Ең ауыр қайғылардың бірі – жақын туыстарының өлімі. Кім сондай қайғыға душар болса, сабыр етіп «Инна лилләһи уә инна иләйһи ражиғун» дұғасын айтса, үлкен сауапқа әрі биік дәрежелерге жетеді.
Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әлдебір қайғы-қасірет келе қалса: «Біз Алланың құзырындамыз. Барар жеріміз де Соның алды», – дейді (сабырлылар). Раббыларының мейірімі түсіп, рақымына бөленуге лайықты жандар міне солар. Нағыз тура жолдағылар да – солар», – деп баяндалады («Бақара» сүресі, 156-157 аяттар).
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлім – қорқыныш. Сендерден біреудің бауыры қайтыс болса, «Әлбетте, біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайтушымыз. Расында, біз Раббымызға ораламыз. Уа, Алла! Марқұмды Өзіңнің құзырыңда жақсылардың қатарына қос! Кітабын көкке (ғиллийин) көтере гөр! Артында қалған отбасын аман алып қал! Бізді сауаптан мақрұм етпе! Бізді одан кейін қатты сынаққа алма!» деп айтсын», – деді (Әл-адаб әл-исләмия, 236).
Көңіл айту, мәйітті жерлеуге көмектесу, мейірім көрсету кәдімгідей уайым-қайғыны азайтады, қазаны шаттыққа ауыстырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қайғылы адамға көңіл айтса, оған сол азаға берілген сауап мөлшерінде сауап беріледі», – деген (Тирмизи). Телефон және интернет арқылы ауызша айтып немесе жазбаша түрде хабарлама жіберіп көңіл айтуға болады. Өйткені көңіл айтудағы мақсат – азалы адамға өзінің сезімін, тілегін білдіру, оны жұбату, сабырға шақыру. Сондай-ақ азалы адамға бір рет көңіл айтқан болса, онда екінші рет айтудың қажеті жоқ (Фәтауаи Һиндия, 1/228).
Қаралы адамға «Алла марқұмды жарылқасын, күнәсін кешірсін, мейір-шапағатына алсын, сондай-ақ сізге сабырлық және сол арқылы сауапқа жетуді тілеймін» сияқты сөздермен көңіл айту мұстахаб саналады (Фәтауаи Татархания, 1/620). Ең жақсы көңіл айту үлгісі Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына сөздері: «Шынында, алғаны да Алланыкі, бергені де Оныкі. Оның құзырында әрбір нәрсенің ажалы (мерзімі) белгіленген» (Бұхари).
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру