Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘУЛІТ – СИНКРЕТТІ ЖАНР

Төрәлі ҚЫДЫР muftyat.kz 30.10.2020 1017 0 пікір
МӘУЛІТ – СИНКРЕТТІ ЖАНР

Пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттайтын шығармалардың бірі – Мәуліт. Сөздікте «туылу, дүниеге келу» деген мағына бергенімен де, діни термин ретінде пайғамбардың туған күнін атап өтуді айтады. Мәулітте Алла елшісінің өнегелі өмірі туралы жазылған шығармалар оқылып, мадақ жырлар айтылады.

Пайғамбардың туған күніне арнайы жазылған шығармаларды «Мәуліт шәріп» деп атайды. Әдетте мәулітте оқылатын жырлар қасида жанрының өлең құрылысымен жазылатындықтан да, кейде «Қасида» деп те аталады.

Мәуліт – синкретті жанр. Себебі мәуліт шәріптерде пайғамбарды мадақтап, салауат айтылады (нағт), ғибратты ғұмырынан үзінділер оқылады (сияр), пайғамбарлық мұғжизалары қатарында көкке көтерілгені дәріптеліп (миғражнама), ерекше қасиеттері (хилиә) мен көркем мінезі (шәмаил) насихатталады. Сондай-ақ, мәуліт белгілі бір мақам үстінде орындалып, бір сюжет не оқиға желісі аяқталар тұста пайғамбарға салауат айтылып, қошаметке тола жыр жолдары арналады.

Мәуліттің басқа діни жанрлардан айырмашылығы – тек қана өлең сөзбен жазылып, белгілі бір мақам үстінде оқылатындығында.

Дін – насихат. Үгіт-насихат дұрыс жүргізілгенде ғана дін шынайы имани сенімге ұласады. Осы жағын ескерген шайырлар пайғамбардың ардақты тұлғасын, көркем мінезі мен ерекше қасиеттерін жырлау арқылы Исламды таратуға атсалысты. Соның нәтижесінде Шығыс мұсылман әдебиетінде әуелі арнаулармен басталған бұл дәстүр ХІІ-ХV ғасырларда мазмұн, форма жағынан кеңейсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда кемеліне келді.

Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» деп жазғанындай, қазақ даласынан шыққан ақындар Алла елшісінің асыл қасиеттерін жырлау арқылы Ұлы дала төсінде Исламды кеңінен насихаттады.

 

Төрәлі ҚЫДЫР,

филология ғылымдарының кандидаты

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі