Адам баласын бес күн жалған өмірде қадірлеп, сыйлағанымыз секілді, жалған өмірді тастап, ақыретіне бет түзеген күннен бастап, рухын қадірлеп, мұсылман деген атын ардақтайтынымыз тағы бар. Бұл сонау ғасырлар бойы бабаларымыздың берген тәрбиесі, қалыптастырған жолы арқылы күні бүгінге жетті. Әлі де бұл тәрбиелік жолымыз, өткендеріміздің әруағына дұға бағыштау секілді сауапты іс жалғасын таба бермек.
Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рух шәрифіне құрметіміз қандай жоғары болса, «Алланың құлы, Мұхаммедтің үмметімін» деп өткен жандарды да есімізден шығармай, ұрпағы мен ағайыны болып атынан садақа дастарханын жайып, рухына сауабы тисін деген ниетпен Құран бағышап, игі істерді жалғайтынымыз ақиқат. Өкінішке қарай тәуелсіздік алып, енді ғана етек-жеңімізді қымтай бастаған тұста іргемізді сөгіп, ағайындығымызға сызат салғысы келіп, қой терісін жамылған ағымдар төбе көрсетті.
Дінге жаны ашыған кейіпте көрінген жат ағым өкілдері біздің дінмен етене ұштасып жатқан дәстүрімізге қарсы тұрып, қоғам арасында «бидғат» деген түсінікті көтерді. Бидғат деген не? Бидғаттың тілдік мағынасы «жаңалық», «жаңалық енгізу», «жаңа нәрсе», «кемел дінге енген жаңалық» дегенді білдіреді. Әйгілі ғалым Ибн Хажар әл-Асқалани (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында болмаған іс - бидғат. Алайда оның жақсысы да, оған қарама-қайшысы да бар. Исламдағы жаман болған бидғат - шариғатта негізі жоқ нәрсе, ал шариғатта негізі болса, ол рұқсат етілген нәрселерден саналады», - десе, Ислам ғұламасы-тарихшы Ибнул Әсир (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ән-Ниһәя» атты еңбегінде: «Бидғат екі түрлі болады: тура жолдан болып саналатын, адасудан болып саналатын», - деп айтқан.
Егер жасаған дүние Алла және Оның Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әмір еткен іске қайшы болса, онда ол - құпталмайтын іс. Алла Тағала мен Пайғамбарының айтқан сөздерінің жалпы ережесіне қосылса, қайшылық тудырмаса, шариғаттан алар негізі болса, онда ол құпталатын іс саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет (жол) бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді. Ал кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өз күнәсінің және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәларының ауыртпашылығын көтереді, ал бұл олардың күнәларының ауыртпалығын еш азайтпайды».
Ал теріс ағым ұстанушылар шариғаттың емес, өз сенімдерінің көзқарасына теріс көрінгеннің бәрін «бидғатқа» балап, дәстүр ұстанғанды дінсіздікке апарып тастады. Бұл ұстанымдары тұтас мұсылмандардың арасына бүлік салып, қазақ қоғамына сызат түсіріп, алауыздық отын тұтатты. Бітпейтін дауға апарған тақырыптың бірі – жеті шелпек пісіру, әруаққа Құран бағыштау, сауап ниетімен садақа дастарханын жаю секілді тәрбиелік танымдарымызды бидғатқа шығарып, яғни дінде жоқ амал, мұны жасағандар адасушылар деп айып таға түсті. «Білімсіздік құзға жетелейді» деген осы. Діни ілімі саяз жандарды пайдаланып, халық арасына күдікті ой туғызып, елді игі амалынан ажыратып, бірлігін бұзып, ұлттық болмысынан жұрдай ету – перде артындағылардың жымысқы мұраты. Демек бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисте: «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалының барлығы тоқтайды. Тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі немесе оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы», – делінген. Хадисті негізге алған бабаларымыз салиқалы ұрпағының күллі ізгі амалына қуанып, қолдау көрсеткен. Ата-анасын барында бағалағаны секілді, дүниеден өткеннен кейін де садақа дастарханын жайып, өткендеріне Құран бағыштап, Алладан береке тілеп, көптің батасын алуды жөн іс көрген. Салиқалы ұрпақ – міне осындай жақсы амалдарымен ізгі іс жасап, өнеге көрсететіндер.
Сахаба Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай деп риуаят етеді: «Бір кісі Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Атам қайтыс болды. Артында мал-дүниесі қалды. Алайда малы туралы ешқандай өсиет қалдырмады. Мен ол кісінің атынан садақа берсем, сауабы тие ме?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», – деп жауап берді». Бұл риуаяттан дүниеден өткен жақыныңның атынан садақа беру сауапты іс екенін көреміз.
Қазақ халқы мұсылмандық үрдіспен, ата дәстүрімен дүниеден өткен жақынын еске алып, ас садақа жасап жатады. Еске алады, Құран бағыштайды, құрбан шалып, садақа етеді. Қолындағы бар мүмкіндігімен садақа еткенді жөн көреді. Сондай садақаның кең етек алған түрі – марқұмның рухына арнап, дастарқан жайып, ағайынның батасын алуы. Мұны да садақа деп түсінуіміз керек. Сахабалардың бірі Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай деген: «Елден жырақта жүрген кезінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болды. Анамның атынан садақа берсем, оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», - деді. Сонда Сағид (оған Алла разы болсын): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».
Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе?! Оны үстіне елі шалғай қанша ағайын бар. Жаназасына келе алмаған ағайын жетілігі, қырқы, жүзі немесе жылдық асына келіп, төбе көрсетіп жатады. Міне, осындай кеуіл-қошын білдіре келген туыс-ағайынға ас дастарқанын жайып, құрмет көрсетіп, алыстан келген жанның дұға-тілегін алып жатамыз. «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли» деген сөз осыдан қалса керек.
Ас садақа дастарқаны мақтаныштың сипаты емес. Сауапты істің түрі, яғни нәпіл садақа деп атасақ та орынды. Жағфар ибн Әбу Тәліптің үйінде қазалы жағдай болғанда Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз: «Жағфардың отбасына тамақ жасап беріңдер! Олар басымен қайғы болып қалды», - деп айтқан өсиеті бар. «Қазалы үйде қазан көтерілмесін» деген сөз осындайға айтылған. Мұндай кезде марқұмның көршілері жақынынан айырылып отырған үйде мазаламау үшін алғашқы күндердегі садақа дастарқанын өз мойнына алған. Бұдан кейінгі қырқы, жылы секілді сәттерінде де садақа дастарқанын жасап отырған. Сондықтан дәстүрдегі дүниелердің бәрін бей-берекет жаман (бидғат) деп санамай, тереңіне бойлап, ақыл-санамен таразылаған жөн. Бабаларымыздың имандылыққа, тәрбиелікке, руханиятқа негіздеп қалаған осынау ізгі амалдарын жоғалтпау саналы ұрпаққа аманат болмақ.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда қалалық «Мүсірәлі ата»
мешітінің бас имамы
Мұнара газеті, №3, 11.02.2025
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ
Мұнара газеті, №3
21.08.2026
53
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру