– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлын имам-молдалар бірауыздан Бас мүфти лауазымына сайлаған сәтте мүфтиятты толғандырған бір сауал болды. «Діндарлар мен діннен алшақтау жүрген аға-іні бауырларымыздың пікірін қалайша бір арнаға тоғыстырамыз?» деген сұрақ мазалады. Осы екі топ өкілдерінің ортақ көзқарасын қалыптастыру үшін Бас мүфтидің бастамасымен «Дін мен дәстүр»атты кітапты шығардық. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Осы кітаппен танысып шыққан дін мен дәстүріміздің жанашыры, халық жазушысы Шерхан Мұртазаақсақал: «Бүгінгі қазақ қоғамында дін жайлы түсінік пен пікір екіге жарылды. Бірі – Ислам арабтанудың алғышарты, қазақты жою десе, екіншісі, діни сенімді көрсоқырлық деп бағалады. Осы екі тараптың ойындағы сауалға ортақ жауапты «Дін мен дәстүр» еңбегі дәл бере алады. Бас мүфтидің күрмеуі күрделі мәселе мен таптаурын танымды ұлттық дәстүрмен жадағайлап, қазақ болмысына сай лайықтап түсіндіруі – қазақ діндарлары ұлттық шеңберде қызмет етуге қадам басқандығын аңғартты» деп, ізгі тілегі мен пікірін білдірді. Шерхан атамыз айтқандай, қазақ халқы әлмісақтан мұсылман, бірақ, араб болуға міндетті емес. Өзінің дүние танымына, тұрмыс салтына орайластырған құлшылық жолы, Хақты тану дағдысы бар. Оны осы қасиеттерден ажыратуға, басқа арнаға бұруға ешкімнің қақысы жоқ. Ал, біздер, мұсылман жамағаты ауызбірлікті ту етіп, діни басқарманың пәтуасы мен шариғат тәпсірлерін құлақ қоя тыңдап, құлшылығымызды жасайық. Міне, осылайша барша мұсылман қазақты дін мен дәстүрді ардақтауға үндеп, игі бастаманы қолға алдық. Бұл еңбек, Алла қаласа, тізбегімен жұртымызға жолданып отырады. «Дін мен дәстүр» – бірінші кітап. Осы сәтті пайдаланып, еліміздің ғалымдары мен тарихшыларын, дәстүртанушылар мен дінтанушыларды игі бастамаға үлес қосып, тың деректер ұсынуға, екінші кітаптың шығуына атсалысуға шақырамын. Жалпы, дін мен дәстүр – егіз ұғым. Бірі-біріне сеп болып, бірге тұтасқан қос арнаны бөле-жара қарауға болмайды. Жазу-сызу жақсы дамымаған даламыздың тарихындай болған бабалар сөзі – мейлі мақал-мәтеліміз болсын, мейлі жыраулар поэзиясы болсын, қай-қайсын алып қарасақ та, Құран мен хадиске сүйенген сүбелі ойға тап боламыз.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру