Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚЫЗЫЛ АЙДЫ ҚАЙТАРСАҚ ҚАЙТЕДІ?

Серікбол Хасан "Мұнара" газеті 27.11.2019 640 0 пікір
ҚЫЗЫЛ АЙДЫ ҚАЙТАРСАҚ ҚАЙТЕДІ?

Бала кезімде көрген бір жағдай әлі есімнен кетпейді. Әжем сырқаттанып қалып, емханаға барғанбыз. Емхананың есігіне қолын соза бергені сол еді, дереу кері бұрылды да «болды, қайтамыз» деді. Ол кезде неге олай жасағанын түсінгем жоқ. Көңілді бір сәтінде осы оқиғаны есіне салғанымда «кәпірдің кеңсесіне кіргім келмеді» деп қысқа ғана қайырды. 

Кейін түсіндім, әжем емхананың есігіндегі қызыл кресті көріп, «ауырсам да күнә арқаламайын» деп кері қайтқан екен ғой. Осындай бір оқиғаны ілгеріректе бүгінде Жазушылар одағын басқарып отырған белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің бір мақаласынан оқыдым. Ол жерде Ұлағаң сырқаттанып қалған көршi кемпiрдің келiнi шақырған «Жедел жәрдем» көлiгiне отырудан бас тартқанын айтады. Мұндағы оқиға да осындай. Құдайдан қорыққан кейуана дерті меңдесе де, қызыл крест бейнеленген «Жедел жәрдемге» мінбей қойған. Не деген тақуалық десеңші!

Өткенде балаларды алып, Хан-Шатырдың ішіндегі жаңадан ашылған «МиниСити» деген ойын алаңына бардық. Ойын алаңында аурухана, полиция, өрт сөндіру бекеті, мектеп, наубайхана, дүкен секілді әр мамандықтың өз үйшігі жасалған екен. Балалар әрқайсысына кіріп, әртүрлі «кәсіп игеріп», бір сәт мәз-мейрам болып қалды. Сонда байқағаным – «аурухананың» төбесінде қызыл ай тұр. Иә, қызыл крест емес, қызыл ай! Қандай ғажап көрініс!

Біздің дәріханадан бастап, емхана, аурухана атаулының жақтауынан қызыл кресті күнде көріп, көзіміз үйренгені сонша, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, әлі де өзге діннің атрибутынан бас тарта алмай жүр екенбіз.

Шынында солай емес пе? Ауруханаға барсаңыз, алдыңыздан крест шығады. Қаладағы самсаған дәріханалардан да осындай қызыл кресті көресіз. Ол аздай кейінгі кездері дәріханалар қызыл емес жасыл кресті жиі пайдаланатын болып алды. Жасыл түс – мұсылмандардың жақсы көретін түсі. Олай болса, кресті жасылға бояп қою деген барып тұрған мазақ емес пе?

Мешіттер мен мазарларға қараңызшы, бәрінде ай белгісі тұр. Рас, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен әйгілі төрт халифаның кезінде ай белгісі болған жоқ. Алайда одан кейінгі кезеңде мешіттер көбейіп, оларды басқа ғибадатханалардан айыру үшін мешіттердің төбесіне ай белгісі орнатылды. Басқа діндегі бейіттерден мұсылман бейіттерін ерекшелеу үшін де мазарларға да ай белгісі қойыла бастады. Бертін келе мұсылман билеушілері айды одан бетер жаңғыртып, ислам дінінің айрықша таңбасына айналдырды. Байрақтарға, басқа да дүниелерге ай белгісін қою жолға қойылды.

Ал крест – бағзыдан христиандардың белгісі. Бастауын Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың крестке шегеленуінен алады. Тарихта мұсылмандарға қарсы бірнеше Крест жорығы болғаны тағы бар. Сол Крест жорығын жаныштаған біздің бабамыз Бейбарыс еді. «Крестить» сөзін қазақшалағанда «шоқындыру» болып шығады. Демек бұл белгі әу баста қазақ даласына мұсылмандарды шоқындыру мақсатында енген болып тұр ғой.

Христиан елдерінің қазіргі туларын қараңыз, біразында крест белгісі бар. Енді мұсылман елдерінің туларын қараңыз, біразында ай белгісі бар. Гербтерінде де солай. Бір кездері біздің туымызда да ай белгісі болған. Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорда үкіметінің, Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан автономиясының туында ай белгісі болғаны жайлы зерттеушілер жазып жүр. Қазіргі Түркияның туында ай мен жұлдыз белгісі бар.

Түркия дегеннен шығады, осы елдің туында ғана емес, емханаларында да қызыл ай белгісі бар. Сол белгіні көрген сайын, риза боласың. Түркияда бұрын медицина мекемелері қызыл крестің жанына қызыл айды қосақтастырып қоятын. Қазір кресттен бас тартып, айды ғана қалдырды. Түркияға барғанда AMBULANS деген жазуы, нән қызыл айы бар «Жедел жәрдем» жүйткіп бара жатқанын талай көрдік. Көз сүйсінеді.

Қылышынан қан тамған Совет одағының кезінде де медициналық мекемелерде қызыл кресттің жанында қызыл ай тұрған дейді білетіндер. Біз осыған да жете алмай тұрған жоқпыз ба? Қазіргі уақытта әлемнің 37 елі қызыл ай мен қызыл крест белгісін қатар қолданады. 7 елде ғана тек ай қолданылады екен. Соның бірі – іргеміздегі Өзбекстан. Бұл елдің «Жедел жәрдем» көліктерінде тек қызыл айдың ғана белгісі бар.

Әлхамдулиллә, қазір еліміздегі мұсылмандар саны едәуір өсті. 2009 жылғы халық санағында Қазақстан халқының 70,1 пайызы ислам дінін ұстанатыны белгілі болды. Он жылдан бері ол цифр өспесе, кеміген жоқ. Ендеше, ай белгісін біздің медицина мекемелерінің маңдайшасынан көретін уақыт жеткен секілді. «Айың оңыңнан тусын» деп тілек айтатын қазақ емес пе
едік, қызыл айды қайтарсақ қайтеді?!

«Мұнара» газеті,  №1, 2019 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі