Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазір

27 Шілде 2026

12 Сафар 1448 Хижра

  ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

Алматыда Qamqor-sharapat орталығына жаңа салттық қызмет көрсету бөлімшесі мен арнайы автокөлік табысталды

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 27.07.2026 1476 0 пікір
Алматыда Qamqor-sharapat орталығына жаңа салттық қызмет көрсету бөлімшесі мен арнайы автокөлік табысталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа көрсетілетін салттық қызметтің сапасын арттыру, зират мәдениетінде бірізділік қағидаларын қалыптастыру және Qamqor-sharapat орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмасы аясында Алматы қаласында маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жұмыс сапарымен Алматыға арнайы барған Qamqor-sharapat орталығының басшысы Мейрамбек Қабылбекұлы алдымен Алматы қалалық зираттар әкімшілігінде болып, Кеңсай зиратында жерленген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы Бас мүфтилері Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен Әбдісаттар қажы Мәлікбердіұлының рухтарына Құран бағыштап, дұға жасады.

Одан кейін Алматы қалалық орталық мешітінің жанынан жаңадан бой көтерген салттық қызмет көрсету бөлімшесінің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шара барысында Алматы қаласының Бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы жаңа ғимарат пен қайырымды демеушілердің қолдауымен алынған арнайы салттық қызмет көрсету автокөлігінің кілтін Qamqor-sharapat орталығына табыстады.

Жаңа бөлімшенің мешіт аумағында орналасуы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға салттық қызметті қолжетімді етіп, жаназа және жерлеу рәсімдерін шариғат талаптары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында Мейрамбек Қабылбекұлы мен Qamqor-sharapat орталығының Алматы қалалық филиалының директоры Талғат Дайрабайұлы Алматы қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры И.Ж. Исмаиловпен кездесті. Кездесу барысында сот-медициналық сараптамадан өткен марқұмдардың мәйіттерін туыстарына табыстау рәсімдері, заңнама талаптарын сақтай отырып діни жоралғыларды уақтылы ұйымдастыру, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ екі мекеме арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.

Шара соңында тараптар Munara TV  телеарнасына сұхбат берді.

Qamqor-sharapat орталығы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес салттық қызмет саласында ысыраптың алдын алу, бірізділік қағидаларын кеңінен насихаттау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына, қазақ халқының ұлттық дәстүріне әрі Қазақстан Республикасының заңнамасына сай сапалы ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
















Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру