Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАРҚҰМНЫҢ ЖЕТІСІ, ҚЫРҚЫ, ЖЫЛДЫҚ АСЫН ӨТКІЗУ ДҰРЫС ПА?

Медет Құрмашұлы «Иман» журналы 11.11.2026 265 0 пікір
МАРҚҰМНЫҢ ЖЕТІСІ, ҚЫРҚЫ, ЖЫЛДЫҚ АСЫН ӨТКІЗУ ДҰРЫС ПА?

Адам қайтыс болғаннан кейін оның атынан садақа беру, мұқтаждарға көмектесу, жұртқа тамақ тарату және Құран бағыштап, дұға жасау – сауапты істердің бірі. 

Алайда марқұмның жетісін, қырқын немесе жыл- дығын өткізу шариғатта міндеттелген арнайы рәсім  емес. Мұндай жиындар жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісуі және марқұмға дұға жасауы үшін садақа ретінде өткізілсе, «мубах» (рұхсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызылады.

Марқұмның атынан ас беру рұқсат етілген іс болғанымен, шариғатта міндетті түрде мал сойып, қарызданып немесе үлкен дастарқан жаюды талап етпейді. Ас берілетін болса, ол отбасының жағдайына қарай, ысырапсыз және мақтаннан аулақ түрде ұйымдастырылғаны дұрыс.

Марқұмның атынан жасалатын сауапты істердің  түрі көп. Мысалы, садақа беру, мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, игі іс жасау, марқұмға дұға ету және т.б. Мұндай сауапты істерді белгілі бір күнге байламай, кез келген уақытта адамның шамасына қарай жасауға болады.

Егер марқұмның атынан ас берілсе, оның негізгі мақсаты – Алланың разылығын іздеу, марқұмның күнәларының кешірілуін тілеу, оған дұға жасау  және жасалған садақаның сауабын бағыштау болуы керек. Сонымен қатар мұндай жиын өлімді еске алып, тірілерге ғибрат алуға, қысқа ғұмырды ізгілікпен әрі құлшылықпен өткізуге себеп болғаны жөн.

Сондықтан қазалы жиын дүниелік әңгіме, ойын- сауық, бәсеке мен даңғазаға айналмауы тиіс. «Өзекті жанға – бір өлім» дегендей, қаза – дүниелік қызық- тың немесе орынсыз әңгіме мен ойын-сауықтың уақыты емес. Бұл – марқұмды еске алып, оған дұға жасау, жақындарына көңіл айту, сабырға шақыру және қайғысына ортақтасу үшін бас қосатын кез.

Қорыта айтқанда, марқұмның жетісі, қырқы,  жылдығы – шариғатта міндеттелген рәсім емес.  Дегенмен марқұмға дұға жасауы мақсатында мұндай жиындарды ысырапсыз, мақтансыз өткізуге болады.  Ең маңыздысы – жиынды жарысқа айналдырмай, марқұмға дұға жасауға, садақа беруге және тірілерге ғибрат алуға бағыттау.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ 

«Иман» журналы, №11, 2026 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру