Сыр-сұқбат
Ерғали Әбдірайымов, «Жігіттер» квартетінің продюссері:
ЖӘННАТ АНАНЫҢ АЯҒЫНЫҢ АСТЫНДА
– Ереке, Сіз құрған «Жігіттер» квартеті елімізге танылып үлгерді. Жуырда он жылдығына орай шығармашылық есеп беру кешін өткізгенде бірқатар телеарналар «сахна серілері» деп те атады. Репертуарында ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік және басқа да руханиятымызға қатысты тамаша әндер бар. Бұл таңдау текке түспеген болар?
– Бала кезімізде ауылдағы ақсақалдардың: «Бұл жалған өмір қалай тез өтеді» деп күрсініп отыратыны әлі есімде. Иә, уақыт сондай жүйрік екен. Ол кезде мұның байыбына бара бермейтінбіз. Осы жігіттер тобын алғаш құрып жүргенім кеше ғана сияқты еді. Есеп беру концертіне 25 әнді іріктедік. Көрген боларсыздар, оның жиырмасына сахналық қойылым көрсетілді. Бұл қомақты қаржыға түсті. Концерт бағдарламасына тыңдарман жылы қабылдаған, жүрегіне ұялаған халық әндері мен жастарға ғана емес орта және аға буындарға да өз кезінде ұнаған, сағыныш туғызатын елге, туған жерге, ата-анаға сүйіспеншілік пен құрмет сезіміне толы әндер таңдалды. Алма көшетін отырғызған бағбан төккен маңдай терінің нәтижесін оның өнімін жинағанда біледі ғой. Сол сияқты жігіттерімнің есеп беру концертіне қатысушы дүйім халық дүркін-дүркін дуылдата қол соққанда өз еңбегімнің ақталғанын сезініп, қатты толқыдым.
– Діни басқарма өткізген биылғы мәулітте сіздің жігіттер діни әндер орындады. Діндарларымыз насихатын жүргізіп жатыр ғой. Әйтсе де, өнер иелерінің әнмен діни насихатына атсалысуы көрерменге өзгеше әсер ететіндей...
– Діни басқарма ұйымдастырған биылғы мәуліт өз ойымнан шықты. Жастардың дінімізге деген ынты-ықыласына сүйсіндім. Аталмыш ізгі шараның сыйымдылығы Республика сарайынан әлдеқайда үлкен Балуан Шолақ спорт кешенінде өтуі, онда көрерменнің лық толуы осының айғағы. Халқымыз табиғатынан ән-жырға бір табан жақын. Дін насихатын ән-жырмен көмкеріп, жүргізу тыңдарманын баурай түседі әрі жүректен шыққан жүрекке жетеді. 5 мың орынды спорт кешеніне келушілер Аллаға мадақ, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауатқа толы әуезді әндерімізден тамаша әсер алды деп ойлаймын.
– Жігіттеріңіздің имандылыққа бейімділігі, бәлкім, жетекшісінен алған үлгісі болар. Сіздің имандылыққа бүйрегіңіздің бұратынына не себеп?
– Түстік өлкенің тау етегіндегі табиғаты әсем Түлкібас ауданындағы Күмісбастау ауылында көп балалы ата-ананың тәрбиесін көріп өстім. Ұлағатты тәрбие алған адамның халқымыздың руханиятына, ата-бабаларымыздың асыл дініне жақын болмауы мүмкін емес. Аллаға шүкір, жұма намазынан қалмаймын. Рия болмасын, жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға көмектесемін. Алла ниетіме жеткізсе, осы Алматының ауылдан келіп қоныстанған кілең қандастарымыз тығыз орналасқан ықшам ауданының бірінен мешіт салу үшін жер іздестіріп жатқан жайым да бар. Жігіттерімнің де қазақшылығы мол, иманды. Қолдарынан келгенінше жетім балалар мен қарттар үйлеріне қайырымдылық концерттерін беріп жүр. Қаладағы өтетін концерттерінің билеттерін соларға тегін де таратады. Айдар мен Ердос бес уақыт намазда. Ал, Бағлан мен Мырзаханның да намаз оқу ниеттері барын байқаймын. Репертуарымызды имандылық жайлы әндермен байыта түссек деген ниетімізді Алла тағала іске асырса екен деп тілеймін.
– Ислам мұсылман үшін ата-анаға құрметті ерекше орынға қояды...
– Айтпағыңызды түсіндім. Менің өз ата-анама қарым-қатынасым туралы білгіңіз келеді ғой. Иә, асыл дініміз перзентіне ата-анаға құрмет көрсетуді Алла тағаладан кейінгі екінші орынға қойған. Бұл туралы Абдуллаһ ибн Омардан имам Бұхари жеткізген хадисте былай делінген: «Алла Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, ашуы ата-ананың ашуында». Әкем Сайрамбай ұжымшарда көп жыл зоотехник болды. Мұнан он жыл бұрын дүниеден озды. Ал, Ілескүл анам өткен наурыздың 13-інде 75 жастан ашқан шағында көз жұмды. Өз қолымызбен арулап, елдегі әкемнің сүйегі жатқан зиратқа жерледік. 10 жылдан астам Алматыда қолымнан келгенінше күтімін жасап, разылығын алуға тырыстым. 75 жасын биылғы қаңтарда перзенттері, немерелері, шөберелері, жиендері, туған-туысқандары, жолдас-жораларымыз бас қосып, шамамыз жеткенше дүрілдетіп тойладық. Енді әр жұма сайын Құран оқытып жүрмін. Құран хатым да түсіргіземіз. Қайырымдылық пен ізгі амалдарымызды көбейте түсу ниетіндеміз. Перзенттерінің мұндай ізгі амалдары үшін алатын сауаптары кемітілмей ата-анасына да тиетінін, ондағы мәртебе-деңгейін көтере түсетінін білемін.
– Әркімнің анасы өзіне қымбат. Жалпы марқұм анаңыз қандай кісі еді?
– Бала кезімнен көріп, байқағаным, сегіз перзент тапқан аяулы анам жасы үлкен кісілердің алдын кеспей, қашан өтіп кеткенше жол шетінде күтіп тұратын. Үлкен кісілерге қазақы дәстүрмен иіліп сәлем беретін. Дастарқан басында да үлкен кісілер отырғанда алдына түсіп сөйлемейтін. Жалпы артық сөзге де жоқ еді, марқұм. Анамның мұндай өнегелі іс-әрекетін перзенттері үлгі тұтып ғана қоймай, бойымызға сіңірдік те. Мен сегіз пензентінің алтыншысымын. Бір-бірімізбен ағалы-інілі сыйластықта, әлі күнге қамқор болуға тырысамыз. Немерелері де осы тәрбиемен өсіп келеді.
Анамның бақилық болғанына әлі көндіге алмай жүрмін. Бөлмеге кіріп келетіндей, не жанымда отырғандай сезіледі. Көзіме қимастық жасы үйіріледі. Бұған дейін:
– Анасы бар адамдар,
Ешқашан қартаймайды, - дейтін әнді жүрегіммен сезінуші едім. Ал, енді?..
– Салиқалы әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұқбаттасқан Оңғар Өмірбек,
"Иман" журналының Бас редакторы
Cуретте: Ерғали анасы Ілескүлмен бірге
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.04.2014
6242
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру