Алланың дінін уағыздау, пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін насихаттау әрбір дін қызметкеріне міндет болып табылады. Әрі бұл амал - адамзаттың абзалы болған пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) сүннеті. Алла тағала Құран кәрімде:
وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ
Барлық пайғамбарлар Алла жолына, оған құлшылық қылып, Оған серік қосудан аулақ болуға шақырған.
Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:
مِنْ حَدِيثِ أَبِي هُرَيْرَةَ — رَضِيَ اللهُ عَنْهُ — أَنَّ النَّبِيَ — صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ — قَالَ: «مَنْ دَعَا إِلى هُدَى كان لَهُ مِنْ الْأَجْرِ مِثْلَ أُجُورِ مَنْ تَبِعَهُ، لَا يَنْقُصُ ذَلِكَ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئًا»
وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِّمَّن دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ
Алайда әр кез айтылған уағыз тыңдаушының жүрегіне жете бермейді. Бұған уағыздың сапасы, уағызшының бойында уағызшыға тән сипаттардың болмауы себеп.
1. Сырт келбетінің жарасымдылығы мен мінезіндегі тартымдылық.
Барша адамның назары уағызшы тарапында болатындықтан оның сырт келбеті мен мінезінде мін болмауы тиіс. Өйткені, өзгеге өнеге айту үшін алдымен өзі үлгі болуы қажет. Уағыз айтушының бойындағы бір кемшіліктің өзі басқаларды "Молдекеңнің өзі бүйтіп жатыр. Оның қасында біз кімбіз?!" деген оймен күнәлі істерге жетелеуі мүмкін.
2. Уағыздың жүйелігі.
Уағызшы уағызын тақырыпқа сай етіп, тыңдаушы тараптың деңгейін, оған бөлінген уақытты ескере отырып жүйелеуі тиіс. Уағыздың мазмұнын аша түсу үшін тақырыпқа сай аяттар, хадистер, ғибратты оқиғалар мен мақал-мәтелдер қамтылуы қажет.
3. Табандылық пен сенімділік.
Уағыз айтушы айтар уағызын тыңғылықты зерттеп, жан-жақты ой елегінен өткізіп алғаны жөн. Уағыз тақырыбын меңгермеу, жіті зерттемеу уағызшының бойында сенімсіздік тудырады, сенімсіздік дауыс ырғағына әсер етеді. Қала берді жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпей, тыңдаушының бойынан уағызға деген ынтаны азайтады.
4. Діни һәм зайырлы білімді игеру.
Діни сауаты жоқ адам уағызшы бола алмайтыны анық. Алла тағала Құран кәрімде:
قُلْ هَـٰذِهِ سَبِيلِي أَدْعُو إِلَى اللَّهِ ۚ عَلَىٰ بَصِيرَةٍ أَنَا وَمَنِ اتَّبَعَنِي
Сол секілді зайырлы білімді игермеген діни маманның да білікті уағызшы болуы екіталай. Яғни, адамның қазіргі заманда тек Құран аяттары мен пайғамбар хадистері негізінде ғана сөйлегені жеткіліксіз. Егер заманауи ілімдерден хабардар болмаса, ғылыммен дәлелденген құбылыстарға шариғи дәлелдерді сәйкестендіре алмаса, тыңдаушылар тарапынан қабылданбайды. Алла тағала Құран кәрімде:
اُدْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ
4. Ықылас.
Әрбір салихалы істі орындағанда қажетті шарттардың бірі – ықылас. Ықылас жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын білдіреді. Әр істі қолға аларда түпкі ниет маңызды болғандықтан, ықыласпен істелген іс барынша таза ниеттен туады. Хадисте Жаратушы Йеміздің тек өзінің разылығын қалап, ықыласпен істелген істерді ғана қабыл алатындығы ескертілген[6].
Алла тағала Құран кәрімде:
وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ ۚ وَذَٰلِكَ دِينُ الْقَيِّمَةِ
Жоғарыдағы Құран аятында «шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары» деген сөзден Аллаға бағытталған әрбір салихалы амалдың шынайы ниетпен Алла разылығын қалап жасау керектігін ұғамыз. Салихалы амалға мақтану, көрсету, өзін жоғары ұстау әрекеттері қосылса, ол амалдың сауабын жояды. Сол секілді ислам дағуатындағы мақсат белгілі бір топтың санын көбейтіп, белгілі бір ғалымның атын шығару болса, пайдасы болмайды.
5.Қоғамның түйткілді мәселелерін көтеру.
Уағыз барысында қоғамда немесе әлемде болып жатқан маңызды мәселелерді көтеру аса маңызды. Уағызшы қоғамның рухани дертін емдейтін дәрігер іспетті. Дәрігер адам ағзасындағы қауіпті аурулардың емін іздесе, уағыз айтушы имам да қоғамдағы аса қауіпті рухани індеттерге қарсы тұрады.
6.Шариғат шеңберінен де шықпай, ата заңды да аттамай.
Даналық бойына сіңген, білікті һәм кемеңгер уағызшы өгізді де өлтірмейді, арбаны да сындырмайды. Екі дүние бақытына жетелейтін Шариғат ілімін қоғамдағы барлық азаматтардың мүддесін ортақ қорғайтын ата заңға қарсы қоймайды. Осы тұрғыда уағызшы ҚМДБ бағытынан тыс жеке бағыт ұстанбай, әр айтар ойын Діни басқарма ұстанымына сәйкестендіріп отыруы тиіс. Бұл өз кезегінде тыңдаушыларды бірізділікке тәрбиелеп, сенімділігін оятады.
7.Ортамен санасу.
Уағызшы әртүрлі ортаға тап болады. Тыңдаушылары мешіттің сауат ашу курсынан тәлім алған намазхандар, жаңадан дінге бет бұрған жастар, студенттер, оқушылар, зиялы қауым өкілдері болуы мүмкін. Әрбір ортаның өзіне тән дәлелдері, мысалдары мен түйіндері болады. Сол үшін уағызшы тыңдаушы жамағатқа берілер мәлімет мөлшерінің деңгейін білуі тиіс.
8.Дәлелдің қуаттылығы.
Уағыз тыңдаушы жамағаттың бойында сенімділік ояту үшін дәлел келтіру барысында қуаттылығына мән беруі ләзім. Құран аяттарын келтірген кезде қай сүре, қай аят екені, хадистердің түп нұсқасының қайдан алынғанын, қуаттылық деңгейін, ол жайында ғалымдардың пікірін атап өткені жөн. Белгілі бір қиссаларды, ғибратты оқиғаларды айтқан кезде оның қай ғалымның кітабынан алынғанын хабардар етуі абзал. Егер тыңдаушылар тарапынан бір мәрте уағызшының дәлелдеріне күмән туындаса, немесе ол дәлелдің жалғандығына көзі жетсе, келесі уағыздары мүлдем қабылданбауы мүмкін.
[1] Әл-Әнбия сүресі, 25-аят
[2] Муслим хадистер жинағы
[3] Фуссилат сүресі, 33-аят
[4] Юсуф сүресі, 108-аят
[5] Нәхл сүресі, 125-аят
[6] Нәсәәи хадистер жинағы
[7] Бәина сүресі, 5-аят
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру