Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тәртіп пен талап – сапалы білім кепілі

01.04.2014 6599 0 пікір

Сыр-сұхбат

Кенже-Әлі Мырзабаев,
ҚМДБ-ның имамдар білімін жетілдіру институтының директоры:

Тәртіп пен талап – сапалы білім кепілі

– Кенжеке, осы қызметке тағайындалған соң, жұмысыңызды неден бастадыңыз?

– Ойлап қарасам, еліміз тәуелсіздігін алған 1991-ші жылдан бері рухани астанамыз Түркістанда, кейінірек Алматы қаласының «Айша-Бибі», соңғы кездері «Төле би» мешітінде қызмет етіп келемін. Осының барлығын ой елегінен өткізіп, таразылаған болса керек ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Кенжеке, Осы уақытқа дейін біраз қызметтің басын қайырдыңыз, өмірден көрген-түйгеніңіз мол. Енді осы бай тәжірибеңіз мен біліміңізді жаңа қызметте сынап көрсеңіз», - деп үлкен сенім білдірген соң, ойланбастан бірден келісімімді бердім. Бұл өткен жылдың мамыр айының соңғы күндері болатын. Дереу жұмыс орныма барып, оқу ғимаратымен танысып шықтым да, ең бірінші күрделі жөндеу өткізу керек деген шешімге келдім. Ойымды басшылыққа жеткізіп, олардың қолдауына ие болдым. Осы кезде Рамазан айы да жақындап қалған болатын. Ең қызығы «Тастақ» мешітінің жанындағы 14 сотықтан астам жерді бірнеше жылдан бері дауласып енді ғана мешіттің қарауына өткізген болатынбыз. Ол жерге тездетіп бастырма салу да кезек күттірмейтін мәселе еді. Дегенмен, бір Аллаға тәуекел етіп, екі құрылысты да қатар бастап жібердік. Құлшылық үйіндегі 1 айға жоспарланған құрылыс жұмыстарын 15 күннің ішінде бітірдік. Бүгінде онда 2 мыңдай адам еркін сыйып, ғибадатын жасауда. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ал, институттағы күрделі жөндеуді 2 айдың ішінде толық аяқтап шықтық та жаңа оқу жылына имамдарды қабылдап үлгердік.

– Қысқа мерзім ішінде екі құрылысты қатар жүргізу қиын. Қаржы жағы қалай шешілді?

– Әрине, қаржылық мәселелерді шешу оңай болған жоқ. «Досы көпті жау алмайды» демей ме атам қазақ. Осындай қиын-қыстау кезде сол адал жора-жолдастарым қасымнан табылып, қолтығымнан демеді. Сөз орайы келгенде оларға сіздің басылымыңыз арқылы өзімнің үлкен ризашылығымды білдіремін. Алла Тағала кәсіптеріне береке берсін!

– Кенжеке, бұрын имамдарымыз 4 ай оқитын еді. Бұдан былай оқу мерзімі 2 айға дейін қысқартылыпты. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.

– Бұл мәселе бойынша ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына, сол кездегі оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековке өз ойымды айттым. Хазрет: «Бірінші топты 3 ай оқытып, сынап көрсеңіз қалай болады?» – деген соң қыркүйекте қабылданғандарды осы мерзім ішінде оқытып көрдік. Біз барлық мүмкіндіктерімізді саралай келе уақытты үнемдесек, қысқа мерзім ішінде сапалы білім беруге болатынына көз жеткіздік. Міне, қаңтар айынан бастап, оқуды 2-айға дейін қысқарттық. Өйткені, имамдарымыздың дені отбасылы. Олар барлық жұмыстарын, отбасын тастап 4 ай бойы Алматыда жүре алмайды. Оқу мерзімі 2 айға қысқартылғанымен, оқу сапасына еш әсерін тигізбейді. Өйткені, аптаның тек жұма күні ғана шәкірттерімізге демалыс, ал, қалған күндері сабақтарын одан әрі жалғастыра береді. Сондай-ақ, күнделікті сабақ сағаттарын да көбейттік. Оған қоса негізгі пәндерден беретін ұстаздарымызды осында тұрақтатып, түнде де алаңсыз білім нәрімен сусындатуына жағдай жасалды. Атап айтсақ, Құраннан Әбдіхалық Рахимов, фиқһтан Амангелді Тілекқабыл, услул-фиқһ пен услул-хадистен Бауыржан Әлиұлы, ақидадан Жасұлан Жүсіпбеков және т.б. білікті ұстаздар шәкірттердің күні-түні қасында десем артық айтқандық емес. Олардың еш алаңсыз тек қызмет етіп, еңбектенуі үшін 4 тұрақты ұстазымызға демеушілердің қолдауымен әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде жалақы белгіленді. Тағы бір ұстазды жұмысқа алсақ деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, биыл оқу бағдарламасына Қазақстан тарихы, шешендік өнер, информатика, психология сынды пәндерді де енгіздік. Бұл да заман талабы. Ал, негізгі діни пәндерді 54 сағатқа дейін ұзарттық.

– Оқу ғимаратын араладық, шәкірттерге барлық жағдай жасалғандай көрінді...

– Құдайға шүкір, бірінші Алла, екінші жаны жомарт демеушілердің арқасында имамдардың алаңсыз білім алуына бар мүмкіндікті қарастырудамыз. Жақында кір жуу бөлмесін ашып, кір жуатын машиналар сатып алынды. Күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі, 2-3 адамға арналған жатын бөлмелер, намазхана, мед-пункт бар. Таңғы астың мәзіріне бал қостық. Бұл олардың ойлау қабілетін жақсартуға септігі тиеді деген ойдамыз. Ал, аптасына бір рет балық беріледі. Бейсенбі күні моншаға апарамыз. Кейде шәкірттеріміз: «Мұндай тағамдарды үйде де жей бермейміз», – деп әзілдеп жатады. Осының барлығына айына небәрі 15 мың теңге ғана төлейді. Бұл қаржыны төлеу облыс пен өңір имамдарына жүктелген.

– Иә, шынында барлық жағдай бүге-шігесіне дейін қарастырылыпты. Оқу үлгеріміне деген талап та күшейтілген шығар?

– Талап пен тәртіп болмаған жерде белгілі бір нәтижеге жету қиын. Сондықтан да 2 айда оларға бар білгенімізді үйретуге тырысудамыз. Олардың білімін тексеріп отыру үшін аралық тесттер алып тұрамыз. Осылайша оқу үлгерімін бақылауға толық мүмкіндік туды. Ал, оқуды аяқтар кезде барлық пәндерден сынақ тапсырады. Сондай-ақ, тәртіпке де ерекше көңіл бөлудеміз. Себепсізден себепсіз 2 сабаққа қатыспаса, оқудан шығаруға дейін шаралар қолданамыз. Біздің мақсатымыз қысқа уақыт аралығында сапалы білім беру. Болашақта мүмкіндігінше республика бойынша барлық мешіт қызметкерлерін оқытып алсақ па деген ойымыз бар. Оларды білімдеріне қарай 4 деңгейге бөліп, оқыту келешектің еншісінде. Сондай-ақ оқуға қабылдану талаптарын да мейлінше күшейтпекпіз. Ең бірінші ҚМДБ тарапынан бұйрығы бар мешіт қызметкерлері ғана оқуға алынады. Кемінде Құранның 30-шы парасын жатқа білуі керек. Денсаулығының жарамдылығы жөнінде анықтама, соның ішінде өкпе-сінің жарамдылығын дәлелдейтін флюорография да талап етіледі. Әрине, мұның барлығы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауынсыз жүзеге асуы неғайбыл еді. Ол кісі бастамаларымызға барынша қолдау көрсетіп келеді. Ол үшін хазретке шексіз алғысымды білдіремін. Хазреттің тікелей жіберуімен Уфа қаласына барып, Ресей мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 225 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысып қайттым. Ал, имамдардың білімін жетілдіруге байланысты Мәскеуде өткен семинарға Бауыржан Әлиұлымен бірге барып, біраз нәрсеге қанығып келген жайымыз бар.

– Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Келешекке құрған жоспарларымыз көп. Соның ең маңызды дегендеріне ғана тоқталайын. Құдай қаласа, осы нысанның орнына заман талаптарына сай 3 қабатты жаңа ғимарат тұрғызсақ па деген ойдамыз. Онда имамдардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай толығымен қарастырылады. Жылына кем дегенде 200 мешіт қызметкерін оқытуды жоспар-лаудамыз. Ол үшін 2 айда 50 адамды білім нәрімен сусындату керек. Бұл оңай шаруа емес. Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы-ның айына 1 рет шәкірттерге дәріс беруі де көзделуде. Негізі бұл хазреттің өзінің ұсынысы.

– Қызықты әңгімеңіз үшін рахмет

Сұхбаттасқан Кеулімжай Құтты

Курстағы имамдар лебізі

Қарағанды облыстық орталық мешітінің наиб имамы Ескендір Қамбаров:

– Институтта тәртіп өте күшті. Сондықтан шығар имамдардың сабақ үлгерімі де жақсы. Күніне 50 минут-тан 6 пара сабақ өтеді. Түс қайта оқу аяқталысымен, келесі күннің дайындығына кірісеміз. Ислами пәндер-ден өзге шешендік өнер пәнінің де оқу кестесіне енгізілуі өте ұтымды болды деп есептеймін, - деп айта бергенде әңгімеге Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, «Қарнақ» мешітінің наиб иамы Шамат Бабаханов араласты:

– Имамның мешітте қызмет етуі үшін барлық білім берілуде деп айтуға толық негіз бар. Ақшам намазынан кейін кезекпен имамдар уағыз айтып, үйренгенімізді шыңдау үстіндеміз. Жамағатқа уағыз айту мен имамдарға насихат айту бөлек дүние екен.

Сырт көзбен қарағанда: «Театр киім ілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Оқу орына кіре берісінен байқағанымыз, институттың іші мұнтаздай тап-таза. Есік алдындағы кезекші емен-жарқын күтіп алып, жөн сілтеді. Шәкірттер екі топқа бөлініп, сабақтарын жалғастыруда. Ал, оқу ордасының директоры Кенже-Әлі Қоңыратбайұлы сұхбат бере салысымен Төле би мешітіне қарай аяңдады. Өйткені бесін намазының да уақыты жақындап қалған болатын. Онда Бас имамды қалың жамағаты күтіп отыр...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру