Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» тақырыбында жұма уағызын айтты.
"Алла Тағала адам баласының жүрегіне салған ұлы сезімнің бірі – туған жерге деген сүйіспеншілік. Бұл сезім екі дүние сардары ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында да болған. Алла Елшісі өзінің туған жері Мекке қаласын бар ықыласымен, ерекше жақсы көретін. Сол кездегі қауымының зұлымдығынан туған жерін тастап, Мединеге қоныс аударуға мәжбүр болады. Меккені тастап шығып, Мединеге таяп қалғанында бойын туған жеріне деген ерекше сағыныш кернеген екен. Сол кезде Алла Тағала қасиетті Құрандағы:
«Расында саған Құранды міндетті еткен Алла, әрине сені қайтар жеріңе (Меккеге) қайтарады», – делінген аятты нәзіл етіп, сүйікті Елшісін сүйіншілеген («Қасас» сүресі, 85-аят).
Имам Қуртуби (Алла оны рақымына алсын) аталмыш аятты:
«Сүре Алла Елшісі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қарсыластарын жеңіп, Меккеге қайта оралатыны туралы сүйінші хабармен аяқталған», – деп тәпсірлеген.
Қазақ халқында да отан, туған жер деген ұғымдар қастерлі саналады. Ата-бабаларымыздан қалған: «Бөтен жердің гүлінен, Туған жердің тікені артық», «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» – делінген сөздерден қазақ халқының туған жерді қаншалықты жоғары бағалағанын түсінуге болады", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
23.10.2026
59
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру