Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ

Төлеби Оспан muftyat.kz 22.03.2024 862 0 пікір
ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАТЫН АЙ

Он екі айдың сұлтаны Рамазан – жақсылықта жарысатын қайырымдылық айы. Бұл айда басқа уақытқа қарағанда анағұрлым көбірек ізгілік пен жақсылық жасауға ұмтылған жөн.

Әли ибн Әбу Толиб (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында жәннатта сыртынан іші, ішінен сырты көрінетін (ғажайып сәулетті) үйлер бар», – дейді. Сонда бір бәдәуи: «Уа, Алланың елшісі! Ол үйлер кімге беріледі?» – деп сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сөзі жақсы, ас берген, ораза ұстаған және жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқыған адамға беріледі», – деп сүйіншілеген екен (Термизи).

Хадисте тізбектелген жақсы да ізгі амалдардың барлығы түгел Рамазанда жасалады. Мұсылман қасиетті айда ораза тұтумен қатар түнгі намаз, садақа беру және көркем сөзді болу құлшылықтарын қатар орындауға барын салады. Бұрынғы ғалымдар: «Намаз адамды жолдың жартысына дейін жеткізеді. Ораза Патшаның (Алла Тағаланың) қақпасына алып келеді. Ал садақа адамды қолынан ұстап, Патша құзырына кіргізеді», – дейді екен. Садақа – ғажайып ғибадат. Құлшылықтың шырайын келтіріп, күнәнің кешірілуіне үлкен шарапаты бар. Ғалымдардың «Садақаның қиындық пен пәлекеттің бетін қайтаруға айрықша әсері бар. Мейлі садақаны беріп жатқан пасық кісі болса да» деген тұжырымы бар. Асыл дініміз садақаны қоғамдағы қарыздану, материалдық қиындыққа тап болу сияқты мәселелерді шешудің бір құралы еткен. Сонымен қатар мақсатқа жетуге кедергі келтіретін және адамдармен қарым-қатынасты бұзатын дүниеқұмарлық пен сараңдық сияқты теріс әдеттен арылтудың таптырмас тәсілі еткен. Ең бастысы «марапаттау да, жазалау да іске сай болады» деген дін заңдылығы бар. Олай дейтініміз сараңдық пен дүниеқұмарлыққа тап болған адамның қиыншылығы да осы мінезінен туындайды. Ал қайырымды да, жомарттық танытқан адамның да ісі табысты, табысы берекетті болады.

Құран Кәрімде: «...Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады, Ол ризық берушілердің ең қайырлысы», – деген аят («Сәбә» сүресі, 39-аят) қандай жақсылық және қайырымдылық жасаса, оның қайтарымы бар екенін баян етуде. Құдси хадисте: «Уа, Адам баласы! (Жұртқа) көмек бер, Мен де саған жәрдем беремін», (Бұхари, Мүслим) – деп айтылған. Бұл адамдар бір-біріне мейірімді, жанашыр болу үшін қойылған иләһи заң. Адам ағайын-туысқа, көрші-қолаңға жәрдемін тоқтатпаса, оған Алладан келетін жәрдем үзілмейді. Көп жағдайда көмектесу тақырыбындағы насихаттар қаражаты немесе танысы бар адамға қатысты деп ойлап жатамыз. Бұл – қате пікір. Көмектесу үшін бай-дәулетті, қалталы болудың қажеті жоқ. Ең бастысы – жақсылық жасаймын деген ізгі ниет. Кейде
адам ақшаға емес, жылы сөзге, демеп-қолдауға зәру болады. Демек жақсылық ұғымын ақшамен өлшеу, оның аясын тарылту болып қалады.

Жылы сөз, түзу ойдан бастап жақсылықтың түрі көп. Кейде ақшаның емес, ақыл-кеңестің көбірек пайдасы тиеді. Мұндай кеңес алтынға бергісіз бағалы болады. Кейде дос немесе туысқанның күлімсіреп қал-жағдай сұрауы кісіге үлкен күш береді. Иығындағы уайым-қайғы жүгін сілкіп тастап, бойына жеңілдік сыйлайды. Сондықтан қасиетті Рамазанда ізгілікте жарысып, қолдан келген жақсылықтан аянып қалмау қажет.

Екі дүние сұлтаны Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанда ерекше көңіл бөлген жақсылықтары жайлы Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) еске алып былай дейді: «Алла елшісі адамдардың ең жомарты еді. Ол әсіресе Рамазанда Жәбірейіл періштемен кездескенде айрықша жомарт болатын. Жәбірейілмен Рамазанның барлық кешінде жолығып, Құран оқитын. Алла елшісі Жәбірейілмен кездескенде ескен желден де жомарт болатын», – деген (Бұхари, Мүслим). Имам Науауи (оған Алла разы болсын): «Бұл хадистен көптеген өнеге алуға болады. Хадисте Алла елшісінің асқан жомарт екені айтылуда. Рамазанда жомарттықты көбейту құп саналатыны, ізгі және жақсы адамдармен кездескен соң, олармен басқосудың әсері ретінде жақсылық және жомарттық жасау, Рамазанда Құранды дәріс етіп оқып үйрену», – деген екен (Науауи, Сахих Муслимге шарх, 15/69). 

Имам Шафиғи: «Жұрттың Алла елшісін өнеге тұтып, Рамазан айында ерекше жомарт болуын құп көремін», – деген болатын. Жыл он екі ай қайырымдылық және жомарттықпен айналысатын адамдар Рамазанда өзгелерден артық белсенді болған жөн. Ибн Ражаб (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыздың Рамазан айында ерекше жомарт болуының көптеген өнегелік тұсы бар. Соның бірі – маусым шарапаты және жақсылық сауабының еселенуі. Ораза тұтқан, түнгі намаз оқыған және Құран тиләуат еткендердің құлшылығына (ас-су және садақа беріп) жәрдемдесу. Жәрдемдескен кісіге де солар алғандай сауапқа лайық болады», – деген (Ибн Ражаб, Латоиф Мағариф, 166-бет).

«Ораза неге парыз етілген?» деген сұраққа бұрынғылар «Бай-дәулетті адамның аштықтың дәмін сезіну үшін, аш-жалаңашты ұмытпауы үшін» деген екен. Әрине бұл – оразаның мың бір сырының біреуі ғана. Табиғин, хадисші ғалым Ибн Шиһәб Зуһри (оған Алла разы болсын): «Шын мәнінде, Рамазан – Құран тиләуат ететін және ас беретін маусым», – деген екен. Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Әбу Сулайман (оған Алла разы болсын) Рамазан айы бойы бес жүз кісіге ауызашар және сәресі беретін. Рамазан айынан кейін айт күні бес жүз кісінің әрбіріне жүз дирһамнан беретін. 

Неліктен мұсылмандар рамазанда көбірек садақа беруге тырысады? Өйткені сахаба Әнас ибн Малик (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Ең абзал садақа – Рамазандағы садақа», – делінген (Термизи). Неліктен Рамазанда садақаға басымдық береді? Өйткені бұл – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен өнеге. Қоғамдағы көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар және білім жолындағы шәкірттер, басқа да белгілі топтар жәрдемге мұқтаж. Сонымен қатар садақаның оразаны толықтырушы қасиеті бар. Ораза күндері мейлінше сөз бен іс-әрекетті түзу ұстауға дағдылану қажет. Десе де адам баласы болған соң, қателіктер орын алып жатады. Оразаны қате-кемшіліктен тазалап, мейлінше кемел ете түсетін ізгілік – садақа беру. Рамазандағы пітір садақаның сыры да сол.

Оразада көбірек жасалатын жақсылықтың тағы бірі – ауызашар дастарқанын жаю. Құран Кәрімде: «Өздері мұқтаж болып тұрса да, пақыр-міскінді, жетім мен тұтқынды қуана-қуана тамақтандырады. Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз», – деп баян етілгендей («Инсан» сүресі, 8-9 аяттар), сахаба мен табиғиндер дастарқан жайып дәм беруге, ас таратуға ерекше ынталы болған. Ас беру дегенде кедейлер ғана меңзелмейді. Жолаушы, жақсы адамдарға да дастарқан жаю – сауапты іс. Хадисте: «Уа, халайық! Сәлемді дауыстап беріңдер, ас таратыңдар, туған-туыспен араласыңдар! Жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқыңдар, сонда амандықпен жәннатқа кіресіңдер», – делінген (Термизи).

Абдулла ибн Омар, Дауд әт-Таи, Малик ибн Динар, Ахмед ибн Ханбал сияқты ізгілер ораза кезінде ауызашар асын мұқтаж және жетім-жесірмен бөліскенді құп көретін. Олар: «Кімде-кім ораза тұтқанға (дәм беріп) ауыз аштырса, оған дәл сондай сауап бар. Одан ораза тұтқанның сауабы ешбір кемімейді», – деген хадисті (Ахмед, Насаи) басшылыққа алатын. Ендеше, тұтас он екі айдың төресі қасиетті Құран айы Рамазанда жақсылық жасаудан шаршамаңыз. Сіздің жақсылығыңыз – Құран айына деген шүкірлік, қоғамның түзелуіне қосқан үлесіңіз. Ең бастысы, адамдарға жасаған жақсылығыңыздың сауабы сізге еселеп қайтады.

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

«Иман» журналы, №3, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру