Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ҚОЛЖАЗБАЛАРДА ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚАТТАЛҒАН
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Расында көне қолжазбалар мен сирек кітаптар – халықтың тарихи жадын, рухани болмысын және мәдени сабақтастығын сақтап тұрған баға жетпес мұра. Ғасырлар қойнауынан жеткен жазба жәдігерлерде қазақ халқының тарихына, әдебиетіне, тіліне, дініне және дүниетанымына қатысты құнды мәліметтер жинақталған. Бұл мұралар тек өткеннің куәсі ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани дамуын айқындайтын маңызды дереккөздер екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан оларды анықтау, сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі саналады.
Қазақ халқының жазба мұраларының едәуір бөлігі әлемнің түрлі мемлекеттеріндегі мұрағаттар мен кітапханаларда сақталса, олардың маңызды бір бөлігі еліміздегі ғылыми және мәдени мекемелер қорларында жинақталған. Солардың ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының байлығымен ерекшеленеді. Қорда араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған көптеген қолжазбалар мен көне басылымдар сақталған. Бұл жәдігерлердің басым бөлігін діни-дидактикалық, діни-танымдық және діни-канондық мазмұндағы еңбектер құрайды.
Аталған қолжазбалар мен сирек кітаптар қазақ даласындағы дәстүрлі діни білім беру жүйесінің қалыптасуына, ұлттық діни танымның орнығуына және рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі ықпал етті. Олардың қатарында Құран тәпсірі, Пайғамбар хадистерімен қатар «Қисас әл-әнбия», «Салат-и Масғуди», «Миғраж ән-нәби», «Тазкират әл-аулия-йи турки», «Сабат әл-ғажизин», «Шарх-и Сабат әл-ғажизин», «Маслак әл-муттақин» секілді еңбектер бар. Бұл шығармалар ғасырлар бойы дәстүрлі медреселерде оқытылып, қазақ қоғамындағы діни сана мен рухани мәдениеттің қалыптасуына негіз болды.

Сонымен қатар түркі әлемінің рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын танытатын «Диуан-и хикмет», «Рисала-йи хазрет-и Султан», «Насаб-нама», «Хикмат-и Құл Сулайман Ата» секілді қолжазбалар түркі халықтарының діни-философиялық дүниетанымын зерттеуде ерекше маңызға ие. Бұлардан бөлек діни дастандар мен қиссаларда Пайғамбарымыздың өмір жолы, сахабалар мен әулиелердің өнегелі қызметі кеңінен баяндалған. Алғашында қолжазба күйінде таралған бұл мұралар кейін тасбаспа және литографиялық басылымдар арқылы халық арасына кеңінен таралып, ұлт рухани кеңістігінің тұтастығын қамтамасыз етті.
Ұлттық кітапхана қорындағы түркі тіліндегі қолжазбалардың каталогын әзірлеу жұмыстары да осы тарихи-рухани мұраны сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қолжазбаларды ғылыми тұрғыдан сипаттау, жүйелеу және каталогтау олардың ғылыми айналымға енуіне мүмкіндік береді. Зерттелген және ғылыми айналымға енгізілген қолжазбалар қазіргі руханияттың дамуына қызмет етіп, тарихи сабақтастықтың сақталуына ықпал етеді.
Қолжазбаларды сақтау мәселесі тек ғылыми зерттеумен шектелмейді. Оларды реставрациялау, қайта қалпына келтіру, цифрландыру және келешек ұрпаққа жеткізу де аса маңызды міндеттердің қатарында. Осы бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ислам ғылыми-зерттеу институты құрылып, дәстүрлі діни мектеп өкілдерінің еңбектерін, сирек кітаптар мен қолжазбаларды зерттеу, жариялау және ғылыми айналымға енгізу бағытында жұмыстар қолға алынды.
Қысқа уақыт ішінде Институт тарапынан қазақ дін ғалымдарының он беске жуық қолжазбасы мен сирек кітаптары қазіргі ғылыми талаптарға сай исламтанулық тұрғыдан зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді. Олар көп томнан тұратын «Рухани мұра» сериясымен жарық көрді. Сонымен қатар өткен жылдың қараша айында Институт жанынан «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қоры ашылды. Қазіргі таңда қорда ұлт тарихы, мәдениеті мен руханиятына қатысты екі жүзге жуық қолжазба мен сирек кітап сақтаулы. Олардың арасында бірегей әрі ғылыми құндылығы жоғары нұсқалар да кездеседі.

Бүгінде қордағы материалдарды жүйелеу, ғылыми сипаттау, каталогтау және классификациялау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты республика көлеміндегі үш мыңға жуық мешітте мыңнан астам сирек кітаптар мен қолжазбалардың сақталғаны анықталды. Бұл жәдігерлердің көпшілігі арнайы сақтау жағдайларын қажет етеді. Осыған байланысты Институттың үйлестіруімен еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде сақталған сирек кітаптар мен қолжазбаларды анықтау, есепке алу және бір орталыққа жинақтау жұмыстары қолға алынған.
Соңғы уақытта мешіт жамағаттары мен жеке азаматтар тарапынан отбасылық қорларда сақталған көне кітаптар мен қолжазбаларды Институт қорына тапсыру жағдайлары да жиілеп келеді. Бұл халықтың тарихи мұраға деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Институтқа тапсырылған мұралар арнайы ғылыми сараптамадан өткізіліп, зерделеу және ғылыми сипаттау жұмыстарынан кейін қорға қабылданады.
Алдағы кезеңде Институт қорындағы барлық қолжазбалар мен сирек кітаптарды толық цифрландыру, олардың электронды каталогын әзірлеу және интернет желісінде көпшілікке қолжетімді ортақ ғылыми базаны қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл бастама ғалымдарға, қолжазбатанушы зерттеушілерге және жалпы жұртшылыққа құнды жазба мұралармен қашықтан танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке адамдардың қорларында және мешіт мұражайларында сақталған тарихи жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу, олардың мазмұнын кеңінен насихаттау жұмыстары да жалғасын табады.
Көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды жинақтау, сақтау, қалпына келтіру, зерттеу және цифрландыру жұмыстары ұлттық рухани мұраны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл саладағы кешенді жұмыстар отандық исламтану, қолжазбатану және деректану ғылымдарының дамуына тың серпін беріп, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Сондықтан қолжазба қорларын сақтау мен ғылыми айналымға енгізу ісі стратегиялық маңызы бар міндет болып қала береді.
Шығыстанушы-ғалым Әшірбек Муминов мүфтияттың «Мұнара» газетіне берген сұхбатында: «Құнды дүниелерімізді, бай мұраларымызды сақтап қалуға шұғыл түрде кірісуіміз керек. Тіпті, жеке адамдардың қолындағы қолжазбаларды сатып алсақ та оны сақтап қалуға тырысуымыз тиіс. Біз азаматтардың тарихты сақтап қалуға деген жауапкершілігін арттыруға барынша көңіл бөлуіміз керек», – деп дабыл қаққан болатын. Иә, бұл – өте маңызды мәселе. 

Өйткені бабалар мұрасы – ұлтқа аманат. Ғасырлар тереңінен жеткен қолжазбалар мен сирек кітаптар халқымыздың рухани жады мен тарихи санасының ажырамас бөлігі. Ұлттық кітапхана қорында сақталған түркі тіліндегі қолжазбалардың каталогын әзірлеу ісіне атсалысуымыз – өткеннен жеткен осы аманатқа деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі. Өйткені әрбір қолжазбада ұлттың тарихы, дүниетанымы, мәдениеті мен рухани құндылықтары қатталған. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана қорында құнды жазба жәдігерлер сақталған. Бұл қолжазбалық қор еліміздегі ең бай қорлардың бірінен саналады. Осы қордағы түркі тіліндегі қолжазбалардың Каталогын ИРСИКА, Ұлттық кітапхана және ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты тарапынан шығаруы үлкен зерттеулерге негіз болары анық.
Көне жазба мұраларды кітапхана қорларынан анықтап, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу – уақыт күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі. Себебі бұл жәдігерлер тек өткен дәуірдің куәсі ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани болмысын тануға мүмкіндік беретін баға жетпес дереккөздер саналады. Қолжазбалар зерттеліп, ғылыми сипатталып, кең ғылыми айналымға енген сайын олардың құндылығы артып, ұлттық руханияттың сабақтастығын нығайтуға қызмет етеді.
Сондықтан бабалардан жеткен асыл мұраларды жинақтау, сақтау, зерделеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу тек ғалымдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ парызы. Ал сол мұралардың ғылыми игілікке айналып, ел игілігіне қызмет етуі бабалар аманатына деген адалдықтың жарқын көрінісі болмақ.
«Мұнара» газеті
№14 21 шілде
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Мұнара газеті
23.07.2026
287
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру