Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БИРЖАДА АКЦИЯ САТЫП АЛУҒА БОЛА МА?

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі muftyat.kz 20.06.2022 16448 0 пікір
БИРЖАДА АКЦИЯ САТЫП АЛУҒА БОЛА МА?

Акция[1] (лат.aktіү – қарамағына беру, рұқсат беру) – бұл бизнестегі табыстың белгілі бір мөлшерін алып отыруға мүмкіндік беретін бағалы қағаз.

Белгілі бір компанияның акциясын сатып алып, табысының бір бөлігіне серік болу шариғатымызда «шәрикәту әл-ғинән»[2] саудасына саяды. Сол үшін заманымыздың ғұламалары акцияны сауданың бір түрі ретінде қарастырып, оны сатуға және сатып алуға рұқсат берген[3]. Құранда:

وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ 

«Алла сауданы адал етті»[4], – деген.

Алайда компаниялардың өнімі халал әрі қызметі шариғатқа сай болуы шарт[5].

Биржа (лат.bursa – әмиян) – бұл бағалы қағаздарды, тауарларды, опциондарды және басқа инвестицияларды сатып алу және сату мақсатында ұйымдастырылған нарық. Биржада акцияны сатып алуға және сатуға рұқсат болуы үшін екі шарт орындалуы тиіс:

  1. Келісімшарттың негізгі нысандары шариғатта рұқсат етілген нәрселер болуы тиіс. Яғни шошқа фермалары, арақ шығаратын зауыттардың т.б. харам нәрселермен айналысатын компаниялардың акциясы болмауы тиіс[6].
  2. Жүргізіп отырған келісімшарты шариғатқа қайшы келмеуі шарт. Биржада акцияны сатып алу мәмілесінің негізгі екі түрі бар:
  3. Спот (ағылшын. spot – дереу төленуге тиіс қолма-қол ақша) мәмілесі. Бұл – бағалы қағаздарды дереу немесе жақын арада жеткізуді және есептесуді білдіретін келісімшарт. Бұл келісім үшке бөлінеді:

1) Қарапайым сауда түрі. Бұл жерде сатушы мен сатып алушы келісімшартты қолма-қол жүргізеді. Яғни сатып алушы акцияны қолға алып, ақысын нақты немесе қысқа уақыттың ішінде төлейді. Кейбір батыс нарықтарында бұл төлем екі күннің ішінде орындалса, Нью-Йорк қор биржасында мәмілені келесі сессия ашылуына бір сағат қалғанға дейін аяқтауы қажет. Сауданың толық шарттары мен ережелері орындалса, мұндай жолмен акцияны сатуға және сатып алуға шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі[7]. Алайда акцияны сатып алып, толық меншігіне өткізбейінше оны сатуға болмайды[8].

2) Маржа (Margin Buying) мәмілесі. Ол – акцияның бір бөлігін нақты ақшаға сатып алып, қалған бөлігін банктің бірінен немесе брокерлік компаниядан қарыз алып өтейтін келісімшарт. Бірақ келісімшарт нысанын, акция үлесін кепілдікке қоюы шарт етіледі. Яғни клиент брокерлік компаниялардың бірінен есепшот ашып, белгілі бір капиталды салады. Бұл қаржы белгілі бір компанияның акциясын сатып алуға берілетін нақты ақшаның бір бөлігі болып саналады. Қалған бөлігін брокерлік компания қарызға береді. Сосын брокер клиенттің тапсырысы бойынша, оның қаржы есебінен және оның мүддесі үшін мәміле жасау бойынша қызмет көрсетеді. Брокер қарыздың есесінен белгілі пайда көреді.

Биржада брокерлік компания арқылы маржа мәмілесімен акцияны сатып алу және сату ісінде өсім қамтылғандықтан тыйым салынады[9]. Өйткені Убай ибн Кағб, Абдулла ибн Сәләм, Ибн Аббас сынды сахабалар (Алла оларға разы болсын): «Қандай да бір қарыз өзімен бірге үстеме пайда әкелсе – ол риба (өсім)»[10], – деген. Оған қоса бұл жерде қарыз бен сауда бір келісімде қамтылып тұр. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا يحلُّ سلفٌ وبيعٌ ولا شرطانِ في بيعٍ

«Қарыз бен сауданы қосуға, бір саудада екі шартты қоюға болмайды»[11], – деген[12].

Тек акция брокерлік компанияның меншігі болса рұқсат етіледі. Яғни клиент келісімшарт барысында брокерлік компанияның меншігіндегі акцияны сатып алады. Төлемнің бір бөлігін нақты ақшамен төлеп, қалғанын бөліп төлеу жүйесімен өтейді. Ал құнды қағаздар клиент қарыз ақшаны толық қайтарғанша, кепілдікте тұрады. Бұл келісім шариғатқа қайшы емес.

3) Қысқа сатылым (Short Sell). Ол – сатушының иелігінде жоқ активті немесе акцияны сату. Яғни белгілі бір компанияның акцияларын брокерлік қызмет арқылы қарызға алып, оларды бірден акция бағамы төмендейді деген үмітпен сату. Кейін сол акцияларды арзан бағамен қайта сатып алады. Содан кейін акциялар бастапқы акционерге қайтарылады, ол өтемақы алады. Сатушының пайдасы бағаның төмендеуіндегі айырмашылық бойынша жасалады. Бұл келісімшартта мүлік сатушының меншігінде болмағандықтан, оны сатуға шариғи тұрғыдан тыйым салынады[13]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا تبِع ما ليسَ عندَكَ

«Өзіңнің меншігіңде болмаған нәрсені сатпа»[14], – деген.

  1. Мерзімді келісімшарт.

Бұл – орындау мерзімі ұзартылған биржалық тауарды шартсыз немесе шартты сатып алуға және сатуға арналған келісімшарт. Оған фьючерс, опцион жатады.

 Фьючерстік (лат.futurum– болашақ) мәміле – бұл белгілі бір тауарды немесе құнды қағазды көрсетілген баға бойынша болашақта жеткізу үшін жасалатын келісімшарт. Бұл келісімшартта тауар немесе акция және оның есесіне берілетін ақысы келешекте орындалатындықтан тыйым салынады[15]. Өйткені ол қарызды қарызға сату болып саналады. Ғұламалар бұған бірауыздан харам деп пәтуа берген[16].

Опциондық (лат.оptіo – таңдау, қалау) мәміле – иесіне келешекте қайсыбір активтерді тиянақталған бағамен (орындалған бағамен) сатып алу немесе сату құқығын беретін бағалы қағаз. Алайда тараптарға сауданы жүзеге асырмауына да құқық беріледі. Есесіне қарсы тарапқа өтемақы төлейді.

Мысалы, сатып алушы сатушымен белгіленген мерзімде акцияны 100 мыңға сатып алуға немесе келісімді бұзып, орнына өтемі ретінде 5 мың төлеуге келіседі. Уақыты келгенде акцияның құны 100 мың болса, онда шығындалып қалмау үшін сатып алады. Ал егер 110 мың болса, келіскен бағаға сатып алып пайда көреді. Егер 95 мың болса, онда сатып алса да, алмаса да 5 мыңға шығындалады. Ал, 80 мың болған жағдайда уағдаласқан бағаға сатып алса, 20 мыңға шығындалады. Сол үшін ол келісімді бұзып өтемі ретінде 5 мыңды төлейді. Сол секілді сатушыға осындай құқықтар беріледі.

Бұл келісімшартта сатып алушы бағаның тым түсіп кетуінен келісімді бұзғаны үшін өтемақы төлеуі біреудің мал-мүлкін арам жолмен жеу болып саналады. Шариғатымызда бұған тыйым салынған. Оған қоса тараптардың бағаның өзгеруіне байланысты пайда көруі немесе зиян шегуі ғарарды білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгісіздік саудасына (ғарарға) тыйым салған[17].

1992 жылы Ислам фиқһ академиясының VII отырысында қабылданған №63 (1/7) қарарында опциондық келісімшартқа тыйым салынған[18]

 

ҮКІМ:

 

  1. Белгілі бір компанияның акциясын сатып алуға және сатуға рұқсат. Тек компаниялар шариғатта рұқсат етілген дүниелермен шұғылдануы әрі өнімдері адал болуы шарт*.
  2. Биржада акцияны қарапайым сауда түрімен сатып алуға және сатуға рұқсат етіледі. Алайда акцияны сатып алып, толық меншігіне өткізбейінше, оны сатуға болмайды.
  3. Маржиналдық мәміледе акция брокерлік компанияның меншігі болса ғана рұқсат етіледі.
  4. Қысқа сатылым арқылы жүзеге асатын келісімшартқа, яғни иелігінде жоқ акцияны сатуға тыйым салынады.
  5. Фьючерстік және опциондық мәміледе қарызды қарызға сату, ғарар, біреудің малын арам жолмен жеу қамтылғандықтан мұндай келісімшартпен акция сатып алуға және сатуға тыйым салынады.

 

 

[1] Ескерту: Бұл пәтуа төменде аталған келісімшарттарға ғана қатысты.

[2] Шәрикәту әл-ғинән – екі немесе бірнеше кісінің сауда жасауға ақша шығарып, пайдасын өзара бөліп алу келісімшарты. Бірақ ақшасын теңдей шығару, пайдасы мен шығынын бірдей көру шарт етілмейді (Мухаммад Мәжид Итр, әл-муфәссал фи әл-фиқһи әл-ханафи, 357-358).

[3] Уаһбәту әз-Зухайли, әл-Муғамәләту әл-мәлия әл-муасара, 129. Мубәрак ибн Сулайман, әл-әсуақу әл-мәлия мин мәнзуми исләми, 19.

[4] «Бақара» сүресі, 275-аят.

[5] Ғұламалар компанияларды үш бөлікке бөледі:

  1. Харам дүниелермен айналыспайтын компания. Мұндай компанияның акциясын сатып алуға, сатуға болады.
  2. Негізгі қызметі харам саналатын компаниялар. Мысалы, банк, темекі шығаратын зауыттар т.б. Бұл компаниялардың акциясын сатып алуға тыйым салынады.

З. Негізгі өнімдері, қызметі адал, бірақ несие беру немесе алу арқылы харам араласқан компаниялар. Бұл ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Кейбірі бұл акцияның негізіне риба араласқандығы үшін оны сатып алуға және сатуға тыйым салған. Бұған қатысты 1992 жылы 9-14 мамырда Жидда қаласында өткен Ислам фиқһ академиясының VII отырысында пәтуа шыққан. Алайда кейбір ғалымдар бұған рұқсат береді. Бірақ компанияның пайызға алған қарызы 30% -дан, ал үстемелік пайызы 5%  немесе 10%-дан аспауы шарт дейді.

https://www.aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=263#.YojsPOhByUk

[6] Ислам фиқһ академиясының журналы, 6-саны, 2/1273. 7-саны, 1/73. 9-саны, 2/5.

[7] https://iifa-aifi.org/ar/1845.html

[8] Мухаммад Таки Усмани, Фиқһ әл-буюғ, 1/375.

[9] 1992 жылы 9-14 мамырда Жидда қаласында өткен Ислам фиқһ академиясының VII отырысындағы биржаға қатысты №63 (1/7) қарары.

[10] Бәйһақи, әс-сунәну әл-кубра, 5/349-350.

[11] Әбу Дәуіт, №3504. Термизи, №1234. Нәсәи, №4615.

[12] Мухаммад әл-Қари, әл-әсуақу әл-мәлия, 63.

[13] Али Ахмад әс-Сәлус, мәусуғату әл-қадая әл-фиқһия әл-муғасара уә әл-иқтисад әл-исләми,417. Мухаммад Таки Усмани, Фиқһ әл-буюғ, 1/370.

[14] Әбу Дәуіт, №3503.

[15] Мухаммад әл-Қари, әл-әсуақу әл-мәлия, 91. Мухаммад Таки Усмани, Фиқһ әл-буюғ, 1/370.

[16] Ибн Рушд, Бидәяту әл-мужтаһид, 3/236. Ибн Мунзир, әл-ижмағ, 53. Ибн Құддама, әл-муғни, 6/106. Әс-Субки, тәклимәту әл-мәжмуғ, 10/106. 

[17] Мүслим, №4. Бейрут: Дару ихяи әт-туроси әл-әләмия.

[18] https://iifa-aifi.org/ar/1845.html

* Ескерту:

Жеке тұлғаға компаниялардың қызметін шариғатқа сай екенін анықтау қиындыққа соққандықтан, дүние жүзілік қор биржалары арнайы исламдық құнды қағаздар индексін шығарған. Мысалы Dow Jones Islamic Market World Index. Компаниялардың акцияларын сатып алу және сату барысында сол индекстерді ескерген жөн.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру