АДАМГЕРШІЛІК – ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ АЙНАСЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – адамгершілік. Ол кісінің көркем мінезінен, ізетті ісінен, әділ қарым-қатынасынан, мейірімі мен жанашырлығынан көрінетін биік рухани құндылық. Сондықтан да Ыбырай Алтынсарин: «Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер», – деп, адамгершіліктің кісінің ішкі парасаты мен сыртқы әдебінің тұтастығынан құралатынын терең аңғартқан. Ал имандылық жүректе орныққан сенімнің, Аллаға деген ықылас пен жауапкершіліктің белгісі. Осы екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі жүректе иман орнықса, ол адамның сөзіне де, ісіне де, мінезіне де әсер етеді. Сондықтан адамгершілік имандылықтың сыртқы көрінісі, ал имандылық – адамгершіліктің рухани негізі. Дініміз ислам адамды көркем мінезді, кеңпейілді, әділ әрі мейірімді болуға тәрбиелейді. Мұсылманның шынайы келбеті оның адамдармен қарым-қатынасынан, аманатқа адалдығынан, уәдеге беріктігінен және айналасына жасаған жақсылығынан танылады. Демек, адамгершілік қасиет – иманның жемісі. Алла Тағала қасиетті Құранда Рахманның құлдарын сипаттайды:
وَعِبَادُ الرَّحْمَٰنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الْأَرْضِ هَوْنًا وَإِذَا خَاطَبَهُمُ الْجَاهِلُونَ قَالُوا سَلَامًا
«Рахманның шынайы құлдары жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда, оларға: «Аман болыңдар!» – деп, өз жөніне кете барады», – деген («Фурқан» сүресі, 63-аят).
Имам Қушайри бұл аятқа қатысты: «Олар жер бетінде бұзақылық пен күнә жасау үшін жүрмейді. Керісінше, Аллаға бойұсыну жолында және рұқсат етілген істерге ғана уақыттарын арнап, бос әурешілік пен орынсыз нәрсеге уақыттарын құртпайды», – деген.
Шынайы имандылық адамды тәкаппарлықтан алыстатып, кішіпейілділікке, әдептілікке және көркем мінезге бастайды. Жүрегінде иманы бар адам өзгеге жоғарыдан қарамайды, қайта айналасына құрметпен қарап, ізгілік пен ізеттілікті өмірлік ұстанымына айналдырады.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
المُسلِمُ أخو المُسلِمِ لا يَظلِمُه ولا يُسلِمُه، ومَن كان في حاجةِ أخيه كان اللهُ في حاجَتِه، ومَن فرَّجَ عن مُسلِمٍ كُربةً فرَّجَ اللهُ عنه كُربةً مِن كُرُباتِ يَومِ القيامةِ، ومَن سَتَرَ مُسلِمًا سَتَرَه اللهُ يَومَ القيامةِ
«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол оған зұлымдық жасамайды, әрі оны жәрдемсіз қалдырмайды. Кімде-кім бауырының қажетін өтеуге күш салса, Алла да оның қажетін өтейді. Кім бір мұсылманның бір қиыншылығын жеңілдетсе, Алла Қиямет күнінің қиыншылықтарының бірін одан жеңілдетеді. Ал кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын Қиямет күні жасырады», – деп, (имам Бұхари) адамгершіліктің мәні бауырға жанашыр болу, оған қиянат жасамау, мұқтаж сәтінде қол ұшын созу, қайғысын жеңілдету және абыройын сақтай білуде екенін үйреткен.
Қисса
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт анасы Халиманы ұзақ жылдан кейін көрген еді. Бұл Меккенің алынған (Фатх Мекке) уақыты еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырған кезде, адамдар оның айналасында жиналып, сәлем беріп, амандасып жатқан еді. Сол кезде алыстан бір қарт әйел көрінді. Оның қайдан келгені белгісіз еді. Ол баяу ғана жақындап келе жатты. Жақындаған кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған назар аударып, көзіне жас алады да жылай бастайды.
Сонда Сахабалар:
- «Бұл кім?» – деп сұрайды.
- «Бұл – Халима Сағдия», – дейді.
Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орнынан тұрып, оны қарсы алып, Оның басынан сипап, қолынан сүйеді.
Сосын адамдарға қарап:
- «Бұл – менің анам! Бұл – менің анам! Ол мені емізген», – дейді.
Адамдар таңырқап қарап тұрғанда, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің шапанын шешіп, жерге жайып, оны үстіне отырғызып:
- «Айт, анашым! Мен сені тыңдап отырмын», – дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамгершіліктің, ізеттілік пен құрметтің ең биік үлгісі еді. Оның бүкіл өмірі үлкенді құрметтеу және адамдарға ілтипат көрсету арқылы көркем мінездің шыңын танытқан ғибрат мектебі. Әсіресе, өзіне жақсылық жасаған жандарға деген құрметі ерекше еді.
Халықтық дүниетанымда мінез-кұлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы адамгершілік ұғымынан таратылады. Мінез-құлық пен іс-әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атап өтуге болады: мейірім, адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, әділдік, қанағатшылдық, т.б.
Мейірім – адам жүрегінің шуағы. Жүректі жұмсартып, адамды ізгілікке, қамқорлыққа, кешірімге және жақсылық жасауға жетелейтін рухани күш. Жүрегінде мейірімі бар адам айналасына суықтық емес, жылулық сыйлайды; қатігездік емес, жанашырлық танытады. Адамның бойындағы мейірім – оның мінезін көркемдеп, болмысын байытатын асыл қасиет. Мейірімді жан әлсізге қорған, мұқтажға сүйеу, жәбір көргенге жұбаныш бола біледі. Қазақтың ойшыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұл ақиқатты терең зерделеп:
Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды, – деп, рақым мен жұмсақтықты адамдықтың асыл белгісі ретінде көрсеткен. Шынында да, мұндай қасиет адамды биік адамгершілікке жетелейді. Өйткені жүректе мейірім болса, көзқарас та ізгіленеді, сөз де жұмсарады, іс те қайырлы арнаға бұрылады. Қоғамда мейірім салтанат құрса, адамдар арасында сыйластық артып, татулық пен береке орнығады. Ендеше, әрбір мұсылман жүрегін мейіріммен көркейтіп, адамдарға жұмсақтықпен қарап, жақсылық пен рақымға ұмтылуы қажет. Өйткені мейірім бар жерде береке бар, мейірім бар жерде адамдық бар. Бұл ақиқатты Құран аяттары да айқын аңғартады. Алла Тағала:
وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا
«Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді», – деген («Инсан» сүресі, 8-аят). Аят мейірімнің құр сөз емес, нақты амалмен көрінетін асыл қасиет екенін ұқтырады. Демек, жүректе мейірім болса, ол сөзден де, істен де, мінезден де көрініс табады.
Алла Елшісі (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الرَّاحِمُونَ يَرْحَمُهُمُ الرَّحْمَنُ اِرْحَمُوا مَنْ فِي الْأَرْضِ يَرْحَمْكُمْ مَنْ فِي السَّمَاءِ
«Мейірім иелеріне Рахманның рақымы төгіледі. Жердегілерге рақымды болыңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымды болады», – деген (имам Термизи).
Қисса
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен отырған кезде, Алла Елшісінің қызы Зейнеп (Алла оған разы болсын) кісі жіберіп, қызының жантәсілім хәлінде жатқанын хабарлап, Пайғамбарымыздың келуін сұрайды.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған сабыр сақтауды, сауабын Алладан үміт етуді өсиет етіп хабар жібереді: «Оған қайта оралып, мынаны жеткіз: шын мәнінде, алғаны да, бергені де – Ұлы Аллаға тән. Барлық нәрсе Алланың қалауымен және белгіленген мерзімімен болады. Ендеше, сынаққа сабыр сақтап, сауабын Алладан күтсін».
Алайда Зейнеп анамыз мұны естігеннен кейін, Пайғамбарымыздың міндетті түрде келуін өтініп, қайта хабар жібереді. Сонда Алла Елшісі оның өтінішін жерге тастамай, қасына барып көңілін аулайды. Үйге барған кезде Зейнеп анамыздың қызын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құшағына алады. Сол сәтте сәбидің демі үзілер-үзілмес, кеудесінен әлсіз дыбыс шығып жатты. Мұны көрген Алла Елшісінің көзінен жас парлап қоя берді. Бұл – кішкентай сәбиге деген жүрек мейірімінің көрінісі еді.
Мұны көрген Сағд ибн Убәда (Алла оған разы болсын) таңырқап:
«Уа, Алланың Елшісі, бұл не?» – деп сұрайды. Себебі ол Пайғамбарымыздан үнемі сабыр мен төзімділікті көріп үйренген еді. Сондықтан бұл жылауды сабырға қайшы бір нәрсе шығар деп ойлады.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл көз жасының әлсіздік пен тағдырға наразы болудан емес, жүрекке салынған мейірімнен екенін түсіндіріп: «Бұл – Алланың мейірімді құлдарының жүрегіне ұялатқан мейірім. Расында, Алла Өз құлдарының арасынан мейірім иелеріне ғана мейірімін төгеді», – деген (имам Бұхари).
Ар-ұят – адам баласының ішкі рухани тазалығын, тәрбиесі мен кісілік келбетін айқындайтын асыл қасиет. Ол – адамның жақсы мен жаманды ажыратып, өз ісі мен сөзіне жауапкершілікпен қарауына жетелейтін ішкі өлшем. Хакім Абай өзінің 36 қара сөзінде: «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен», – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إنَّ الحياءَ و الإِيمانَ قُرِنا جَميعًا، فإذا رُفِعَ أحدُهُما رُفِعَ الآخَرُ
«Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер бірі кетсе, екіншісі де бірге кетеді», – деген (имам Термизи).
Ұят – көркем мінездің ең асылдарының бірі, ең биік сипаттардың қатарынан. Оның негізі – адам бойында мін тағылатын нәрседен қауіптеніп, көңілде пайда болатын қысылу мен тартыну сезімі. Сондай-ақ ұят – нәпсінің жаман, арсыз істерден тартынып, оларды тәрк етуі деп те түсіндірілген.
Сирру ас-Сақафи (Алла оны рақымына алсын): «Ұят пен адамгершілік жүрек есігін қағады. Жүректен тақуалық пен діндарлықты көрсе, сонда қалады. Әйтпесе, жөніне кетеді», – деген.
Кейде ұятты ынжықтық және өзіне сенімсіздік секілді кері мінездермен шатастырсақ, кейбір жандар адам бойындағы ұятты кемшілік санап айыптап жатады. Айыптамас бұрын ұяттың қай жерде қалай қолдану керектігін біліп алған жөн. Егер өз орнымен қолдана білсе, нағыз иманның көрінісін көрсетеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жерден өтіп бара жатқанда бір кісінің ұялшақ інісіне «мұндай мінездіңді таста», – деп жатқанына куә болады. Сонда әлі адамға Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
دَعْهُ؛ فإِنَّ الحَيَاءَ مِنَ الإيْمَانِ
«Оны өз еркіне қоя бер, өйткені ұялу – иманнан», – деген (имам Бұхари).
Ұят – адам жанының нәзік айнасы, тұтасымен жақсылық пен ізгіліктің бастауы. Ол – иманның нұрымен астасқан асыл қасиет, адам болмысын көркемдеп, мінезін кемелдікке жетелейтін ұлы сипаттардың бірі. Ер болсын, әйел болсын, әрбір жан осы ұят атты әсем қасиетпен безенуі тиіс. Өйткені ұят – жүректі тазартып, пендені күнә атаулыдан тежейтін, жамандықтан қорғайтын рухани қалқан. Ұят екі түрлі болады:
Біріншісі – туа біткен, табиғи ұят.
Бұл – адамның болмысына Алла тарапынан дарытылған асыл қасиет. Мұндай ұят – ең көркем мінездердің бірі. Ол адамды арсыздықтан, жаман әрекеттерден, жаман мінездерден тежеп, керісінше, көркем ахлақпен безенуге, биік адамгершілік қасиеттерге ұмтылуға жетелейді.
Екіншісі – жүре пайда болатын ұят.
Бұл – Алланы тану, Оның ұлылығын сезіну, пенделеріне жақын екенін ұғыну, олардың әр ісін бақылап тұрғанын білу және көздің қиянаты мен жүректегі жасырын сырларды толық білетінін түсіну арқылы қалыптасатын ұят. Мұндай ұят – иманның ең жоғары сипаттарының бірі, тіпті ихсан дәрежесінің ең биік белестеріне жеткізетін қасиет.
Адам баласының ішкі әлемін айқындайтын ең нәзік өлшемдердің бірі – оның өзге жанға деген қарым-қатынасы. Жүректегі ізгілік сыртқа шыққанда, ол сыйластық болып көрініс табады. Сыйластық адамның рухани деңгейін, тәрбиесін, тіпті иманының тереңдігін аңғартатын асыл қасиет. Қай қоғамда болсын адамдар бір-біріне құрметпен қарап, ізет танытса, сол ортада береке орнығып, сенім нығаяды. Саққұлақ би сыйластықтың мәртебесі жайында: «Адамның басшы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген екен. Халқымыздың арасында қалыптасқан осындай сыйластық пен құрметтің бір негізі дінімізбен ұштасып жатыр. Асыл дініміз ислам өзге адамдарды құрметтеп-сыйлауға, олармен ең көркем қарым-қатынаста болуға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 36-аятында:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىوَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ
«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деген. Адамдарды құрметтеу, оларды сыйлау – мұсылманның өзге жандармен қарым-қатынасындағы ең негізгі ұстанымдарының бірі. Өйткені сыйластық бар жерде бірлік нығайып, сенім артып, қоғамда татулық орнайды. Осы ақиқатты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде терең бейнелеп:
إِنَّ الْمُؤْمِنَ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا وَشَبَّكَ أَصَابِعَهُ
«Расында, мүмін мүмін үшін (біртұтас) құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады», – деп, саусақтарын айқастырған» (имам Бұхари). Бұл хадис мұсылмандардың өзара құрметі мен сыйластығы кездейсоқ емес, керісінше, бір-бірін демеп, қолдап тұратын мызғымас рухани байланыс екенін аңғартады. Яғни әрбір мүмін өз бауырының абыройын сақтап, оған құрмет көрсеткенде ғана қоғам берік іргетасқа айналады.
Құрметті жамағат!
Расында, адамгершілік өзгені бауыр көріп, оған мейіріммен қарау, қамқорлық таныту, мұңын бөлісу және қажет кезінде сүйеу болу секілді асыл қасиеттерден танылады. Адамгершілік қоғамға жылу сыйлайтын, жүректерді жақындастыратын, адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты бекемдейтін ұлы құндылық. Осыны терең түйсінген Жүсіп Баласағұн да: «Адамгершілік – асыл қасиет. Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», – деп, адам баласының шынайы бақыты мен берекесі оның адамгершілігіне, ізгі мінезі мен жақсы қасиеттеріне байланысты екенін тағылымды түрде жеткізген. Адамгершілік өзгені бауыр көріп, оған мейіріммен қараудан басталады. Бұл – жай ғана ізгі қасиет емес, Құранда бекітілген ұлы қағида. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!» – деген («Хұжұрат» сүресі, 10-аят).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَثَلُ الْمُؤمِنِينَ فِي تَوَادِّهِم، وتَرَاحُمِهِم، وتَعَاطُفِهِمْ. مَثَلُ الجَسَدِ إذا اشْتَكَى مِنْهُ عُضْوٌ تدَاعَى لَهُ سَائِرُ الْجَسَدِ بالسَّهَرِ والْحُمَّى
«Мүміндедің бір-біріне деген сүйспеншілігі, мейірімі және жанашырлығы бір дене секілді. Егер оның бір мүшесі ауырса, бүкіл дене оған үн қатып, ұйқысыздық пен қызу арқылы бірге қиналады», – деген (имам Бұхари).
Адамгершілікті жас ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі білім мен тәрбиенің ең өзекті міндеттерінің бірі. Себебі қоғамның ертеңгі келбеті – бүгін тәрбиеленіп жатқан ұрпақтың рухани деңгейіне тікелей байланысты. Егер бала жастайынан ізгілікке, адалдыққа, мейірім мен жауапкершілікке баулынса, ол өсе келе қоғамға пайдасын тигізетін, елінің тірегі болатын тұлғаға айналады. Осы орайда Ы. Алтынсарин: «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі», – деп, тәрбиенің негізі ең алдымен отбасыдан басталатынын ерекше атап өткен. Расында, бала үшін ата-ананың әрбір сөзі мен ісі – үлгі, әрбір әрекеті – тәрбие. Сондықтан ата-ана өз мінез-құлқымен, адалдығымен, еңбекқорлығымен, ізеттілігімен баланың жүрегіне адамгершілік дәнін себуі тиіс. Осындай жүйелі тәрбие ғана адамгершілігі жоғары, иманды, елге пайдалы ұрпақ өсіруге негіз болмақ. Алла Тағала қасиетті жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
27.03.2026
573
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру