Ақтөбе облысы өкілдігінде Құрбан айт мерекесіне орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Жексенбай Торбаев пен Нұрбол Смағұловтың жетекшілігімен «Qurban 2026» қайырымдылық шарасына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан және қала имамдарына арналған алқалы жиын өтті.
Жиналыс барысында Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, құрбан малын союға арналған арнайы орындарды дайындау, олардың тазалығын қамтамасыз ету, мал сою талаптарын қатаң сақтау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, жедел жәрдем мен қауіпсіздік қызметкерлерін бекіту, сондай-ақ сойылған құрбандық еттерін қаптап, мұқтаж отбасыларға тарату үшін еріктілер тобын құру секілді бірқатар міндеттер нақтыланды.
Сонымен қатар қала және аудан көшелері мен мешіт аулаларына Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтау баннерлерін ілу, жамағат пен тұрғындарға мерекелік құттықтау хаттарын тарату тапсырылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да ел мұсылмандарына қолайлы жағдай жасау мақсатында онлайн форматтағы құрбандық шалу қызметін іске қосты. Осыған орай арнайы qurban.muftyat.kz сайты арқылы шамасы жеткен азаматтар құрбандық шалуды мешіт қызметкерлеріне өкілдік ретінде тапсырып, қой немесе ірі қара малға тапсырыс бере алады. Сондай-ақ мұқтаж жандар осы платформа арқылы құрбандық етіне өтініш қалдыра алады.
Ақтөбе қаласы бойынша құрбандық шалуға арналған арнайы орындар ретінде:
– «Айбек» СТК (41-разъезд, 06);
– «Дала ел» ЖШС мал базары (Четный квартал, 178, 14-учаске);
– «Қайрат 2024» ЖШС (Жанақоныс, 640) бекітілді.
Айта кетсек, биыл арапа күні – 26 мамыр, ал Құрбан айттың алғашқы күні 27 мамырда басталады. Ақтөбе облысы бойынша айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:30-да оқылады.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
25.05.2026
348
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру