Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛҒАНДА ҚАЛАЙ НИЕТ ЕТУ КЕРЕК?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 28.07.2020 5920 0 пікір
ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛҒАНДА ҚАЛАЙ НИЕТ ЕТУ КЕРЕК?

Негізінде, ғибадатта ниет ету – өте маңызды. Ниетсіз іс бітпейді. Нақты ниет етпесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады», – деген[1].

Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.

Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!». Басқа сөзбен айтса да, немесе «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп қысқа қайырып қойса да болады. 

Жабир ибн Абдулла (олан Алла разы болсын) бір оқиғаны былай әңгімелейді: «Мен Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге мешітте құрбан айт намазына қатыстым. Ол кісі құтпа оқуды бітіріп, мінберге түсті. Бір қошқар әкелді де, оны өз қолымен бауыздады және «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Бұл құрбандық менен және менің құрбандық шалмаған үмметімнен», – деді»[2]

Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді. 

Осы орайда, құрбандық ғибадатында ниеттің маңыздылығын көрсететін мына мысалдарға тоқталып өтсек:
  1. Қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.
  2. Кедей адам құрбандық шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Ниет етіп алған құрбандығын шалмаса әрі құрбан шалу уақыты өтіп кетсе, байға ұқсап садақа беруге міндетті болады.
  3. Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені, иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады[3].
  4. Бір кісіден жеті кісіге дейін бірігіп, сиыр, не түйе шалғанда, олардың әрқайсысы құрбандықты ниет етулері тиіс. Араларындағы біреуі соғым немесе жәй ет алу ниетімен қатысса, ешбіреуінің үлесі құрбандыққа есептелмейді[4]

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

 

[1] Бұхари риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] «Әл-муфассал фил-фиқһ әл-ханафи», 217-бет.

[4] «Фәтауа Һиндия», 5/351.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру