Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БЕКАЙДАР ӘМІРЕ: БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ӘКЕНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Серікбол Хасан muftyat.kz 08.01.2024 6398 0 пікір
БЕКАЙДАР ӘМІРЕ: БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ӘКЕНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Еліміздегі дін Исламның дамуына бір кісідей қызмет етіп келе жатқан Шымкенттегі «Ислам нұры» мешітінің бас имамы Бекайдар Әміреден алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

– Сұхбатымызды өзіңіздің ата-анаңыз, бабаларыңыздан бастасақ. Білуімізше сіз Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағысыз. Шежіреңіз қалай таралады? Ана-анаңыз қандай жандар еді?

– Тәуке ханнан Сәмеке хан, одан Сейіт хан, одан Қарабас хан тараған. Қарабастың шын аты Шахмұхамед хан болған. Қарабастан Әлекен хан, одан Сәруер, одан менің атам Әміре тараған. Әміреден әкем Төлжан, одан ағам Әлиайдар екеуміз тарадық. Тәуке ханнан қалған қазақ хандарының ту басын 2014 жылы Астанадағы Ұлттық мұражайға өткіздік. Біз кезінде Қазақ хандығы деген алып мемлекет болғанбыз, ол мемлекеттік өз туы болған. Сондықтан бүкіл қазаққа тиесілі Қазақ хандығы туының басын, ел көріп, көзайым болсын деген ниетпен мұражай қорына тапсырдық.

Ал ата-анам туралы айтар болсам, ол кісілер біз үшін бар ғұмырын сарп етті. Әкем Төлжан Әміреұлы 1910 жылы, анам Ұлбек Шаммұхамедқызы 1914 жылы өмірге келді. Әкем медреседе оқыған сауатты кісі болатын. Құран оқитын, ескі кітаптарды оқып отыратын. Сонымен қатар тақуалығы да күшті еді. Құдайға берілгені сондай, бес уақыт намазын, нәпіл оразаларын, түнгі тәһажжуд намаздарын жібермейтін. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін оқып, оны сағынып, жылап отыратын. Біздің үйге қариялар көп жиналатын. Әкем оларға ескі жазудағы дастандарды оқып беретін. Әкеммен замандас, қызметтес болған адамдардың бәрі оның қыстың боранды күнінде де, шілденің ыстық күнінде де намазын қаза қылмайтынын айтатын. Үнемі жанында кішкентай ыдыстағы дәрет алатын суы болады екен. Әкем соғыс кезінде комбайн жүргізді. Комбайнына мұқият қарағаны сондай, бір рет те бұзылмапты. Сол себепті колхоз басшылары әкемнің адалдығы мен жұмысына разы болып, соғысқа жібермеген.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Өзбекстан Республикасына сапары. Төле би Әлібекұлының кесенесіне зиярат, 2023 жыл.

Анам да төренің қызы, ол да бес уақыт намазына өте мұқият болды. Негізінде анам он үш құрсақ көтерген екен. Алайда он баласы қызылша, соқыршек деген секілді себептермен 3-6 жасында шетінеп кете берген. Анамның айтып берген бір әңгімесі бар еді. «Бір күні жағдайымызды білу үшін үйге қариялар жинала қалды. Қазанда ет қайнап жатты, намаз уақыты болып қалған еді. Сол уақытта балам ауырып жатты. Қолыма ұстап отырғанда демі үзіліп, өмірден өтті. Сол уақытта «балам дүниеден өтті» деп жылап-сықтай бастасам, қазандағы ас та қалар еді, қариялардың намазына да кедергі болатын едім. Баламды төсекке жатқыздым да, бетін тасаладым. Қамыр илеп, қазанға салдым. Қариялар намазын оқып болғанша ас та дайын болды. Тамақ жеп болған соң қариялардың бірі: «Келін, балаңның жағдайы қалай?» – деп сұрады. «Бала бағана дүниеден өтіп кеткен. Сіздерді алаңдамасын деп айтпадым», – дедім. Сол уақытта бәрі егіліп, батасын берді» деген болатын анам. Анам өте балажан, мейірбан алайда, үлкендерге деген құрметі, намазға деген құрметі ерекше болды. Қариялардың батасы болар, кейін өмірге әпкем, ағам және мен келіппін. Анамыз ағам Әлиайдарды 41 жасында, мені 44 жасында өмірге әкелді. Әпкем сексеннен асып өмірден өтті.

– Қателеспесем, ағаңыз Әлиайдар «Мір-Араб» медресесінде оқыды. Дін саласында қызмет етті. Сіздің «Мір-Араб» медресесінде оқуыңызға ағаңыздың әсері болды ма?

– Бала кезімізде Ордабасы ауданының Төрарық деген ауылында тұрдық. Ауылымызда қариялар көп болатын. Солардың ішінде балаларын дінге тәрбиелеген біздің әкеміз еді. Әкеміз біздің дінге келуімізге себепші болды. Оның дінге деген махаббаты күшті болғаны сондай, ағам екеумізге кішкентайымыздан Құран үйретті. Шымкентке, Ташкентке апарып имамдарға жолықтырып, діни білімімізді жетілдіруге себепші болды. Ағамның да, менің де Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесіне оқуға қабылдануымызға әкеміз себепші болды. Алдымен медереседе ағам оқыды. Әлиайдар ағам Бұқарадағы Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесін тәмамдаған соң, Ташкенттегі Ислам институтын бітірді. Елге келгесін, Келес ауданының мешітінде тоғыз жылдай имам болды. Кейін сол уақыттағы Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы Алматыға алып кетті. Сөйтіп Әлиайдар ағам Алматы облысының бас имамы, Алматыдағы Орталық мешіттің бас имамы, наиб мүфти болып қызмет атқарды. Бертінде Жамбыл облысының, Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы болды. 53 жасында, жұма намазынан кейін дүниеден өтті. Төрт ұл, бір қыз тәрбиеледі.

– Сіз оқуға кештеу барған секілдісіз. Медреседе кімдермен бірге оқыдыңыз? Еңбек жолыңызды қай мешіттен бастадыңыз?

– Иә, себебі ата-анамыз жасы ұлайған кісілер болатын. Ағам сыртта оқуда, қызметте болғандықтан, маған ата-анамызға қарайласуға тура келді. Дегенмен кеш болса да Алла нәсіп етіп, Бұқарадағы «Мір-Араб» медресесінде тәлім алдым. Біз оқыған кезде «Мір-Араб» медресесіне әр республикадан бір-екі баладан ғана оқитын. Сөйтіп жиырмадан аса ұлттың өкілі бірге оқыдық. Қазақстаннан бір топта үш бала болдық. Алматыдан Асылхан Аманқұлов, Өскеменнен Ибрагим Қарнақбаев менімен бірге оқыды.

Біз Бұқарада оқып жүрген кезде діни оқулықтар жоқтың қасы еді. Ұстазымыз тақтаға бір хадисті жазып, оны өшіріп, артынша екінші, үшінші хадисті жазатын. Біз көшіріп үлгерсек үлгердік, үлгермесек өшіріп тастап отыратын. Себебі хадис кітаптары жоқ еді. Аллаға шүкір, қазір неше түрлі діни кітаптар бар, оқып тауыса алмай жатырмыз. Ал ол уақытта Құранның өзінің табылуы қиын еді. Медреседе Садриддин деген қари ұстазымыз болды. Медересенің нұры еді, бүкіл шәкірттер айналасынан шықпайтын. Жан-дүниесі кең, қырағаты тамаша жан еді. Құраннан сол кісі берді, Алла ұстазымызды рақымына бөлесін!

Медресе бітіріп келгеннен кейін Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұйрығымен Шымкент қаласындағы «Қождан ата» мешітіне имам болып тағайындалдым. Имам болып жүрген кезімде бір кісі келіп: «Молдеке, кезінде мен Құдайсыздар қоғамына мүше болып, талай аузы ораза адамдардың аузына нан тығып, олардың оразасын бұзуға, намаз оқытпауға әрекет жасаған едім. Енді міне, екі көзім көрсоқыр болып, сипаланып, осындай ахуалға түстім. Мен қазір тәубе қылдым, Құдайдан сол әрекетім үшін кешірім сұраймын! Молдеке, сіз куә болыңызшы», – деп жылап айтқан болатын. Алла ол кісіні кешіріп, рақымына алсын! Аллаға шүкір, қазіргі уақытта бұрынғыдай құдайсыз қоғам жоқ, соған қуанамын.

– 90-жылдарға дейін қазақтың діни саясаты САДУМ-ға тікелей қатысты болды. Діни мәселелердің бәрін Ташкенттен шешілетін. Сол уақыттағы діни жағдай қандай еді?

– Иә, ол кезде Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (САДУМ) орталығы Ташкентте еді. Орталық Азия елдері дін саясатында түгелдей Ташкентке бағынатын. Бар мәселені солар шешетін. Бізде жеке мүфтият болмады, қазият қана болды. Қазақстан қазияты САДУМ-ға қарады. Рәтбек қажының кезінде сол кісінің батырлығы, өжеттігінің арқасында Қазақстан қазияты САДУМ құрамынан бөлініп шықты. Әлиайдар ағам ол кезде Рәтбек қажының көмекшісі болатын. Сол кісілердің ықпал етуінің арқасында Қазақстан өз алдына дербес мүфтият құрды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Өзбекстан Республикасына сапары. Баһауддин Нақышбанд мазарына зиярат, 2023 жыл.
 

– Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстанның діни жағдайы қалай өзгерді? Халықтың дінге деген құлшынысы артты ма?

– Кеңес заманында намаз оқитын жастар некен-саяқ болатын. Себебі ол кездегі салқын саясат діннің жайылуына рұқсат бермеді. Соның салдарынан халық діннен алыстап, салт-дәстүрін ұмытып бара жатқан болатын. Алланың рақымы шексіз ғой, сол уақытта елімізге егемендік келдік. Егемендік келген соң өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Дініміз, тіліміз, дәстүрімізбен қайта қауыштық. Егер ынсаппен, қанағатпен, көкірек көзімен қарасақ, еліміздегі дін жағдайы жақсы. Тәуелсіздікті Алланың шексіз берген бақыты, байлығы деп белмін. Мемлекет қазір дінге қамқорлық танытып отыр. Қазіргі жастарға азан таңсық емес, себебі туғанынан естіп келе жатыр. Ал кезінде біздің әкелеріміз үйіміздің ішінде тығылып азан шақыратын. Қазір бүкіл ауылды, қаланы басына көтеріп микрофон арқылы «Аллаһу акбар» деп Алланы ұлықтап, азан шақырып жатырмыз. Түсінген адамға осының өзі баға жетпес байлық қой.

Тәуелсіздіктен кейін елімізде қаншама мешіттер, медреселер салынды. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында, медреселерде қаншама балаларымыз алаңсыз дін оқуын оқып жатыр. Сондықтан еліміздегі діни ахуал өте жақсы деп бағалаймын. Әрине, қай заманда болмасын, ақ пен қараның күресіп жүретін уақыты ғой. Кейінгі кездері ел ішінде түрлі ағымдарға бөлініп, халықтың діннен үркуіне, діннен қашуына әрекет жасап жатқан жағдайлар жоқ емес. Мұндай жат ағым өкілдері дінді хикметпен, даналықпен жеткізбей, керісінше елге түрлі кереғар үкімдер айтып, пәтуалар шығарып, халықты діннен үркітіп алды. Осындай ішінара жағдайлар болмаса, жалпы халықтың дінге деген махаббаты, ықыласы жақсы деп ойлаймын.

– Балаларыңыз да жолыңызды қуып, дінге қызмет етіп келеді. Ұлыңыз Ерсін қари Әмірені бүкіл ел біледі. Басқа балаларыңыз туралы не айтасыз?

– Аллаға шүкір, бүгінде ақ сақалды қария болып, немере сүйіп отырмын. Жұбайым Гүлімқыз екеуміз үш ұл, үш қыз тәрбиеледік. Жұбайым бір мәрте атымды атамады, бетіме қарсы келмеді. Сондай адал, кішіпейіл болатын. 47 жасында ауырып, дүниеден өтті.

Балаларымызға кішкентайынан Құран, намаз үйретіп, Жаратушы Егесін танытуға тырыстық. Ауылдың балаларын да дін жолына тәрбиеледік. Ұлым Ерсін зерек, озат болды. Бұқарада оқып жүрген кезімде ораза уақытында бізге хатым өтеуге бір қари келді. Бәріміз орнымыздан тұрып, қаридың қолын алдық. Себебі бұрын қариды көрмегенбіз, Түркістанда ғана бар деп еститінбіз. Таныса келсек, анадан зағип болып туған жігіт екен. Әкесі Құранды ауызша жаттатқан екен. Сол уақытта мен: «Уа, Алла! Бізге де қари нәсіп ете гөр!» – деп Алладан сұрап, дұға қылған едім. Кейін балаларды осы жолға баулыдық. Аллаға шүкір, Ерсін балам шетте оқып, изажа алып, қари болып оралды. Кіші балам Абдулазиз де қари, қазір Қайсеки акамедиясында оқып жатыр. Алла нәсіп етсе, келер жылы бітіреді. Екінші ұлым да намазхан, оразасы түгел. Бір отбасын үйіріп, әке болып отыр. Үш қызым тұрмыста, үш күйеу балам да намазхан. Жұбайым Гүлімқыз өмірден өткеннен кейін қазіргі жұбайым Гауһармен бас қостым. 63 жасымда қызды болдым, Салиха деген үш жасар қызым бар. 

Негізі бала тәрбиесінде әкенің тазалығы, дұғасы маңызды деп ойлаймын. Себебі әкеміз Аллаға қатты махаббат байлаған кісі еді. Он күнде бір хатым шығарып отыратын. Түндерінде тәһажжуд оқып, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін оқып, жылап отыратын адам еді. Сол кісінің дұғасы қабыл болып, ұрпағымыздан екі бірдей қари шықты. Балаң жақсы болса, ата-анаға қуаныш. Балаларымның діндар, тақуа, ізгі, жақсылардан болғанына көп шүкір етемін.

– Сіздің түсінігіңізде Отан деген не? Отаншылдық сезімді қалай қалыптастыру керек?

– Отан деген тау мен тас, өзен-көл ғана емес, Отаның ішінде сенің ата-анаң бар. Сүйікті жарың, бауыр етің балаларың, үй-жайың бар. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Отанын сүйетін, оған жаны ашитын адам оны қорғау, қиянат қылмауы керек. Себебі Отан деген сөздің мағынасы тереңде. Осы Тәуелсіз Отанымыздың болуы үшін бабаларымыз қаншама тер төкті, қан кешті. Олар осы күнді аңсап, ер-тоқымын жастық қылып, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, кең байтақ елді қорғады. Кешегі Алаш азаматтары Тәуелсіздік жолында тар жол тайғақ кешті. Олар тәуелсіз ел болуға әрекет етіп, Құдайдан сұрап дұға қылды. Алайда олар бұл күнге жете алмады, көре алмады. Оның рахатын бүгін біз көріп жатырмыз. Сондықтан Отанның қадірін білуіміз керек. Ал бойымызға отаншылдық сезімді қалыптастырғымыз елсе, кешеге Алаш азаматтарының өнегелі өмір жолы мен ел үшін атқарған еңбектеріне үңілуіміз керек.

 

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

«Мұнара» газеті, №23, 2023 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру