«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ араб тілі мамандары оған: «күн тас төбеге біршама уақыт қалғанда сойылатын қой немесе құрбан айт күндері бауыздалатын мал», – деп түсіндірме берген. Ал шариғаттағы мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын сақтай отырып мал шалу.
Құрбан шалудың мән-мағынасы туралы Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят).
Бұл аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше, Раббысының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Алла Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік ақыреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.
Алла Тағала жануардың қанының аққанына, оның еті мен терісіне мұқтаж емес. Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала ол жайында Құранда былайша баяндайды: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Расында да, Алла Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ. Құрбандық шалу һижраның екінші жылында заңдастырылған. Жалпы құрбандық шалудың көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Біз төменде олардың кейбіріне тоқталып өтсек:
1. Алланың берген нығметтеріне шүкіршілік ету
Алланың адам баласына берген нығметі өте көп, оны есептеп, санына жете алмайсың. Алла Тағала Құранда: «Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар», – дейді («Ибраһим» сүресі, 34-аят).
Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат.
Иман, құлшылық, есту, көру, мал-дүние, бала-шаға – бұның барлығы Алланың берген нығметі. Бұл нығметтер жалғасымды болуы үшін оның шүкіршілігін білдіру қажет. Алланың берген нығметіне шүкіршілік ету жолдарының бірі – Алла жолында мал-дүниені жұмсау.
Ендеше құрбан шалу Аллаға шүкіршілік етудің бір айқын көрінісі екен.
2. Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннетін жаңғырту
Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Құрбан шалу арқылы Алланың әміріне бойұсынуды және сабырлықты үйренеміз. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) мен Исмайыл (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Алланың әмірін орындауға әрі бекем тұрған оқиғасын еске алар болсақ, олардың Аллаға деген бойсұнуы мен махаббаты барлық нәрседен жоғары тұрғанын байқаймыз. Әрине бұл Алланың әмірін орындауға ынталандырады әрі сабырлы болуға жігерлендіреді.
3. Ақыретте мол сауапқа кенелу
Құрбан шалу ақыретте сый-сияпатқа, мол сауапқа кенелтеді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бабаларыңның салып кеткен жолы», – деді. Олар: «Бұны орындасақ бізге қандай сауап беріледі?» – деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап берген (Ибн Мәжә, №3127).
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды шын ықыласпен шалыңдар», – деген (Термизи, №1493).
4. Қоғамдағы бауырмалдық пен мейірімділікті арттыру
Мұсылман адам шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне, сондай-ақ мұқтаж жандарға таратады. Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті арттырады. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.
Сондай-ақ, бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.
Қорыта айтқанда, құрбан айт – мұсылмандар үшін тек мереке ғана емес, рухани тазалықтың, шүкіршіліктің және мейірімділіктің көрінісі. Бұл күні мұқтаж жандардың жүзіне шаттық үйіріліп, олардың жүрегіне қуаныш ұялайды. Бір адамның көңіліне қуаныш сыйлау – үлкен сауап.
Алла Тағала шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, осы дүниеде де, ақыретте де жүзімізді жарқын етсін! Әмин.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы №5
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы
25.05.2026
692
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру