Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КІР ЖУАТЫН АВТОМАТ МАШИНАМЕН ЖУЫЛҒАН КИІМ ТАЗА САНАЛА МА?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі fatua.kz 24.09.2020 3320 0 пікір
КІР ЖУАТЫН АВТОМАТ МАШИНАМЕН ЖУЫЛҒАН КИІМ ТАЗА САНАЛА МА?

Тазалық – дініміздің ең басты қағидаларының бірі. Өйткені көптеген ғибадаттардың қабыл болуы осы тазалыққа тікелей байланысты. Мұсылманның ең абзал құлшылығы намаз екені баршамызға аян. Намаздың сыртындағы парыздарынан денеміз, киіміміз және намаз оқитын орнымыз нәжістен таза болуы шарт.

Алла Тағала Құранда «Киіміңді тазала»[1] деген. Сондықтан мұсылман шариғат нәжіс деп көрсеткен заттардан денесін, киімін және құлшылық жасайтын орнын таза ұстауға аса мұқият болуы қажет. Әрі мұсылман адам шариғат лас, нәжіс деп есептейтін заттарды білуі өте маңызды.

Жалпы заттарға нәжіс тисе әртүрлі жолдармен тазаланады. Мысалы, шыны, пышақ, айна сияқты заттар сүртумен тазарады. Жер кебумен тазарады. Киімге тиген нәжіс егер қан сияқты көрініп тұрған болса, оны кетірумен тазарады. Егер киімге, денеге немесе басқа затқа тиген нәжісті қанша жуғанмен, оның орны қалып қойса, оның еш оқасы жоқ. Ал көзге көрінбейтін нәжіс болса онда оны алдымен жуу, сосын бұрап сығу керек. Нәжіс бір жуғаннан кетсе де, нәжіс тиген жерді үш рет жуған жақсы. Яғни, нәжістің исі, реңі, дәмі кетуімен киім таза болып саналады.

Таза киім нәжіс киіммен араласып, бір ыдыста жуылса бәрі де нәжіс болады. Ал автомат кір машинасымен жуылған киімге келер болсақ, онымен жуылған киім таза болады әрі олармен түрлі ғибадаттарды орындауға болады. Автомат кір машиналарда жуылған киімнің үкімі жайлы Мысырдың Пәтуа комитеті төмендегідей түйін айтқан[2]:

فتطهير الملابس بوضعها في الغسالات الأوتوماتيكية أبلغ في الطهارة من غيرها؛ لإزالتها عين النجاسة من الطعم واللون والريح أولًا بعدة غسلات، ثم إزالة حكمها بعدة غسلات، الأمر الذي ينقي الملبس من النجاسة تنقية بالغة.

«Киімдерді автомат кір машиналарда жуу басқа жуу түрлеріне қарағанда тазалап жуады. Өйткені әуел баста бірнеше рет жуумен нәжасатты кетіреді. Кейінгі жуғандарында көрінбейтін нәжістер де кетеді. Киімдерді автомат машиналарда жуу – оларда нәжасаттың қай түрінен болсын толық тазартады» делінген.

Демек, автомат кір машинамен жуылған нәжіс киімдер оған арнайы ұнтақ (порошок) қосылып, киім әрі-бері айналдырылып жуылады. Осылайша жуылған уақытта нәжістер суға тарап, киімдегі нәжістер кетеді. Кейін пайдаланылған суды сыртқа ағызып, кірді сығып, қайта таза суға шаяды. Соңында автомат машиналар киімді бірнеше рет (4-5 рет) жуып, әр жуған сайын суды сыртқа шығарып, шаяды.

Ханафи мәзһабында нәжісті таза сумен, сондай-ақ гүлдің, жемістің шырыны сияқты сұйық заттармен тазалауға болады[3]. Осыған орай, сабын, ұнтақ араласқан сумен киім жуылса, таза болып есептеледі.

Қорыта айтқанда, автомат машинамен жуылған киім бірнеше рет жуылып, әр жуылған сайын пайдаланылған судың сыртқа ағуы, жуған киімді сығып, шайып беруі жағынан киімді таза болды деп айта аламыз. Бұл автомат кір жуғыш машиналарға қатысты. Ал жартылай автомат немесе басқа да кір жуғыш машиналарға бұл үкім жүрмейді. Алла Тағала білуші.

Шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1] «Муддассир» сүресі, 4-аят.

[2] https://www.dar-alifta.org/ar/ViewResearch.aspx?%20sec=fatwa&ID=151

[3] «Марақи әл-Фалах», 68-бет.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі