Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ ТҮСУ СЕБЕБІ

Серік Ахмет muftyat.kz 02.05.2024 923 0 пікір
ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ ТҮСУ СЕБЕБІ

Ғалымдар қасиетті Құранды зерттеп-зерделеу нәтижесінде аяттарды екіге бөліп қарастыруға болатынына көз жеткізген. Біріншісі – әуелден Алла тарапынан адамдарға тура жол көрсету, өмірін дұрыс жүйелеу әрі дұрыс сенім бекіту, сонымен қатар өткен қауымдардың өмірінен мысалдар немесе ғибраттар, өткен пайғамбарлардың оқиғаларын, қиямет-қайым ахуалдарын қамтып келген аяттар. Яғни осы тақырыптағы аяттар белгілі бір себепке қатысты түспеген. Екіншісі – белгілі бір себептерге орай түскен аяттар. Мысалы, ғибадат пен муғамалат баптарындағы үкім аяттары, адамдардың жеке ахуалдарына немесе ел-жұрттың жағдайына қатысты белгілі бір себеппен түскен аяттар. Біздің қозғамақ болған тақырыбымыз осы аталған бөлімдердің екіншісі жайында болмақ.

Исламның тарихына көз салсақ, Құран тәпсірлеген муфассир ғалымдар немесе Құран ілімдерінің майталмандары сан ғасырдан бері «Әсбәбу ән-нузул» (Құран аяттарының түсу себептері) тақырыбында сансыз еңбек жазып қалдырғанын көреміз. Бұл мәселе аталмыш ғылымның маңызы орасан зор екенін білдіреді. Құран ілімдерінің негіздерінің бірі болып саналатын «Әсбәбу ән-нузул» тақырыбын оқырманға түсінікті болуы үшін түсіндіре кетейік.

«Әсбәбу ән-нузул» дегеніміз – бір немесе бірнеше аяттың белгілі бір оқиғаларға орай, белгілі мәселелерге жауап ретінде баяндау мақсатында түскен аяттар. Яғни Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойылған сұраққа жауап ретінде немесе белгілі
бір оқиға орын алғанда соны баяндау мақсатында түскен бір немесе бірнеше аят. Кейде аяттар белгілі бір оқиға орын алғаннан кейін бірден немесе Алланың хикметіне орай белгілі бір уақыттан кейін түскен екен.

Белгілі бір орын алған оқиғаға байланысты, белгілі бір уақыттан кейін Алланың өзіне ғана мәлім хикметке орай түскен аятқа «Ифк оқиғасын» келтіруге болады. Имам Бұхари Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткізген хадисінде Алла Тағала Айша анамыздың таза әрі шыншыл екенін растап «Нұр» сүресінің 11-20 аяттарын түсіреді. Кейбір ғалымдар «Ифк оқиғасынан» бір айдан кейін аят түсті десе, осы хадиске шарх жасаған кейбір ғалымдар елу күннен кейін түсті деген. Екі көзқарасты да жинап, Ибн Хажар әл-Асқалани: «Елу күн ол Айша анамыздың Мәдина қаласына келгендегі уақытпен есептегенде, ал отыз күн Айшаның әке-шешесінің үйіне келген уақыттан бастап есептегенде», – деп түсіндіреді.

«Әсбәбу ән-нузул» (аяттардың түсу себептері) қайдан алынады?

Аяттардың түсу себептерін немесе Құран сүрелерінің түсу себептерін біз Пайғамбар заманында өмір сүрген, оған иман келтіріп, сұхбаттас болып, белгілі бір оқиғаға немесе сұраққа қатысты аяттың түсуін өз көзімен көрген сахабалардан сахих болып бізге жеткен хабарлардан ғана біле аламыз. Имам әл-Уахиди (оған Алла разы болсын) айтады: «Әсбәбу ән-нузул» сол оқиғаның басы-қасында болып, белгілі бір себепке қатысты түскенін өз көзімен көрген сахабадан сахих болып жеткен хабарлардан ғана алынады». Имам Ахмад өзінің «Муснәд» кітабында тізбегі Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білмеген хадистеріңнен сақ болыңдар! Кімде-кім менің атымнан әдейі жалған сөйлейтін болса, өз орнын оттан дайындай берсін. Кімде-кім Құранға қатысты білімсіз жалған сөйлейтін болса, өз орнын оттан дайындай берсін», – деген сөзін жеткізеді. Сол себепті ғұламалар аяттардың түсу себебіне келгенде оны өте қатал сараптап, саралайтын болған. Мұхаммад ибн Сирин (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Мен Абидадан Құранның бір аяты туралы сұрағанымда ол маған: «Алладан қорық, бұл мәселелерді білетін адамдар өмірден өтіп кеткен», – деп айтты». Егер сахих риуаят сахабадан жететін болса ғана, ғұламалар еш шүбәсіз қабыл алатын болған.

«Әсбәбу ән-нузул» табиғиндерден жеткен риуаяттан алына ма?

Табиғиндерден жеткен риуаят болса, келесі төрт шарт орындалса ғана алынады. Біріншіден, табиғиннің аяттың себебіне қатысты айтылған сөзі сарих (айқын) болуы тиіс. Екіншіден, келтірген хабарының тізбегі сахих болуы тиіс. Үшіншіден, басқа мурсал хадиспен (табиғиннен жеткен хадис) қуатталуы керек. Төртіншіден, хабарды жеткізуші табиғин сахабалардан сабақ алған үлкен тәпсірші ғалым болуы тиіс.

«Әсбәбу ән-нузулді» білудің беретін пайдасы қандай? Әлбетте пайдасы өте көп. Соның ішіндегі ең маңыздыларын ғана атап өтейік.

Біріншісі, Қасиетті Құранды дұрыс түсіну. Расында Құранда мағынасы ашық айтылмаған аяттар өте көп. Аяттың «сәбәб нузулін» (аяттың түсу себебін) білген адам ғана оның мәнін түсінеді. Имам әл-Уахиди айтқандай, «Аяттардың «сәбәбу ән-нузулін» білмей, Құранды тәпсірлеу мүмкін емес». 

Екіншісі, шариғаттағы бекітілген үкімдердің хикметін түсіну. Шариғи үкімдердің белгілі бір жағдайға байланысты түскенін біліп, оның мақсатын түсіну. Мысалы, арақтың харам етілуіндегі себебі – адамдардың ақылынан айырылып, барлық азғындықтың кілті болуы.

Үшіншісі, аят, сүрелердің түсу себептерін білу оларды тез түсініп, жеңіл жаттауға, ұмытқан жағдайда жылдам еске түсіруге септігін тигізеді.

Төртіншісі, Құран Кәрімнің Алла Тағала тарапынан түсірілгенін білдіреді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір қойылған сұраққа бірден жауап бермей, уахидің келуін күтетін. Сол секілді басы-қасында болмаған қандай да бір жайттың анық-қанығы уахи арқылы білдірілетін. Мысалы, Абдуллаһ ибн Масғуд: «…Олардың (яһудилердің) бірі орнынан тұрып: «Ей, Әбу әл-Қасым! Рух деген не?» – деп сұрады. (Пайғамбар) үнсіз тұрып қалды. Мен өз-өзіме: «Оған уахи
келіп жатыр»,– дедім де (араларында) тұрдым. Уахи аяқталған соң, ол: «Олар сенен рух туралы сұрайды, «Рух – Раббымның әмірінен, сендерге білімнен аз ғана берілді», – деп айт», – деді», – деп айтқан (Бұхари).

Аяттардың белгілі бір себептерге байланысты түсуі Алла Тағаланың хикметінен. Одан мұсылмандармен қатар мұсылман еместер де пайда алады. Мұсылманның алар пайдасы сол, Алла Тағаланың кітабын басшылыққа алуға және ондағы үкімдерді орындауға ынталанып, иманын қуаттай түседі. Ислам шариғатының жалпы адамзат мүддесі үшін, қоғамның да санасының деңгейіне қарай, аяттардың бірте-бірте түсуі санасында саңылауы бар мұсылман еместің де көкірегіноятып, ойландырары, тура жолға бастары сөзсіз.

 

Серік АХМЕТ,

ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру