Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СҮННЕТКЕ САЙ ТАМАҚТАНУ

Керімбек Дәуітов muftyat.kz 24.10.2024 2894 0 пікір
СҮННЕТКЕ САЙ ТАМАҚТАНУ

Жаратушы Иеміз Алла Тағаланың адамзат баласына берген ең үлкен нығметінің бірі – сусын ішу және тамақтану. Раббымыздың қалауымен Адам ата ұрпағы осы су мен астың арқасында тіршілікке қабілетті болып жаратылған. Мұнсыз адам тәні бір сәт те өмір сүре алмайды. Осындай нығметті Алла Тағала адамзат баласы үшін шүкір етсін деп жаратты.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын (немесе Қағбаны тауап ететін) болсаңдар, таза һәм әдемі киім киіңдер. (Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды», – десе, «Бақара» сүресінің 172-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің адал, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер. Егер шынымен бір Өзіне ғана құлшылық ететін болсаңдар, Аллаға шүкірлік етіңдер», – деп бұйырады.

Ислам діні бізге құлшылық жасауды ғана үйретіп қоймай, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп-жеуге қатысты әдепті де үйретеді. «Ас – адамның арқауы» демекші, тіршілік үшін адам ішіп-жеуге тәуелді. Онсыз мүмкін емес. Алайда мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей алмайды. Әуелі астың адал әрі таза болуы қажет екенін Алла Тағала бізге жоғарыда айтылған аяттарда әмір еткен. Дінімізде күнделікті ішетін асымыздың өзіндік әдебі бар екенін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге үйретіп кетті. Қазақ халқы осы әдептерді дәстүрге айналдырып, өміршең ете білді. Сондықтан бізге өзге мәдениеттің ас ішу әдебіне еліктейтіндей қажеттілік жоқ. Жаратушы Раббымыз тарапынан жіберілген асыл дініміз шариғат талабына сай тамақтануға ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде де тамақтануға қатысты әрбір мұсылман білуге тиіс көптеген қағида бар. Мақаламызда сүннетке сай тамақтану әдебін үшке бөліп қарастырамыз.

 

ТАМАҚТАНАР АЛДЫНДАҒЫ СҮННЕТТЕР

1. Тамақтанар алдында қол жуу. Ата-баба дәстүрінде де бұл әдеп көнеден қалыптасып, күнделікті амалымыздың біріне айналған. Дәстүріміз бойынша әдетте жасы кіші адам немесе жас балалар тамақ ішер алдында үйге келген қонақтың қолына су құяды әрі қонақтың батасын алады. Сәлман (оған Алла разы болсын) былай деген: «Мен Тауратты оқыдым. Онда тағамның берекесі астан кейін қол жууда деп жазылыпты», – деген. Алла елшісінен осы жайында сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тағамның берекесі – астан бұрын және кейін қолды жууда», – деді (Әбу Дәуіт, Термизи). Денсаулық сақтау саласының мамандары тамақ ішер алдында қол жуған кезде денсаулыққа қауіп төндіретін бактериялардың көзі жойылатыны анықтап, адамдарды тазалыққа шақыра бастады. Ақиқатында бұл рәсім осыдан он төрт ғасыр бұрын адамға үйретілген еді.

2. Тағамды еденге жайылған дастарқанға қою. Бұл отырыс қарапайымдылық пен Аллаға деген бойұсынуды көрсетеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мен құл секілді жеймін және құл секілді отырамын», – деген (Байхақи).

3. Асқа қол созбас бұрын өзіңізге «Мен не үшін тамақ жеймін?» деген сауал қою. Адам баласы асты Аллаға лайықты құлшылық жасауға қуаттану үшін жейді. Яғни біз өз нәпсімізді ойламауымыз керек. Нәпсінің соңынан ерген адам тамақты шамадан тыс жейді. Ағзадағы ауру-сырқаудың басым бөлігінің себебі дұрыс тамақтанбаудан туындайды. Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын», – деген. (Термизи).

4. Дастарқан басына барлық отбасы мүшелері отырғанын қадағалау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалғыз тамақтанбайтын. Хадисте: «Екі адамның тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді», – деген (Мүслим). Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көпшілікте берекет, бөлінуде азап бар», – деп бұйыру арқылы тамақ жегенде де ауызбіршілікпен бір дастарқан басында тамақтануды өсиет етті. Уаһши бин Харб жеткізген хабарға сүйенсек, бірде сахабалар пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі! Тамақтанамыз, бірақ тоймаймыз», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға қарап: «Мүмкін бөлек-бөлек ішетін шығарсыңдар», – деген кезде, олар: «Иә, дұрыс айтасыз. Біз солай ішетін едік», – деді. Сонда Пайғамбарымыз оларға қарап: «Тамақты көпшілікпен бірге ішіңдер. Тамақтанар алдында «бисмиллә» деп айтыңдар. Сонда астарың берекелі болады», – деді.

5. Тамақты дұғамен бастап жеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақ жер алдында мына дұғаны оқуды бұйырған: «Аллаһумма бәрик ләнә фиһи уә ат-ъимнә хайрам-минһ» (Мағынасы: «Уа, Алла! Бізге бұл тамаққа береке бер және бізге одан жақсысын нәсіп ет!»).

 

ТАМАҚТАНУ БАРЫСЫНДАҒЫ СҮННЕТТЕР

1. Тамақты «Бисмиллә» деп жеу. Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмиллә», яғни «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ», – дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық», – дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан)«Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық», – дейді (Мүслим). Тамақты ішуді бастап кеткен кісі «бисмиллә» сөзін айтуды ұмытқан болса, мұндай сәтте не істеу керек екенін Пайғамбарымыздың сөзінен таба аламыз. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Тамақ жер алдында «бисмиллә» деп айтыңдар. Егер тамақ ішіп жатқанда «бисмиллә» деп айтуды ұмытып кеткен болсаңдар, еске түскен сәтте дереу «Бисмилләһи әууәлиһи уә ахириһи» деңдер», – деген. Бұл дұғаның мағынасы – «Басынан аяғына дейін Алла атымен бастаймын».

2. Тамақты оң қолмен жеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тамақ жесе оң қолымен жесін, сусын ішсе оң қолымен ішсін! Өйткені шайтан (тағамды) сол қолымен жейді және (сусынды да) сол қолымен ішеді», – деп айтқан (Мүслим).

3. Тағамды әркім өз алдынан жеу. Көпшілікпен бірге ас ішкенде әдеп сақтаған жөн. Табақтың ортасынан емес, өз алдынан ас жеу әдепке жатады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Берекет астың ортасына түседі. Сол үшін табақтың ортасынан емес, шетінен бастап жеңдер», – деген. Басқа бір хадисте Омар ибн Сәләмә Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бисмиллә деп айт, оң қолыңмен әрі өз алдыңнан же», – деп бұйырғанын жеткізеді.

4. Тағамды қолмен жеу. Кағб ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі тамақты үш саусағымен жейтін және қолын сүртпей тұрып жалайтын», – деген (Мүслим).

5. Тағамды немесе сусынды көпшілік ортада оң жағынан бастап ұсыну. Әрдайым Алла елшісіне бір тағам ұсынылса, өзі ауыз тиетін де оң жағындағы адамға ұсынатын. Сол жердегі барлық адамның ауыз тиюін қалайтын.

6. Тағамды төкпей-шашпай жеу, түскен жағдайда аяқасты етпей алып алу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Негізінде шайтан барлық жағдайда жандарыңда болады. Тіпті адамның тамағының қасында да болады. Егер тамақтың бір бөлігі (жерге) түсіп қалса, ондағы зиянды кетіріп, жеп қойсын, шайтанға қалдырмасын. Әрі (тамақтанып) болған соң, саусағын жаласын, өйткені ол тамағының қайсысында береке барын білмейді», – деген (Мүслим).

7. Ыстық тамақты ауызбен де, мұрынмен де үрлемеу және ыдыс ішіне тыныс алмау. Тамаққа немесе сусынға, сондай-ақ ыдысқа дем шығару – мәкрүһ. Мұндай қылық басқа адамдарға жағымсыз болып тиеді әрі ыдысқа, тамаққа не болмаса сусынға ауыздағы микробтар мен бактериялар түседі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер кімде-кім су ішіп тұрса, ыдысына дем шығармасын. Егер ол тағы да бір жұтым жасағысы келсе, онда ыдысты аузынан алыстатып (дем шығарып), содан кейін қайтадан ішсін», – деген (Хаким). Ибн Аббастың (оған Алла разы болсын) былай айтқаны келтірілген: «Алла елшісі ешқашан тамақ пен сусынды үрлемеген. Және де ешқашан ыдысқа дем шығармаған» (Ибн Мәжа).

8. Тамақты түрегеліп ішпеу. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір адам сусынды тұрған қалпында ішуші болмасын. Ал кім ұмытып кетсе, құсып тастасын», – деген (Мүслим). Су ішпес бұрын ыдысқа үңіліп қараған жөн және ыдысты оң қолмен ұстау керек. Сондай-ақ суды сіміріп ішуге болмайды, сүннетте арасында үзіліс жасау бұйырылады.

9. Алға қойған астан мін іздемеу. Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі алдына келген бірде-бір дәмнен кемшілік іздемейтін. Егер алдындағы асты ұнатып, тәбеті тартса, дәм тататын. Ал ұнатпаса ішпей-ақ қоя салатын», – деген (Бұхари). Пайғамбарымыздың дәл осы ісі көпке үлгі-ақ. Бүкіл дастарқан әдебін бір хадиске тоғыстыра білген. Асқан ыждағатпен, еңбекпен дайындалған асқа да, дайындаған адамға да құрметпен қарау – оң іс. Алайда оның артында үлкен тәрбие жатқанын естен шығарып, ұнатпай тұрсақ, ысыра салып, берілген несібе екенін ұмытып жатамыз. Зер салып қарасақ, әр сөз – ғибрат.

 

ТАМАҚТАН КЕЙІН ОРЫНДАЛАТЫН СҮННЕТТЕР

1. Тамақты шамадан тыс артық жемеу және ысырап етпеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын», – деген (Термизи). Сүннет бойынша, ыдыста тағам қалдығын қалдырмау керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саусақтарды және табақты жалауды бұйырған және «Негізінде сендер оның қайсысында береке барын білмейсіңдер» деп айтқан (Мүслим). Асымыз Алла тарапынан келген нығмет болғандықтан, әрбір түйір ас үшін сұралатынымызды ұмытпайық. Ысырап етпеу – Алланың бұйрығы, ал оны орындамағаны үшін жаза бар екені хақ. Тым көп тағам қалатын болса, оны міскіндерге таратуға кеңес беріледі.

2. Тамақтан кейін ауызды шаю, қолды жуу – сүннет. Тазалық – иманның жартысы. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүт ішеді де, содан кейін су алдырып, аузын шаяды. Имам ән-Нәуәуи бұл хадис сүт ішкеннен кейін ауыз шаюдың абзалдығын көрсетеді десе, ғұламалар бұл сондай-ақ басқа тағамдар мен сусындарға да қатысты екенін айтқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақтың берекесі – тамаққа дейін және одан кейін қол жууда», – десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім үйінде жақсылықтың артқанын қаласа, тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін қолын жусын», – деген (Ибн Мәжа, Байһақи).

3. Тамақтан кейін шүкір мен мақтау-мадақ айту. Әнәс ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында Алла тамақ жеген соң, Өзіне мақтау айтатын немесе сусын ішкен соң Өзіне мақтау айтатын пендеге разы болады», – деген (Муслим). Тамақтан соң айтылатын дұға: «Әлхамду лилләһил-ләзи ат-ъамәни һәзә, уә разәқаниһи, мин ғайри хаулим-минни уә лә қууәһ» (Мағынасы: «Менен ешқандай күш-қуат талап етпей, мені тамақтандырып, ризықтандырған Аллаға шүкір»).

Алла Тағала Құранда былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Өйткені Алла – аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» («Әли Имран» сүресі, 31-аят). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Менің сүннетіме ілескен адам – мені шын жақсы көретін және менімен жәннатта бірге болатын адам», – деген (Термизи). Олай болса біз күнделікті өмірдің әрбір сәтінде, әрбір амалында Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілесуіміз керек. Мұнда сөзсіз табыс пен береке бар.

 

Керімбек ДӘУІТОВ,

Жетісу облысының бас имамы

«Иман» журналы, №9, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру