мейірімді де бір Алладан күткен болса керек.

Періштелер салауат айтады

Бір құрма болса да, бір жұтым су болса да ішіп, ауыз бекіткен жөн. Өйткені, хадистерде періштелердің сәресіге тұрған мұсылмандарға салауат айтатыны жөнінде баса айтылған.

Оразаны жеңілдетуші

Сәресіні ішкен адам мен ішпеген адамның күндізгі халі екі түрлі болады. Себебі, сәресіні ішу – бір жағынан денсаулыққа пайдалы әрі күндізгі оразаны жеңілдетуші. Хадисте: «Сендер өздеріңе түнгі намазға тұру үшін түсте ұйықтап, күндіз ораза ұстауларың үшін сәресі ішіп көмектесіңдер» — делінген.

Құрма жеу

Рамазан айының негізгі атрибуттарының бірі – құрма. Оның пайдасын көпшілік жақсы біледі деген сенімдеміз. Құрманың құрамында адамға күні бойына қуат беретін дәрумендердің бары әлдеқашан дәлелденіп қойды. Ал сәресіге құрма жеуді өсиет еткен Алла Елшісі: «Құрма – сәресіге нендей жақсы» — деген екен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру