Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҢА КІТАП ЖАСТАРДЫҢ ЖАН АЗЫҒЫНА АЙНАЛҒАЙ

Алтынбек Ұтысханұлы muftyat.kz 16.06.2021 1425 1 пікір
ЖАҢА КІТАП ЖАСТАРДЫҢ ЖАН АЗЫҒЫНА АЙНАЛҒАЙ

Кеше елорда төрінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаптың танытымы өтті. Игі іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері құнды еңбек жайлы жылы пікірлерін білдіріп, ізгі ниеттерін жеткізді. Осы ретте біз де көптен күткен кітап жайлы, оның оқырмандарға, жалпы мұсылман қауымына берер пайдасы мен маңызы туралы пікір жазуды жөн санадық.

Тұсаукесер рәсімінде бірінші баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік мәселе алғы шепке шықты. Қазір, Аллаға шүкір, еліміз етек-жеңін жинап, өзінің рухани өмірін жақсартуға тырысуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда елімізде исхан ілімін кеңінен насихаттау қажеттілігі туралы бастама көтеріп едім. Президентіміз бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, игі тілегін білдірген болатын. Біз халқымыздың жүрегіне жақын рухани ілімді кеңінен насихаттау үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығаруды қолға алдық. Бұл еңбек барша мұсылман қауымының рухани өміріне оң ықпал етеді деген үміттемін» деп атап өтті.

Расында, егемендіктің алғашқы елең-алаң жылдарында табыс табу, бала-шағаны асырау сынды мәселе бірінші орынға шықты. Аллаға шүкір, қазір халқымыз дінге ден қойып, құлшылық пен тіршілікті үйлестіріп, өнегелі өмір сүруге талпынуда.

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қызмет барысында жеті бағытқа басымдық беріп келеді. Атап айтқанда, ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.

Бас мүфти елімізде ихсан ілімін кеңінен насихаттау үшін уағыз-насихат жұмыстарымен қатар ағарту саласындағы ізгі іс-шараларды жандандыру мақсатында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығаруды ұйғарып, аталған еңбекке жетекшілік етті. Кітапта рухани тәрбие негізі саналған ихсан ілімі жайлы, оның мәні мен маңызы туралы жан-жақты жазылған.

Еңбекте әуелі Жаратушы Алла Тағаланы танудан бастап, мұсылманның тұлғалық тәрбиесі, қоғам алдындағы әдебі аят-хадистермен қатар нақты мысалдар арқылы көрсетілген. Сонымен қатар құлшылық пен тіршілікте Хақ Тағаланың бақылауын сезінудің хикметі, көркем мінез бен әдептілікке ұмтылудың рухани қағидалары айтылады.

Оқырманға жол тартқан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы жастарымызға рухани шамшырақ болады деген үміттеміз. Өйткені, албырттық пен қызуқандық, немқұрайлық пен асығыстық – жастарға тән сипаттар. Кітап сабырлы, тағдырға риза болуға, шүкір етуге, тәубе жасауға, тәуекел етуге, сүннетке берік болуға, әрбір тіршілік иесі мен жаратылысқа мейірім танытуға, ықылас пен ниетті арттыруға үндейді. Сонымен қатар кітапта Аллаға, Құранға, пайғамбарларға деген махаббатты арттырудың маңызы баяндалады.

Әсіресе кітаптағы «Тұлғалық ихсан» тарауында нәпсімен күресудің жолдары, нәпсіні шынықтыру (риязат) сынды мәселелер қамтылған. Бұл тарауда адамның тұлабойына ерік-жігер, тазалық, ыждаһат, тиянақты болу, жүректі тазарту, парасаттылық һәм сұңғылалық, пайдалы білім іздену, өзін-өзі есепке алу, даналық, көрегендік сынды қасиеттерді қалыптасырудың маңыздылығы терең баяндалады.

Бірде сахабаға бір кісі келіп оған түрлі ғайбат сөздерді, былапыт әңгімелерді айтады. Әлгіні тыңдап тұрған сахаба: «Алла разы болсын! Аллаға ант етейін! Бойымда сіз айтқаннан да көп кемшілігім бар. Қалғанын жасырып, осы қателігімді сіз арқылы көрсеткен Аллаға сансыз мадақ болсын!» деген екен.

Кітапта келтірілген осы оқиға оқырманды ойландырмай қомайды. Өйткені, бүгінде қоғамда келіспеушілік пен даудың пайда болуына адамдардың бір-біріне деген осындай былапыт сөздері себепші болуда. Жоғарыда келтірілген сахабаның бойындағы қасиет пен былапыт сөз айтушы адамға берген жауабы барша пендеге мәңгілік үлгі, өмірлік өнеге болары сөзсіз.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде ихсан туралы түсіндіре келе: «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады» деген. Ғұламаларымыз осы хадис жайында түсіндірме жаза келіп, ихсан ілімі адамның құлшылығымен қатар, оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қызметін, тіпті бүкіл өмірін қамтитынын тілге тиек еткен. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болу керек» дейді.

Алла Тағала баршамызға әрбір ісімізді Раббымыз көріп тұрғандай орындауды, нәтижесінде кемел мұсылман болуымызды нәсіп еткей. Әмин!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Нұрбол | 13.10.2021 09:10

Ассалаумағалейкүм! Бұл кітапты қайдан, қалай алсақ болады?

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі