Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«АҚЫЛЫ ЖОҚТЫҢ ДІНІ ДЕ ЖОҚ»

Бауыржан Нығызбекұлы muftyat.kz 10.08.2021 1507 0 пікір
«АҚЫЛЫ ЖОҚТЫҢ ДІНІ ДЕ ЖОҚ»

Әйгілі ғұлама имам Ғазали былай деген екен: «Ақыл – көз, Құран – күн тәрізді. Күн жарығында көздің жақсы көретіні сияқты ақиқатты түсінуде Құран негізінде ақылды пайдалануға мұқтаждық бар. Тек Құран жеткілікті деу күндіз көзді жұмып жүргенмен бірдей. Ал, тек ақыл жеткілікті дейтіндер де қараңғы жерде бейне бір жарық іздеген адам тәрізді. Бұл екі нәрсе азғындыққа апарады. Сондай-ақ, шариғат пен ақыл бір-бірін толықтырып, кемелдендіріп келген екі нұр».

Шын мәнінде, ақыл – Алланың берген нығметтерінің бірі. Адам баласы көру, есту, сезу, ойлану арқылы Алланың құдіретін түсінеді, ой жүгіртіп, ақылға салып, жақсы амал жасауды ұйғарады. Ақылды дұрыс нәрсеге жұмсау – Жаратушы Жаббар Иеміздің жарылқауына, ризалығына жетелейді. Ал нәпсі қалауын ақылмен басқара алмау азғындыққа апарып, Алланың ашуын шақырады. 

Алайда кез-келген пенденің ақылы шектеулі болғандықтан, біз қашан да Құран мен сүннетті өміріміздің темірқазығы етуіміз керек. Сонда біздің сезім мүшелеріміз өзінің міндетін дұрыс орындайды.

Алла Тағала Құранда бірнеше аятта «Ойланбайсыңдар ма?» деп ескертеді. Қасиетті кітабымызда ақыл, ойлану, даналық сынды мағыналарды білдіретін тәдәббур, тәфәккур, хикмет, улул әлбаб, фәһім, әбсар, қалб, рушд, назар деген сөздер кездеседі. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың діні де жоқ», – деген.

Жоғарыда адам баласының ойы мен ақылы шектеулі екенін, ол үшін Құран мен сүннетке сүйену қажеттігін айттық. Осыған қатысты мынадай сұрақ туындайды: Алланы тану үшін ақыл жеткілікті ме, әлде Құран мен сүннетке сүйенумен шектелу керек пе? Осы сұрақ бойынша Ислам ғалымдары көптеген пікірлері мен көзқарастарын білдірген. Бұған қатысты имам Матуриди мынадай көзқарасын білдірген: «Алла Тағаланы ақылмен тануға болады. Ақыл – жаратылыс сырын түсіну үшін берілген Алла Тағаланың сыйы. Әрі жаратылыс жайлы терең ой жүгіртуге бұйырылдық. Бірақ ақыл – шектеулі. Алла Тағаланың шексіз иләһи хикметтерін, сыр ретінде сақтаған нәрселерін ақыл біле алмайды».

Біз имам Матуридидің бұл көзқарасынан Құран мен сүннет белгілеп берген өлшем негізінде ақылға сүйену қажеттігін түсінеміз.

Ақыл Алланың адам баласына берген  үлкен нығметі екенін айттық. Осы ақылды Алланың разылығына кенелу жолында пайдалану – мұсылманға тән нәрсе. Алла туралы танымы мен түсінігі қалыптасқан кейбір адамдар өзіне беріліп жатқан нығметті, мал-дәулетті өз ақылыммен, бойымдағы ерекше қабілетім арқылы таптым деп ойлайды. Асылында бізге берілген ақша да, ақыл да – Алланың берген нығметі. Өкінішке қарай, бүгінде адам өз ақылын жаман істерге, біреуді алдап-арбауға, айналасындағы кісілерді азғыру жолына пайдаланады. Бұл – Алланың ашуын шақыратын «ақыл».

Алланы тануда ақылдың рөлі айрықша. Хәкім Абайдың: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», – деген сөзі бар. Ақылды адам Аллаға жағу үшін ізгі істермен айналысуға тырысады. «Ақылды адамның табан тірейтін жері – Ислам» деп орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой айтпақшы, қазір көкірек көзі ашық өзге ұлт пен діннің өкілдері Исламды қабылдап, күллі Еуропа жұртына үлгі болуда.

Құранда ақылға байланысты мынадай аяттар бар: «Ей, ақыл иелері Менен ғана қорқыңдар» («Бақара» сүресі, 197-аят); «Ойлаған қауымға (Алланың бар және бір екендігіне) белгілер бар» («әл-Ғимран» сүресі, 190-аят); «Олар Құранға ой жүгіртпей ме? Әлде олардың жүректері құлыптаулы ма?» («Мұхаммед» сүресі, 24-аят); «Олар ойланбай ма?» («Ясин» сүресі, 68-аят); «Ойламайсыңдар ма?» («әл-Ғимран» сүресі, 65-аят); «Бұны тек ақыл иелері ғана түсіне алады» («Бақара» сүресі, 269-аят); «Сонда да түсінбейсіңдер ме?» («Ясин» сүресі, 62-аят).

Мұсылманның Құранға қатысты бірнеше ұстанымы бар. Олар – Құранды оқу, жаттау, аяттарға амал ету және әрбір аяттың мәні мен мағынасына ой жүгірту. Құран аятына терең ой жүгірткен адам Алланың құдіреті мен жаратылысына терең бойлайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы өз өлеңінде ойланған ақыл өз иесін жақсылыққа жетелейтінін, ал ойланбаған ақыл өз иесіне азап әкелетінін жырлайды. Өлең былайша өріледі:

«Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,

Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.

Таза талап талпынып ойды айдаса,

Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен барлық.

Азат ақыл ойланбай мида жатса,

Шіріп, тозып тартқызар ол бір зарлық».

Ақылды иманды мұсылман екі дүние бақытына бөленеді. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай баяндайды: «Мен Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Адамдар дүниеде несімен бір-бірінен артық болады?» – деп сұрадым. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақылмен», – деп жауап берді. «Ақыретте несімен артық болады?» деп сұрадым. Тағы да: «Ақылмен», – деп жауап берді. Мен: «Адамдар істеген амалына қарай сауапқа немесе жазаға тартылмаушы ма еді?» – дедім. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша (оған Алла разы болсын), олар Алла Тағала берген ақылдың шама шарқына қарай амал жасамай ма?! Ақылы неге жетсе, амалы сол болады. Амалы қаншалықты болса, сауабы мен жазасы соншалықты болады», – деп жауап берді.

Ақыл адамның тақуалығына, иманына, дүниеге деген көзқарасына, адамдармен қарым-қатынасына, ізгі амалына, күнделікті парыз құлшылықтарына әсер етеді. Ислам ғұламалары ақылды Алланы тану жолындағы алғашқы қадамға теңеген. Өйткені, ақыл – ақиқат пен жалғанды көруге көмектесетін, әр нәрсенің жақсы немесе жаман екенін айырып беретін нығметтің бірі. Алланы таныған ақыл Оған міндетті түрде шүкір етеді.     

Әбу Ханифа (Алла оны рақымына бөлесін): «Адам өзінің, аспан әлемінің және басқа жанды-жансыз нәрселердің жаратылысына қарап тұрып, Жаратушысын мойындамай қасарысуына еш хақы жоқ. Тіпті, Алла тарапынан пайғамбар жіберілмесе де адам баласының өз ақылымен Құдайын тануы міндет», – деген екен.

Алла Тағала баршамызға Өзін таныған ақыл беруін тілейміз. Раббымыз сіз бен бізге мұсылманға тән өмір сүруді нәсіп еткей. Әмин!   

 Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,

Өскемен орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі