Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОРАЗА – ОТЫЗ КҮНДІК МЕДРЕСЕ

Ержан Төлепов muftyat.kz 07.04.2023 4913 0 пікір
ОРАЗА – ОТЫЗ КҮНДІК МЕДРЕСЕ

Рамазан – рухани тәрбие алатын ай, бейнелеп айтқанда, отыз күндік медресе. Бұл айда Аллаға жақындауды ниет етіп, ауыз бекіткен адам рухани азық алумен қатар мінезі мен өмірін өзгертеді. Осы ретте оразаның рухани пайдалары жайлы айтып кеткенді жөн көрдік.

Ораза – ашудың қалқаны. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді» («Әли-Имран» сүресі, 134-аят).

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Кім осы төрт жағдайда: көңілі қалағанда, қорыққанда, бойын шаһуат билегенде және ашу қысқанда өзін-өзі ұстай алу қасиетіне ие болса, Алла оны шайтаннан сақтайды және тозақ отын харам етеді» деген. Шын мәнінде, оразаның сауабынан үміт етіп, ауыз бекіткен адам осы сипаттарға ие болады. Оның шаһуатын да, ашуын да, көңіл қалауын да басатын – ораза.

Ораза – тілді жамандықтан сақтайтын құлшылық. Адамның қадірін арттыратын да, қашыратын да – тіл. Адам баласы дұрыс сөйлемегеннен көптеген қателіктерге ұрынады. Бұл қателіктер күнәға итермелейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам баласының көптеген қателіктері тілінің кесірінен» деп ескерткен.

Сондықтан тіл оразасына аса сақ болғанымыз жөн. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде былай делінген: «Бес нәрсе оразаны бұзады. Олар – өтірік айту, ғайбат айту, өсек тасу, жалған ант ішу, шаһутпен (құмарлық) арам нәрсеге қарау»; «Кімде кім ауыз бекіткенімен жалған куәлік беру, жалған айтуын қоймаса, оның ішіп-жеуді тастағанының еш қажеті жоқ».

Ораза – қанағат пен ынсапқа тәрбиелейтін құлшылық. Иә, ораза кезінде барлық нәрсенің, өзіңде бар нығметтердің қадірін түсінесің. Тойымсыздық – адам баласын рухани тұрғыдан аздыратын жаман сипаттардың бірі. Адам ораза кезінде, керісінше қанағатшылдыққа, ынсапты болуға дағдыланады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құдайдың бергеніне разы болсаң, ең бай адамның бірі боласың»; «Ақиқатында, қанағатты ту еткендерді Алла Тағала байытады» деген.    

Ынсапсыз адам дүниеге тоймайды, барға қанағат етпейді. Хакім Абай өз өлеңінде: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп жырлайды. Осы «бес дұшпан» адамды ынсапсыздыққа душар етеді. Ал ораза ұстаған адам оның сауабын үміт ете отырып, өсекке, өтірікке, мақтаншақтыққа жол бермеуге тырысып бағады.

Ораза – қайыр-садақа беруге үйрететін құлшылық. Әлемдегі барлық жаратылыс сіз бен біздің игілігімізге берілгенімен, бүкіл жаратылыстың, бүкіл байлықтың Иесі Алла екенін ұмытпауымыз тиіс. Сондықтан Хақ Тағала бізге дүние берсе, Алланың берген нығметтеріне шүкір етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беруіміз керек. Бұған байланысты Құранда: «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» («Зарият» сүресі, 19-аят) деген.

Бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қай садақа қайырлы?» деп сұрағанда: «Рамазан айында берілген садақа» деп жауап берген екен. Сондықтан осы айда мүмкіндігінше мұқтаж жандарға көмектесіп, олардың алғысы мен батасын алуға асыққан абзал. Ораза кезінде ауыз бекіткен жандар мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестірсе, ал жағдайы бар жандар зекетін береді.

Садақа беру жай ғана сауапты амал емес, оның тағы бір ерекшелігі – Алланың ашуын басуы. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алл елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады».    

Ораза – мұсылмандарды бауырластыратын құлшылық. Ораза ұстаған адам аштықты сезініп, кедей-кепшіктердің жағдайына, яғни олардың күйіне енеді. Осының нәтижесінде мұсылмандар арасында мейірімділік, бауырмалдық сынды қасиеттер көрініс табады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады» деген. Ораза кезінде қаншама адамдардың аштықта өмір сүріп жатқанын түсініп, олармен бірге екеніңді сезінесің, қолдан келіп жатса өз көмегіңді бересің.

Ораза – тәубе жасайтын сәт. Адам баласы періште емес. Адам нәпсісі оны үнемі жамандыққа шақырып, жаза басып кетуіне итермелейді. Соның салдарынан адам баласы қателесіп кетуі мүмкін. Пенденің әлсіздігін білген Алла Тағала қияметке дейін құлдары үшін тәубе есігін айқара ашып қойған. Адам тәубе ету арқылы күнәсынан арылып, Алланың кешіріміне ие болуға мүмкіндігі бар. Тәубе сөзінің мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдіреді. Ал оның шариғи мағынасы: пенделікпен жасаған күнәға шынайы өкініп, оны қайталамауға бел буу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлық Адам атаның балалары – қателесуші. Солардың ішіндегі ең жақсылары – істеген қателіктері үшін тәубе ететіндері» деген. Рамазан тәубе ету айы болғандықтан, осы айда көбірек Алладан кешірім сұрап, жасаған қате-кемшіліктеріміз үшін шынайы өкінуіміз керек.    

Ораза – шүкір ететін сәт. Біз кейде күнделікті ішіп-жеп жүрген ас-суымыздың қадірін білмеуіміз мүмкін. Алланың күнде беріп жатқан нығметінің қадірін білу үшін ораза ұстау керек. Ораза ұстаған адам ғана бір жұтым судың қадірін түсінеді. Сондықтан үнемі тіліміз арқылы шүкір айтып жүргеніміз жөн болмақ. Алла Тағала Құранда: «Раббыңның нығметі туралы айтып жүр» («Зуха» сүресі, 11-аят) деп бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың берген нығметін айтып жүрудің өзі – шүкірлік» деген.

Әрбір нығметтің Алладан берілетіндігіне және адамдардың әрекеті ғана себепкер болатындығына кәміл сену – жүрекпен жасалатын құлшылық. Адам баласын Алла жаратты. Бұл бәрімізге белгілі нәрсе. Демек, адамға берілетін әрбір артықшылық пен түрлі нығметтер де Алла тарапынан беріледі. Бұған да кәміл сенуіміз керек. Алайда адам баласы бұл нәрсені жиі естен шығарады. Соның нәтижесінде ризықтың қайдан келіп жатқанын ұмытып, қандай да бір жетістікке жетсе, соған өзі қол жеткізгендей күй кешеді. Ал мұсылман баласы өмірдегі барлық нығметтерінің Алладан келетінін мойындап, Оған ғана бойсұнады. Осындай саналы ойдың нәтижесінде оның Аллаға деген шүкірі көбейеді.    

Алла Тағала баршамыздың шүкірімізді көбейтіп, оразада жасаған әрбір ізгі амалдарымызға мол сауаптан жазғай. Әмин!

 

Ержан ТӨЛЕПОВ,

Түркістан облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру