Жуырда «Балуан Шолақ» ғимаратында болып, ғаламат рух құшағында теңселіп, тербелгендей күй кештік. Бұл кешті көріп, тек пен рухтың, ел мен елдіктің, ұрпақ сабақтастығының ұлы тегеурінін танығандай болдық.
«Иә, Расулулла (с.а.с)» дейсің мәңгілікке қанат қақтырған сәтте, күллі әлемді сағыныш сазымен тербетіп. Дүниенің ішінде жүріп, бірақ сол мезетте дүниеден бөлек бір әлемге түскендей болдық. Өткінші дүние жұртымыздан һәм ондағы барлық күйбеңнен азат болып, ұстазымызбен бірге көңілімізді сол жаққа бұрып, алып-ұшып кеткендей әсерге бөледі.
Бір демде дін мен дәстүрімізді үйлестіре отырып, осыншама сезім, осыншама қуанышты жүрегінде иманы, жүзінде ары бар жамағатқа жеткізудің өзі оңай емес. Бұл кеште туған жұртымыздың дәстүрлі ән өнері терме, жырлары мен дінімізді қатар қабыстыра тірілтіп, жаңа өріске бастағаны жиылған жұрттың жүзінен-ақ байқалып тұрды.
Наиб мүфти, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз: «Бүгін біз адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер болған әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы тұлғасына арналған мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Алла тағала баршамызды бірлік-ынтымақтан, бауырмашылдықтан ажыратпасын», - дей келе, биылғы жыл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланғанын жеткізді.
Кеш барысында бүгінгі қоғамдағы мәселенің бірі жас отбасылардың ажырасыуына қатысты түйткілдің шешімі имандылықта жатқанын Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы тағылымға толы қойылымдар арқылы жеткізді. Көріністе қоғамымыздың күрең тартқан сұлбасы айқын бейнеленеді. Ол өмірге тән құбылыс деп ақталсақ та, шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ, өнер дауылпаздары біз бетпе-бет келуден қорқатын қоғамдық шындықты теңіздің бір тамшы суындай 5 минуттық көріністің ішіне сиғызып үлгерді. Осы идеяны бір отбасындағы жағыдаймен суреттеп келгенде, «мұсылман болсаң әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» деген түйінге еріксіз тоқтайсыз.
Сондай-ақ, биылғы мәуліттің басты ерекшілігі Пайғамбарымызға салауат айту алғаш рет ана тілімізде орындалуы.
Одан соң жамағатқа Алла елшісінің Пайғамбарлық жолын баяндайтын, адамның рухани дүниесін байытатын бейне фильмдер көрсетілді.
Пайғамбарымызға салауаттар айтылып, дәстүрлі, діни өлеңдер орындалды. Оған деген сағыныш пен қадірін сезіне түскендіктен болар, жүрек лүпілі бірде жиілеп, аспан көктен теңіз құйылғандай иләһи сезімге бөледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілігімен өткен кештің дәстүрлі бітімі, келісімі жүрек баурайтын сәттерге толы болды.
Қазақтың рухани жұрнағы ұлттық мұра ұлағаттары жаңа кезеңге қалай өткелі тұр. Оны жеткізушілер мен ілгері жалғастырушылар кімдер? Соның бірі – жастар болса олардың дінімізгі орны ерекше.
Мұндай игі шаралар ұйымдастыру төл тума дәстүрімізбен дінімізді жатсынып, жастарымыздың өзге құндылықтардың жетегінде кетпеуі үшін қажет екеніне тағы да бір көз жеткізе түстік.
Қалың нөпір халық миллиартаған жанның құрмет-қошеметіне, ыстық-ықыласына бөленген екі дүние сұлтанының киесін таныса танығандай екен.
Біз де Мәуліт кешінен үлкен әсер алып қайттық. Ұйымдастырушылардың тынбай тірлік еткені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Қаншама халық алғысын білдіріп, «туысқаным да осыны көрсе жақсы болар еді ғой» деген үкілі үмітпен келесі Мәуліт кешін асыға күткендей сезіммен қайтты. Олардың ішінде біз де бармыз.
Әсет БЕКТҰР,
журналист
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.02.2014
6774
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру