Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мухаммад әл-ЖИНДИ: ИСЛАМ ДАМЫҒАН ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ШАҚЫРАДЫ

Оңғар ӨМІРБЕК "Иман" журналы 24.01.2020 4290 0 пікір
Мухаммад әл-ЖИНДИ: ИСЛАМ ДАМЫҒАН ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ШАҚЫРАДЫ

– Құрметті ректор мырза, 2001 жылы ашылған еліміздегі бірден-бір діни жоғары оқу орнының өсіп-өркендеу жолы көз алдымызда өтті деуге болады. Мұны кезектесіп басқарған мысырлық ректорлар мен онда дәріс берген ұстаздар қауымының да бірқатары таныс. Сіздің де мұнда қызметке келгеніңізге көп уақыт өте қойған жоқ. Басшы ретінде белгілі бір мақсат және бағдарламамен келсеңіз, енді сонымен бөліссеңіз?

– Өзіңіз айтқандай, бұл университет – осы елдегі бірден-бір діни жоғары оқу орны, соған орай оған да артылар міндет те жауапты. Мақсатым – адамдарды екі дүниеде де жақсылық пен бақытқа жетелейтін ислам жолын үйретуді жүзеге асыру. Ислам адамдарды бұл дүниеде де, ақыретте де бақытқа жеткізу үшін келген, тек ғибадатқа арналған дін емес, өмір сүру қағидасы. Бұл –бірінші мақсат.

Екіншіден, ғұлама-ғалымдар арқылы бұл аймақ Исламға зор үлес қосты. Түлектеріміздің Қазақстан мен Орта Азиядағы Исламның алтын ғасырын қайтара алатындай дәрежеде болуын мақсат етемін. Білім бағдарламасына өзгерістер енгізуге тырыстым. Студенттердің көбі білім алуда жаттауға сүйенеді, біз бірінші орынға дінді терең түсініп, берілген мағлұматты тереңірек ұғынуды қоямыз. Құранды жаттап, ал исламды түсіну – негізгі міндет. Сондықтан, бағдарламамыз жаттауға емес, мүмкіндігінше түсінуге негізделген. Бәрімізге белгілі, Орта Азия мен Қазақстан ақидада Матуриди, фиқһта Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Бұлар ақыл мен нақылға, ой қорытуға сүйенеді, басқа мәзһабтардан ерекшелігі де осы. Біз студенттердің өз айтқанын түсінумен қатар, ойланып сөйлеуіне де баса көңіл бөлеміз.

– Қандай да бір мақсаттың қиындықсыз іске асуы мүмкін бе? Қиындық та бар шығар?

– Біріншіден, ашығын айтсам, ұстаздардың дені талапқа сай жоғары дәрежеде емес. Әрине, білім деңгейі жоғары қабілетті ұстаздар да бар, бірақ барлығы емес. Екіншіден, университетте дәріс берушілердің докторлық дәрежесі болғанын қалаймын. Магистр оқытушылардың тәжірибесі аздау. Бұл жүйе әлемдегі барлық университеттерде жүзеге асырылуда. ЖОО-да тек докторлар сабақ береді. Ал бізде ұстаздардың дені – магистрлар, бұл да қиындықтың бірі. Келесі қиындық дәріс беру әдістемелерінің анық болмауы. Оқытушының міндеті берілген елу минутты тек өткізу ғана емес. Оны: «Материалды студентке дұрыс жеткіздім бе?» деген сұрақ мазалауы тиіс.

– Діни мамандар дайындау барысында жергілікті қазақ халқында қалыптасқан дәстүрлі діни бағыт, ұлттық, тілдік әрі мәдени тағы да басқа ерекшеліктер қаншалықты ескеріледі?

– Дәстүрлі діни бағыт, ұлттық ерекшелікті басты назарда ұстаймыз. Мен Ханафи фиқһын зерттеген адам ретінде мынаны нақты айта аламын. Пәтуә уақыт пен орынның, жағдайлар мен адамдардың өзгеруіне байланысты өзгеріп тұрады. Мысалы, Мысыр мен Қазақстандағы жағдай бөлек, Қытайда бөлек. Білім беруде мұның бәрі ескерілуі керек, біздің де жүзеге асырып жүргеніміз осы. Жергілікті жердің салт-дәстүрін ескереміз. Фиқһ зерттеулерінің ішіне қазақ халқының салт-дәстүрін енгізу маңызды. Себебі фиқһ шариғат емес. Шариғат, Құран мен сүннет өзгермейді, фиқһ өзгереді. Мысалы, Әбу Ханифаның өз көзқарасы бар, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің өз көзқарастары бар, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ерекшеліктерін толық ескереміз.

– Осы университеттің түлектері діннен өзге қай салаларда қызмет ете алады?

– Нұр-Мүбәрак университеті түлектерінің дені – мешіттерде имам. Олардың әл-Азхар түлектеріндей Ислам банктерінде, елшіліктерде, сотта т.б. қызмет етуін қалар едім. Мысалы, мен әл-Азхар университетін бітірген соң, сот саласында, прокуратурада қызмет еттім. Нұр-Мүбәрак түлектерінің тек имамдықпен шектеліп қалуын қаламаймын, мемлекеттік мекемелерде де қызмет етуі тиіс. Бұл талапкерлердің таңдауына да әсер етеді. Себебі тек имамдықты қаламайтындары аз емес.

– Білуімізше, Нұр-Мүбәрак университеті бүкіл ТМД аумағында теңдесі жоқ ислами оқу орны. Осы оқу орнының беделін, танымалдылығын мұнан әрі арттыра түсу үшін қандай ілкімді жұмыстар атқарылуда? Көршілес елдерден шәкірттер тарту жоспарланған ба?

– Әрине, көршілес елдерден шәкірттер тарту жоспарланған, жылда түлектер саны артып келеді. Оның ішінде шетелдік студенттердің де үлесі бар. Қайда барсам да университетті насихаттап жүремін. Ақтөбе, Павлодар, Шымкент, Түркістан қалаларында болған кезімде жастарды оқуға шақырдым. Ресей мүфтиі Равиль Гайнутдин мырзамен кездесу барысында ресейлік студенттерді біздің университетте оқытуға уағдаластық. Өзбекстанға сапарым кезінде де жастарды оқуға шақырдым. Соңғы оқу жылында тұңғыш рет Африка құрлығынан да студенттер оқуға қабылданды.

– Қазір қоғамды қатты қызықтыратын сала – Ислам экономикасы, ислами банкинг жүйесі. Осы салаларда арнайы мамандар дайындау, курстар ұйымдастыру қолға алына ма?

– Жақында қоғамдағы ислам экономикасы, қаржы жүйесіне қатысты Нұр-Мүбәрак университеті мен Astana International Financial Centre Authority JSC халықаралық қаржы орталығының мамандары студенттерге арнайы семинар өткізді. Ислам банкингі әлемдегі қаржы нарығында ең сенімді жүйе екенін дәлелдеп, дамып келеді. Сондықтан Нұр-Мүбәрак университеті қаржы саласындағы Ислам банкингінің ерекшеліктері жайлы студенттерімізді ақпараттандыруды жөн санайды. Бұл өз кезегінде түлектерімізге осындай қаржы мекемелерінде жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Бізде Ислам қаржысы мен банкингі орталығы жұмыс істейді, бірақ қазірге ислам экономикасы бойынша маман жоқ, бұған алдымен Білім және ғылым министрлігінен рұқсат алуымыз керек.

– Университет негізінен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үшін кадр дайындайтындықтан, мүфтиятпен байланыстарыңыз қандай? Дін саласында қызмет ететін мамандардың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Біз өзара тығыз байланыстамыз. Өйткені мақсатымыз – бір. Бас мүфти Нұр-Мүбәрак университетінің қамқоршылар алқасының мүшесі. Мамандардың деңгейі қазіргіден де жоғары болса екен деймін, имам көпшілікке исламды жеткізеді. Ислам тек намаз бен ораза, қажылық емес, ол мықты, қуатты, дамыған қоғам құруға шақырады. Имамдар да бұған жауапты. Мысырда дербес діни мекеме саналатын әл-Азхар университеті үкіметке талаптар қоя біледі. Қоғамның дамуына барлық тарап мүдделі. Имамдардың елге қызмет етуге талпынысы мен өміршең нақты жобалары да болуы тиіс.

– Қазақ «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді. Біздің ел туралы қандай ой түйдіңіз?

– Бұл тарихы терең, өз кезінде Ислам әлеміне қосқан үлесі зор өркениетті ел болған еді. Қазіргі ұрпақ өз ата-бабаларының игі істерін жалғастырып, олар жеткен биіктен де көтеріліп, сол абырой-даңқты қайтарса ғой, шіркін! Мұндағы адамдардың мінезі жақсы, бұл жайында үнемі айтып жүремін. Сенімді ақтайды, құбылмалы емес. Сөзінде тұрады, шыншыл. Байқаған кемшілігім батыстың, оның ішінде орыстың әсер-ықпалы әлі де баршылық. Ендігі тілерім, асыл дініміз бен өздерінің ұлттық ең ізгі де озық салт-дәстүрін сақтап, жалғастыра түссе екен.

Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Оңғар ӨМІРБЕК

«Иман» журналы, №1, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру