Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

200 ТЕҢГЕГЕ «МЕШІТ САЛҒАН» ОҚУШЫНЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ағабек Қонарбайұлы muftyat.kz 03.10.2023 5463 0 пікір
200 ТЕҢГЕГЕ «МЕШІТ САЛҒАН» ОҚУШЫНЫҢ ОҚИҒАСЫ

Бірде құрылыс басында жүргенімде бейтаныс кісі келіп, қолыма ақ қағаз ұстатты. «Бұл – қарттар үйіндегі бір әженің аманаты. Соны өзіңізге табыстау үшін арнайы келдім» деді. Қағазды ашып оқысам: «Жаңа мешіт құрылысына менің үлесім. 2 мың теңге» деп жазыпты. Қарттар үйінде отырып, біздің ісімізге сырттай тілеулес болып қана қоймай қалтасындағы бар ақшасын беріп жіберген қарт әжейдің ниеті мен амалына Алла мол сауаптан жазсын деп іштей тіледік.

Осыған ұқсас әсерлі оқиғалар көп болды. Соның ішінде маған әсер еткені – бір оқушының ізгі ісі. Бастауыш сыныбында оқитын кішкентай бауырымызға ата-анасы күн сайын 200 теңге береді екен. Ол әке-шешесінің «балам, қарның ашып қалмасын, сабақ арасында су ішіп, тоқаш жеп ал» деп берген 200 теңгесін мешіт құрылысына арналған қорға әкеп тапсырды. Бұл ісін бірнеше рет қайталады. «Балақай, ата-анаң бұл ақшаны тоқаш сатып алуға берген болса, оны неге мешітке әкелдің?» деп сұрадық. Ол: «Мешітке мен де үлес қосқым келді. Бұл менің ауылымның мешіті ғой», – деп жауап берді. Балақайдың ақылы мен тапқырлықпен қайтарған жауабына ешқандай уәжайта алмадық...

ЕРЛІККЕ БЕРГІСІЗ ІС

Бәріміз де бала болдық қой. Қолымызға аз-кем ақша тисе, дүкенге құстай ұшып, тәтті алып, балмұздақ жеп, мәз болатынбыз. Алайда әлгі балақайдың түсінігі мен ісі бәрімізді таңғалдырды. Мектептегі күнделікті тамағынан бас тартып, былайша айтқанда, балалық қалауын жеңіп, сәби жүрекпен, кіршіксіз ниетпен мешітке деп әкеп тұрған 200 теңгесін өзіне қайтарып бере алмадық. Баланың шынайы ниетпен саналы түрде жасаған бұл әрекеті бізге үлкен мотивация берді. Балақайдың бұл ісінде үлкен қайыр бар және біз үшін өмірлік өнеге болуы тиіс деп ойладық. Сәбидің періште тілегі қабыл болады. Алла қаласа, осыдан кейін мешіт құрылысы қарқын алып, көп ұзамай ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі деген жақсы ойда болдық.

Сәті келгенде әлгі бүлдіршіннің жасаған ерлігін мешіт құрылысына тұрақты түрде қаржылай көмектесіп жүрген демеушілерге әңгімелеп бердім. Олар да бастауыш сыныпта оқитын баланың бұл әрекетінен қатты әсер алып: «Расында мешітті біз емес сол оқушы салдырып жатыр екен ғой. Ол шынайы ықыласымен өзіне ешнәрсе қалдырмай, қолындағы барымен бөлісті. Ал біз табысымыздың белгілі бөлігін ғана мешітке беріп отырмыз. Оның тәуекелі мен біздің тәуекеліміздің айырмасы – жер мен көктей. Бір емес, бірнеше рет өз қалауын жеңіп, 200 теңгесін мешітке әкеп беруі ерлікке пара-пар іс», – деп толғаныспен ой қозғады.

Иә, адамның ниеті мен ықыласы сауап тұрғысынан амалынан басым болады екен. Атақты табиғин Абдулла ибн Мү бәрактың (Алла оны рақымына алсын) мынадай сөзі бар: «Аз амалды ниет көбейтеді, көп амалды ниет азайтады». Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, мұсылманның ниеті – ісінен қайырлы. Алла Тағала Қиямет күні амал жазатын періштелеріне: «Пәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны, мынаны жаз», – деп бұйырады екен. Сонда періштелер: «Уа, Раббымыз! Бұл пендеңнің он дай бір ісін жазбадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ», – дейді екен. Сонда Алла Тағала: «Құлым мұны істеуге ниет қойған еді», – деп жауап береді. Міне, көр діңіз бе? Адам баласы жақсы ниетімен-ақ жақсылыққа кенеледі. Оқушының жақсы ниетінің өзі керемет емес пе? Осы оқиғадан мынадай ой түйдік: ізгі ниеті ұлық болған ұлдарымыз бар кезде біз Алланың қалауымен ешқашан жаман болмаймыз».

Имам сөзін осылай тәмамдады. Біз де бұл оқиғадан көп сабақ алдық. Осы мақаланы жазу барысында Ақмола облысына қарасты ауылда имам болып жұмыс істейтін таныс кісімен сөйлесіп қалдым. Ниетімен 200 теңгеге «мешіт салған» оқушының амалы жайлы баяндап бергенімде ол да әсерленіп, басынан өткен бір ғибратты оқиғаны әңгімелеп берді.

КӨЛІККЕ ЖИНАҒАН АҚШАСЫН МЕШІТКЕ БЕРГЕН

«Ол кезде қызымның жасы небары алтыда болатын. «Қыз әкесіне жақын болады» деген сөзге бұрын мән бермейтінмін. Осы оқиғадан кейін қызымның маған деген махаббатын, қамқорлығын көріп көңілім босап кетті...

Имамдық деген халыққа қызмет емес пе? Халықтың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, ары-бері шапқылап жүресің. Арасында отбасыңа да көңіл бөлуің керек. Олардың да ақысын бермесе болмайды. Әйтпесе бізде нақты демалыс күні жоқ. «Ажал айтып келмейді» дегендей, мешіттің сан алуан шаруасынан бөлек кісі қайтыс болған үйлерде діни рәсімдерді атқаруың қажет. Осындай қарбалас жұмыс арасында уақыт тауып, бала-шағаға көңіл бөлу әкенің міндеті емес пе?

Бірінен соң бірі жалғаса беретін шаруаға жаяу шапқылап жүргенімді көрген алты жастағы қызым қасиетті Қағба секілді төрт бұрышты ағаштан жасалған қорапшаға ақша жинай бастапты. Онысын маған айтпаған. Анасына «осы қорапшаны ақшаға толтырған соң әкеме көлік әперем, жаяу жүріп әбден шаршады» депті. Ниетінен айналмайсың ба? Жұма күні балаларыма сыйлық жасайтын әдетім бар. Жұма мұсылман үшін мереке болған соң бала-шағаға аз-кем ақша беремін. Қызым өзіне бірілген ақшаға ешнәрсе алмай, бәрін қорапшасына сала беріпті...

Қазір ауылымызда жөндеуге келмейтін шағын ескі мешіт бар. Мешітке келушілер саны күн сайын артып келеді. Жұма, айт намаздары кезінде мешіт былай тұрсын, ауласына адам сыймай қалады. Бір күні ауыл әкімдігімен, жамағатпен ақылдаса келе аумағы үлкен жаңа мешіт саламыз деп шештік. Қай жерде жүрсем де халықты мешіт құрылысына көмектесуге шақырамын. Үйге келген қонақтардың да осы мәселе бойынша «мазасын» аламын.

Мешітті бітірмей жаным жай таппайтынын сезген әлгі алты жастағы қызым бірде: «Әке, мына қорапшадағы ақшаға сізге көлік әперем деп ойлағам. Бірақ осыны мешітке берсек қалай болады?» – деп тосыннан сұрақ қойды. «Мұны қайдан алдың? Неге мешітке бергің келіп тұр?» – деген сұрағыма: «Сіз берген ақшаларды осы қорапшаға жинап келдім. Негізі сізге мәшине сатып алам деп ойлағам. Бірақ сіз үнемі адамдарға «жаңа мешітке көмектесіңдер» деп айтып жүресіз ғой. Айтқаныңызды бірінші болып орындағым келді», – деп жауап берді. Не айтарымды білмей, қызымды құшақтап ұзақ үнсіз тұрып қалдым. Жүрегім елжіреп кетті. Осындай ақылды қыз берген Құдайға шүкір айттым. Көңілін қимай, ниеті орындалсын деген оймен қорапшаға жинаған ақшасын түгел мешіт құрылысына жұмсадық». Ауыл имамымен болған әңгімеге осы жерден нүкте қойылды.

«ЖҮРЕК – ПАТША,     АҒЗАЛАР – ОНЫҢ ӘСКЕРІ»

Осы оқиғалардан өзімізге біраз ой түйдік. Ұл-қызымызды біздің игі бастамаларымызға, ізгі істерімізге жанкүйер болуға тәрбиелеуіміз керек екен. Сонда отбасында әке бастаған жақсы істердің нәтижесі берекелі болады. Отбасы қолдаған отағасын отандастары да қолдайды. Көшбасшылық қасиет шаңырақтан басталады. Ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын десек, олардың жүрегін мешітке байлау қажет. Мешітке байланған жүрек жақсы істерге бастамашыл келеді. Өйткені әрбір істі басқаратын орталық бар. Адам баласының сана-сезімін басқаратын орталық – жүрек. Жүрекке ар мен намыс, ұят пен иба, адамгершілік пен мейірімділік сынды құндылықтарды ұялатсақ, баланың тұла бойында ізгілік пен жақсы мінез көрініс табады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жүрек – патша, ағзалар – оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Егер патша әлсіз болса, әскері де әлсіз болады», – деген. Кейде баланың іс-әрекетінен де сабақ алу қажет. Себебі бала ешқашан ертеңгі ризық-несібесі үшін алаңдамайды. Не істесе де шын ниетпен орын дайды. Егер біздің қолымызда соңғы ақшамыз қалса, оны түгел мешіт құрылысына жұмсар ма едік? Ертеңгі күнімізді ойлап, белгілі бөлігін ғана береміз, солай емес пе? Ал бала барын береді. Нәпсі-қалауын тізгіндей алған бала өскенде бойын күнәдан алыс ұстай алатын дәрежеге жетеді. Бала үшін балмұздақтан, тоқаштан бас тарту ауыр ғой. Бірақ одан саналы түрде бас тартып, мешіт құрылысына бар ақ шасын берген бүлдіршіннің тәуекелін айтсаңшы?! Бізге де кейде осындай тәуекел жетіспей жатады.

Ниет – бәрінен биік тұратын құндылық. Әр адамға сәби көңіл керек. Мұсылман адам ізгі ниеті үшін жасамаған амалының сауабын алады екен. Бұған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге бір нәрсе айтамын, жақсылап түсініп алыңдар! Дүниеде төрт түрлі адам бар. Біріншісі – Алла өзіне мал-мүлік пен білім берген адам. Бұл кісі мал-мүлкін Алла жолында жұмсайды, туыстарына қарайласып, байлығы мен дүние-мүлкінде Алланың ақысы бар екенін біледі. Бұл – ең жоғарғы дәреже. Екіншісі – Алла өзіне білім берген, бірақ мал-мүлік бермеген адам. Бұл адам жақсы ниетпен «егер менде де байлық болса, мен де оны Алла жолына жұмсайтын едім» деген ниетте болады. Бұл кісі де осы ниетінің жемісін көреді. Нәтижесінде екеуінің алатын сауабы тең болады», – деген. Тағы бір қасиетті хадис-шарифте: «Кімде кім жақсылық істеуге ниет етіп, істей алмай қалса, Алла Тағала оған толық жақсылық істегендей сауап жазады. Ал жақсы іске ниет етіп, сол ниетін іске асырған кісіге Алла он еседен жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп сауап жазады», – делінген. Адамның жаны тәніне қандай қажет болса, ниет те амалға сондай қажет.

 

ТАРАЗЫДА АУЫР ТАРТҚАН АЙРАН

Мақаланың қорытындылар сәтте мешіт салып жатқан құрылысшыларға бір кесе айран ұсынып, есеп күнінде сол кішкентай амалы үлкен сауапқа айналған кейуананың ниеті жайлы оқиға еске түсті. Бұл Түркияда болған жағдай еді. Ыстамбұлда «Сүлеймания» мешіті бар. Ол 2019 жылға дейін, яғни қазіргі «Шамлыжа» мешіті тұрғызылғанға дейін көлемі жағынан бірінші орында болды. «Сүлеймания» мешіті – Османлы сәулет өнерінің ең озық үлгілерінің бірі. Мешітті Сүлеймен сұлтан салдырғаны үшін «Сүлеймания» деп аталған.

Мешіт салудың сауабы мол екенін түсінген Сүлеймен патша Алла үйін тек өзінің қаражатына тұрғызуға бел буады. Сол үшін қарамағындағыларға құрылыс жұмысына ешкімді араластырмауды бұйырады. Бұл ниетін құрылысшыларға да жеткізіп: «Мешітке кететін шығынды толық өзім өтеймін. Ешкімнен ешнәрсе алушы болмаңдар», – деп шегелейді. Осылайша Ыстамбұл төрінен күмбезі аспанмен таласқан зәулім мешіт салына бастайды.

Мешіт жанында тұратын кейуана құлшылық үйінің құрылысына көмектескісі келеді. Алайда оның қолында ешқандай қаражат болмайды. Үйінің ауласында жайылып жүрген жалғыз ешкіден басқа байлығы жоқ еді. Дегенмен шынайы ниет пен жаңа мешіттің жұмысына өз үлесін қосуды қатты қалайды. Ешкі сүтін сатып күнелтетін ол ниетінен қайтпай, мешіт салынып жатқанда қарап қалмайын, тым болмаса ыстық күнде жұмыс істеп жатқан құрылысшылардың тамағын жібітіп, шөлін қандырайын деген оймен бір кесе айран ұсынады. Құрылысшылар айранды сіміріп алады.

Сол түні Сүлеймен сұлтан түс көреді. Түсінде ақыретте адамдардың есеп беріп жатқанын көреді. Кезек оған келеді. Есеп таразысының бір басына салдырған мешіті, екінші басына бір кесе айран қойылады. Алайда бір кесе айран мешіттен ауыр тартады. Бұл көріністен шошып оянған ол таңғы шаруасын мешіт салып жатқан құрылысшыларды сұрақтың астына алудан бастайды. Мешітке қандай адам қаражат әкеп бергенін немесе кім құрылыс жұмысына көмектескенін сұрайды. Құрылысшылардың бірі күндіз қарт әжей бір кесе айран бергенін жеткізеді. Сұлтан мән-жайды бірден түсінеді де үнсіз қалады.

Ізгілерден қалған: «Амалдан бұрын ниет етуді үйрен. Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Пенде жақсы ниеттен танбаған сайын ізгіліктің жолында болады. Жақсылықта алға шығу қадаммен емес ниетпен болады», – деген сіздің мәні осында жатса керек. Жақсы ниетпен қолынан келген кішкентай амалды жасап, бір кесе айран ұсынған кейуананың ісі таразы басында ауыр тартуы көп нәрсені біл діреді. Сондықтан әрдайым жақсы ниет те болайық! Ниетті әрдайым түзеп отырмасақ, лезде құбылып шыға келеді. Ғұлама Суфуян әс-Сәуридің (Алла оны ра қымына алсын): «Ниетімнен басқа ешбір іспен арпалысқан емеспін. Себебі ниет (маған) әрдайым құбылып тұрады», – депті.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №13, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру