Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ 10 КҮНІ

Нұралы Бақытұлы muftyat.kz 30.03.2024 8725 0 пікір
РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ 10 КҮНІ

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Алла Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.

Ғұламалардың айтуынша, Рамазанның алғашқы он күні – мейірім, екінші он күні – кешірім және соңғы он күні – тозақ отынан азаттық. Рамазан – қасиетті ай. Оның қасиетті болуы ораза мен Құранға тікелей байланысты. Рамазан айында ораза ұстау балиғатқа толған, есті мұсылманға парыз.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айы ратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ол айда ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Тағала) сендерге жеңілдік қалайды, қиындық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят).

Рамазан айының Қадір түнінде қасиетті Құран түскен. Ал Қадір түні Рамазанның соңғы он күнінде жасы рылған. Міне, осы арқылы Рамазанның соңғы он күні алдыңғы онкүндіктерден абзал. Құранды Жәбірейіл періште түсіріп еді, ол ең ұлық періштеге айналды. Құран Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға түсіп еді, ол адамзаттың ардақтысы болды. Құран Кәрім мұсылман үмбетіне түсіп, ол ең қайырлы үмбет атанды. Құран Рамазан айында түсіп еді, ол он екі айдың сұлтаны болды. Құран Қадір түнінде түсіп еді, ол мың айдан да артық болды. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деген еді: «Рамазанның соңғы он күні кіргенде Пайғамбарымыз белін буатын, түнін (құлшылықпен) тірілтетін әрі отбасы мүшелерін оятатын еді» (Бұхари, Мүслим). Иғтикаф дегеніміз – бес уақыт намаз оқылатын мешітте ниет етіп, белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу. Ол Рамазан айының соңғы он күндігінің ішінде жасалынатындықтан, оразамен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Ханафи мәзһабындағы таңдаулы көзқарас бойынша, жамағатпен бес уақыт намаз оқылмайтын мешіттерде иғтикаф жасалмайды. Ал әйел баласы иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды. Алайда әйел баласы нәзір етілген уәжіп иғтикаф болса да, күйеуінің рұқсатынсыз жасай алмайды.

Иғтикафтың шариғаттағы алар орны айрықша. Құранда: «Сендер мешіттерде иғтикаф жасап жатып олармен (әйелдеріңмен) қосылмаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят), – делінген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет етіп келгеннен дәм-тұзы таусылғанға дейін әр жылы Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасаған. Иғтикафтың адамның жүрегін бір сәт болса да дүние істерінен тынық ырып, жандүниесін Жаратушыға тапсыру және Ұлы Аллаға басқа жерде емес, тап өзінің қасиетті үйі болған мешітте құлдық ұру, Оның берік қорғанын паналау сияқты пайдалары бар. Әсіресе Рамазанның соңғы он күнінде жасалған иғтикафтың осы он күннің біріне жасырылған мың айдан қайырлы Қадір түніне сәйкес келу мүмкіндігі мол.

Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) имам Нәсәи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі», – деген. Имам Бұхари өзінің «әс-Сахих» еңбегінде мына бір хадисті қамтыған: «Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға Қадір түнінің қай түнде екенін жеткізеді. Пайғамбарымыз бұны естіген соң сахабаларына хабарлау үшін, мешітке бет алады. Жолда екі кісінің бір-бірімен ұрысып жатқанын көріп, Пайғамбарымыз Қадір түні қай түн екенін ұмытып қалады». Міне осылайша, Алла Тағала Қадір түнін өз даналығымен әдейі ұмыттырды. Әбу Сағид (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында маған Қадір түні көрсетілген еді. Содан соң ол маған ұмыттырылды. Дегенмен оны (Рамазанның) соңғы ондығындағы тақ (түндерден) іздеңдер» (Бұхари) деген. Байқасаңыздар, Алла Тағаланың Қадір түнін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдымен білдіріп, сосын оны ұмыттыруында керемет даналық бар. Ол – Рамазан айының соңғы он күні мен түндерін құлшылықпен өткізуге тырысатынымыз.

Рамазанның соңғы он күнінде Қадір түнінің жасырылғаны себепті, ол аса маңызды. Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» (Ибн Мәжа) деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған. 

Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – Қадір түні. Ал ең қорқынышты түн – адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады. Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періште лердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады» (Ахмад). Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағанын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптеріне мол сауап жазып тұрады.

Қадір түні – жамандық азаятын, құлшы лық пен игі істер көбейетін түн. Қадір түні – тыныштық пен есендікке бөленетін, тозақ азабынан құтылатын түн. Құранда: «Бұл түнде таң атқанша (Алла Тағаланың) сәлемі жалғасады» («Қадір» сүресі, 5-аят) де лінген. Сондай-ақ Құранда айтылғандай, «Қадір түні мың айдан қайырлы» («Қадір» сүресі, 3-аят). Расынша Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 ай уақыт екен. Демек Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адамның өмірінде бір Қадір түніне дөп келуі бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді. Енді ойлаңызшы, Алла Тағала осындай мүмкіндік беріп тұрғанда құр жіберіп алу бос өмір сүргендей емес пе? Сондықтан Рамазанның сонғы он күнінде ең соңғы күнге дейін, сағатқа, тіпті минутқа дейін Алла Тағаладан «жүрегімізді мазалаған уайымымызды жеңілдет» деп, Өзіне апарар жолды көрсетуін, күнәмізді кешіріп, жақындарымызды жәннатпен сүйіншілеуін сұрауымыз керек.

Асыл дінімізде уақыттың құндылығы жайында аз айтылмаған. Ал Рамазан кезіндегі қымбат уақытты жоғалтпау аса маңызды. Мүбәрак айдың соңғы он күнінен береке мен ризық, екі дүниелік бақыт іздеген әрбір мұсылманға мына керемет үш кеңесті ұсынамыз. Біріншісі, әр түні мүмкіндігіңізше садақа беріп жүріңіз. Сонда берген садақаңыз міндетті түрде Қадір түніне тура түскен болып шығады. 83 жыл, төрт ай күн сайын садақа берген адамдай боласыз. Екіншісі, әрбір түні екі ракағат намаз оқыңыз. Қадір түніне сай келсе, 83 жылдан астам уақыт бойы әр түні намаз оқыған болып есептелесіз. Үшіншісі, әрбір түні «Ықылас» сүресін үш реттен оқыңыз. Құлшылығыңыз Қадір түніне дөп түскенде 83 жылдан аса уақыт күн сайын Құранды толық оқып шыққандай боласыз. Соңғы күннің әр сағаты мен әр минутында Алла Тағалаға дұға жасаңыз. Жүрегіңізді тазартып, күнәларыңыздан арылуды тілеңіз. Егер дұғаны ұмытып қалудан қорықсаңыз, ақ параққа үтір-нүктесін қалдырмай жазып алыңыз. Бұл – дұға жасаудың ең тиімді тәсілінің бірі.

Құран Кәрімде: «Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер жай табады», – деп баян етілген («Рағыд» сүресі, 28-аят). Алла Тағаланы еске алған адамның жүрегінде қайғы-мұң болмайды. Керісінше, Жаратушысын еске алмаған адамның жүрегі уайымға, қайғы-мұңға батады. Тіпті түрлі дертке шалдығып, жүректің рухани өлуіне себеп болады. Сондықтан мұндай сәт туғанда Аллаға жақындап, барынша құлшылыққа көңіл бөлу қажет. Өйткені кімде-кім ішін түзесе, Алла оның сыртын түзетеді. Пенде қашан ақыретін уайымдаса, Алла осы дүниесін түзетеді. Пенде қашан Алламен қарым-қатынасын нығайтса, Алла пендесінің адамдармен қарым-қатынасын дұрыстайды.

 

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Мұнара» газеті, №6, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру