Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛЛА ЕЛШІСІ ҚАЛАЙ КИІНДІ?

Асқар Мұқанов muftyat.kz 28.10.2024 2694 0 пікір
АЛЛА ЕЛШІСІ ҚАЛАЙ КИІНДІ?

Ислам діні адамдарға қандай да бір киім түрлерін киюді міндеттемейді. Өйткені киім жыл маусымы мен ауа райына, сондай-ақ қоршаған орта мен жергілікті жердің дәстүріне байланысты өзгеріп отырады. Алайда ең басты ескерілетін дүние – киім қандай түсте болмасын, қандай сәнге ие болмасын, маңыздысы адамның әурет жерін жабатын және дене бітімін сыртқа әшкерелеп тұрмайтын болса болғаны.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне назар аударсақ, киім кию мәселесінде үш түрлі нәрсеге мән бергенін байқаймыз. Біріншісі, ысыраптан сақтану. Екіншісі, киімді мақтан, жұртқа көрсету, тәкаппарлық секілді жағымсыз дүниелерге құрал етпеу. Үшіншісі, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның әлеуметтік жағдайы мен шарттарына сәйкестік сақтау. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киген киімінің ешқайсысы Ислам келгеннен кейін жаңадан пайда болған емес, сол қоғамда бұрыннан келе жатқан киім үлгілері. Мысалы, изар (шалбар), қамис (көйлек), шапан, шәркей секілді киім түрлерін Исламнан бұрынғы ханиф дініндегілер, пұтқа табынушылар мен мұсылман емес қауымдар кигеніндей, Ислам келгеннен кейін мұсылмандар да сол киімдерді киюін жалғастыра берді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киім мәселесінде әкелген жалғыз жаңалық бар. Ол – басқа киетін сәлде. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басына киген тақияның сыртынан сәлде орайтын болған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үстіне көйлек, шалбар, шапан киген. Негізінен асты бөлек, үсті бөлек киімдер киетін. Дегенмен қамис атаулы алды жабық ұзын көйлек тәріздес киім кигенді хош көретін. Қажет болған жағдайда бұлардың сыртынан шапан да киетін. Ал аяғына шәркей немесе мәсі тектес аяқ киім киген.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір түстерге де ерекше басымдық бермеген. Пайғамбарымыз ақ, қара, сары, жасыл, ала түсті түрлі киімдер киген. Дегенмен жергілікті табиғатқа ақ түсті киім қолайлы болғандықтан, өзі де осы түсті ұнатып, сахабаларын да ақ түсті киім киюге шақырған. Абдулла ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз былай өсиет еткен: «Ақ түсті киім киіңдер. Өйткені ол – ең жақсы киім. Сондай-ақ өмірден өткендерге де ақ түсті кебін кигізіңдер» (Әбу Дәуіт).

Мұның тысында басқа қандай да бір түсті таңдауды адамдардың өз еркіне қалдырған. Сондайақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мақтадан жасалған киімдермен қатар, жүннен тоқылған киімдерді де киген. Сонымен қатар жұма күндері мен айт күндерінде және ел ішінен немесе сырттан елшілер келген уақытта ғана киген ресми киімдері де болған.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киім кию әдебіне тоқталатын болсақ, киімді оң жағынан бастап киюі, киім киерде дұға етуі, жаңа киім алғанда дұға жасауы, тазалыққа мұқият болуы секілді бірқатар назар аударарлық мәселелер бар. Мысалы, Муғаз ибн Әнәстан (оған Алла разы болсын) жеткен бір риуаятта былай баяндалады: «Алла елшісі: «Кімде-кім тамақ жеп болғаннан кейін «Маған осы тағамды жегізген және менің күш-қуатымсыз оны маған рызық етіп берген Аллаға мақтау болсын!» – десе, оның өткен күнәлары кешіріледі. Сондай-ақ кімде-кім бір киімді кигеннен кейін «Маған осы киімді кигізген және менің күш-қуатымсыз оны маған рызық етіп берген Аллаға мақтау болсын!» – десе де, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Әбу Дәуіт).

Сол секілді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа бір киімге қолы жеткен уақытта қандай дұға айту керектігін де үйреткен. Мәселен, Әбу Сағид Әл-Худри жеткізген риуаятта: «Алла елшісі қандай да бір жаңа киім киген уақытта, сәлде болсын, көйлек болсын, шапан болсын оның атын атап тұрып: «Уа, Алла! Бұл киімді маған Сен кигіздің. Сенен мұның жақсылығын сұраймын, жамандығынан сиынамын!» – деп дұға ететін», – делінген (Термизи). Сондай-ақ имам Ахмед пен Ибн Хиббан Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай өсиет еткен: «Киім кигенде және дәрет алғанда оң жақтан бастаңдар!» (Ахмед ибн Ханбал). 

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киім ауыстыруға қатысты айтқан өсиетін де жадымызда ұстау маңызды. Әлиден (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әжетханаға (оңаша жерге) кіргенде адам баласының әуреті мен жын-шайтанның көзінің арасына бөгет болатын нәрсе «Бисмиллә», - деп айту», – деген (Термизи). Демек киімімізді шешіп, басқа бір киім киер кезде әурет ашылатын болғандықтан, бисмиллә деп айтсақ, жыншайтанның сұқ көзінен Алла бізді сақтайды деген сөз.

Қорыта айтар болсақ, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр ісіндегідей киім киюде орта жолды ұстанған. Бұл мәселеде Алла Тағаланың: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Сендерге әбиірлеріңді жабатын лыпа һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі (кәдімгі киім әбиірлерің мен тәндеріңді қалай жапса, тақуалық киімі сендердің рухани әбиірлеріңді солай жауып, Алла алдындағы дәрежелеріңді арттырады). Міне, мұның бәрі – Алланың (ақиқатты көрсететін) айқын дәлелдері һәм уахи еткен аяттары. Оларды адамдар ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп түсірді», – деген сөзін («Ағраф» сүресі, 26-аят) басты назарда ұстаған жөн.

 

Асқар МҰҚАНОВ,

Абай облысының бас имамы

«Иман» журналы, №9, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру