Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ – МҰХАМЕДХАН СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ

Заңғар Кәрімхан muftyat.kz 31.05.2020 830 0 пікір
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ – МҰХАМЕДХАН СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ

Алашорда үкіметінің қысылтаяң кезеңдегі ұлттық әскер құруға атсалысу және қазақ жастарын білімге, оқуға жұмылдыру ісінде барымен бөліскен атымтай жомарт қазақ байлары Қаражан Үкібай, Жұмеке Оразалыұлы, Медеу Оразбай баласы, Ике Әділұлы, Тұрағұл Абайұлы, Ақайдың Хасені, Маман ұрпақтары, ағайынды Ақбайұлдары мен Бекметевтердің қатарында Мұхамедхан Сейітқұлұлы да болды.

Биыл туғанына тура 150 жыл толып отырған Мұхамедхан Сейітқұлұлының өмір жолы мен қызметін саралағанда тағдырлы тұлғаның ең маңызды деген төрт қырлы қабілетіне барынша мән беруге тиістіміз. Алпыс жеті жыл ғұмырында ол  ағартушы, мәдениет және дін қайраткері, алашордашы, меценат бола алды. Тұлғаның осы аталған қабілеттері бір-бірімен байланысты да өрбиді.

Өткен ғасырдың ғажап бір перзенті Мұхамедхан Сейітқұлұлы 1870 жылдың 22 сәуірінде бұрынғы Семей облысының Көкен болысында дүниеге келген. Семей шаһарынан небары 60-70 шақырым жерде жатқан Көкен тауы – уақ руының жері. Олардың тобықты руымен жер дауына байланысты туындаған «Кеңгірбайдың тас үйгені» деген оқиға сақталған. Шыңғыстауға бет түзеген тобықты рулары жердің тарлығына байланысты көршілес рулармен таласып, тартысып жүріп аумақты кеңейте береді. Ал Абай заманында Көкенді Әлімхан төре билеп-төстеп, елді басқарған көшелі азамат болыпты. Оның ұлы ақынмен жақсы сыйлас болғаны ел аузындағы әңгімелерде әлі де айтылады. Міне, осы Көкентауда бір жарым ғасыр уақыт бұрын болашақ ел мырзасы дүние есігін ашады.

Адамның азамат болып қалыптасуы үшін керек әрі маңызды тұғыр білім екені белгілі. Жас Мұхамедханның қайда, қалай білім алғаны туралы нақты деректер жоқтың қасы. Қалай болғанда да ол сол кезеңдегі қазақ жастары секілді алғашында ауыл молдасынан хат танып, кейінен Семей секілді ірі шаһардан білім алып, таным көкжиегін кеңейткені ақиқат. Алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың Мұхамедхан өмірі жайлы ой-толғауында оны «Оқыған азамат» деп көрсетуі тегін болмаса керек. Өйткені жас да талапты буынға білім шуағын шашу үшін адамның өзінде қалыптасқан білім іргетасы болуы тиіс.

Мұхамедхан Сейітқұлұлы Семей өңіріне белгілі дін қайраткері ретінде танылды. Оның діни көзқарасы бұрынғы ескішіл, керітартпа үлгіде емес, жаңа бағытта, ойшыл Абай ұстанымымен үйлесе өрбіді. Өз дәуірінде тек дін сабақтарынан өзге де арифметика, жағрапия, тарих пәндерін оқытып, үлгілі оқу орнына айналған Ахмет Риза медресесінде шәкірттерге сабақ беруі, Тінібай мешітінде имамдық қылуы жаңашыл, озық ойлы көзқарастағы адам екенін танытады.

Мұхамедхан Сейітқұлұлының елге еңбек сіңіру жолында халықтың білім алуын, әсіресе ел азаматтарының, жастардың прогресивті ойын құптаумен қатар олардың жан-жақты тұлғалық қалыптасуына мүдделі болды. Ол үшін руханияттың өшпес шамшырағы кітапхананың атқарар маңызы орасан зор еді.

Алаш қозғалысынң алғышарттары қалыптаса бастаған ХІХ ғасырдың соңғы сағаттары мен идеяны біржолата тұншықтарған 37 жылғы ойранға дейінгі аласапыран уақыт – Мұхамедхан Сейітқұлының да адам баласына бұйырар санаулы ғұмырының мәнді кезеңі. Осы уақыт аралығында ол туған халқының рухани құндылықтарын сақтап, мәдениетін жақсартуға барынша атсалысты, күрес жолында өтті. Семей қаласының Алаш бөлігіндегі Тінібай мешітінің жанындағы оның екі қабатты еңселі үйі кітапханаға айналды. Ол тек кітаптар сап түзеген жансыз ғимарат емес, елдің ертеңгі тағдырын ойлаған алашшыл азаматтардың бас қосып, мәселе шешетін, білім, мәдениет ошағы бола білді. Үй иесі жинаған аса бай кітапхана қазақ ұлтының бірегей мәдениеті мен әдебиетіне қызыққан жанның бәріне ашық қызмет көрсетті.

Мұхамедхан Сейітқұлының зәулім үйінің кең сарайдай бір бөлмесін алып жатқан бай кітапханаға қазақ тілінен бөлек орыс, татар тілдерінде шыққан сол кезеңдегі көптеген газет-журналдарды арнайы жазғызып, жан-жақтан келіп жететін. Айталық, қазақтың алғашқы басылымдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті, татардың «Уақыт» газеті мен «Шура» журналы, әлденеше «вестниктер» мен «листоктардың» түр-түрі М. Сейітқұлұлының шаңырағынан табылатын.

Семей қаласында 1917-1919 жылдар аралығында шыққан «Сарыарқа» газеті мен 1918 жылдың он айында жарық көрген «Абай» журналына үлкен қамқорлықпен демеушілік танытқан да Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Отбасылық архивінде сақталған деректерге сүйенсек, белгілі бер кезеңде ұлт газеті «Қазақтың» жолына да қаржы жұмсап, мәрттік көрсеткен екен. Сондай-ақ ол көптеген қолжазбаларды, халықтық тарихи поэмаларды, эпостарды – қазақ халқының сан ғасырлық фольклорлық мұрасын жинап, ұқыптап сақтаған. Бұл рухани қымбат қазыналар кейін ғалым ұлының кәдесіне жарап, ұлт игілігіне айналған еді.

Осы бір ғажайып тарихи үйдің біз білмейтін басқа қандай қыры бар? Тұрсын Жұртбай «Мұхамедханның көк шатыры» деп дәріптеген үйдің тарихи маңызы неде? Алаш дәуірінің шежіресі Семейдің Заречная бөлігінде орналасқан көзтартар көркем де еңселі үйге Абай мен оның шәкірттері, Шәкәрім, әнші-композиторлар дамылдасып келіп, дуылдасып түсіп жататын. Алаш кезеңінде мұнда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыдырыс Мұстамбай баласы, Сәбит Дөнентаев, Мәннен Тұрғанбайұлы, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет Қапсәлемов, Иса Байзақов, Исайын Жаңбырбаев т.б. қазақтың ірі тұлғалары кездесіп, әңгіме-дүкен құрған.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға қатысты бірер дерек осы отбасы архивінен, ғалым ұлы Қайымның естеліктерінен бізге жетіп отыр. Онда Мұхамедхан Әлихан Бөкейханды қолдап, Семейдің Заречная бөлігі тұрғындарының жиналысында қалаға «Алаш» атауын қайтару мазмұнында сөз сөйлеген.

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл шаңыраққа 1912 жылы қонақ болып келіп, әңгімелесіп, сол сапарда фотосуретке түседі. Бүгінге баршамызға белгілі сол сурет Мұхамедхан ұрпақтарының отбасылық архивінде ұзақ сақталып, ғылыми қорымызға енді. Ал тағы бір деректерден байқағанымыздай, әлдеқалай басына іс түскен Шәкәрім мен Міржақыпты қамаудан құтқарып алуы оның Алаш мүддесі жолында аянбастан қызмет қылғанын айқындайды. 

Сол кезеңде Семейдегі мұғалімдер семинариясының студенті Мұхтар Әуезов Мұхамедхан шаңырағымен таныс, үйге қонаққа жиі кеп тұратын. Оқу шағында-ақ ол «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Ел ағасы» пьесаларының дайындығын бастауда аталған шаңырақтың кітапханасын еркін пайдаланғаны айтпаса да түсінікті. Осылайша қазақ пьесаларының алғашқы нұсқалары әйгілі шаңырақта, белгілі кітапханада жазылды деуге толық негіз бар. Жазушының үй иесімен таныстығы оның ғалым ұлы Қайымның ұстазы болуымен жалғасып, ғасыр оқиғасына бергісіз сабақтастық құрайды.

Қазақ даласына қарумен, қызыл қанмен орнаған совет билігі қазақ оқығандары мен ауқаттыларының соңына түсіп қуғындағаны секілді Мұхамедхан Сейітқұлұлына да жылы қабақ танытпады. Ол 1921 жылдан бастап жаңа үкіметтің қырына ілікті, баяғы бейбіт заман, жайлы өмірді сүрмек түгілі аңсау мұңға айналып, ақырында жұмыр басты жұтқызып тынды.

Мұхамедхан Сейітқұлұлы санаулы ғұмырында тіміскілеу мен тергеу-тінтуге төрт мәрте ұшырады. 1921 жылы «алашшыл» деген айыппен алғаш рет тергеуге алынса, 1928-1929 жылдары байларды кәмпескелеу науқанына ұшырап, мал-мүлкі түгел тәркіленді. Мұнымен тынбаған шолақ белсенділер 1932 жылы да қуғын-сүргінге салып, түрмеден түрмеге айдады. Жазықсыз айдаулар мен қара бұлт торлаған репрессия құрсауына қарамастан ол өзінің туған жерінен аулақ кетуді ойына да алмаған. Ал сталиндік репрессияның қара дауылы үйіріліп, 1937 жылдың 24 қарашасында ұсталған Мұхамедханның өзін Совет үкіметіне қарсы күрескен дін қайраткері деген айыппен он күнге де жеткізбей, 2 желтоқсанда жер жастандырады.

Осылайша қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі жанашыры, халық қамқоры, меценат Мұхамедхан Сейітқұлұлы 67 жасында опат болды. Ғазиз жанның қай жерде және қалай жерленгені белгісіз, өзгенің суреттері сақталған мұрағатында өзінің бір суреті болмай шықты. Өзекті өртейтін өкініш осы. 

Заңғар КӘРІМХАН 

«Мұнара» газеті, №10, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі