Бүгін елордадағы «Астана» медресе-колледжіне арнайы барған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздар мен шәкірттерді білім күнімен құттықтап, білім алудың маңызы жайында насихатын жеткізді.
«Астана медресе-колледжі – діни білім мен заманауи білімді ұштастырып отырған оқу орындарының бірі. Мұнда сіздер Құран Кәрім мен хадис ілімін, ислам сенімі мен ғибадатын, ислам әдебін, дағуат әдістемесін, сопылық ілімді, Қазақстандағы діндер мен діни ағымдарды оқисыздар. Сонымен қатар Алаштану, Абайтану, мәдениеттану, философия, әлеуметтану, саясаттану, экономика, кәсіпкерлік, менеджмент және психология сияқты зайырлы пәндерді меңгересіздер.
Бұл пәндердің барлығының түпкі мақсаты – білімі терең, ойы сергек, тәрбиесі көркем, елін сүйетін, дінін дұрыс түсінетін тұлға қалыптастыру.
Бүгінгі заман маманнан тек діни білімді ғана емес, бірнеше тіл білуді, ақпараттық технологияларды меңгеруді, сыни ойлауды, деректерді талдай білуді және қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасауды талап етеді.
Сондықтан араб тілін меңгеруге, қазақ және орыс тілдерінде сауатты сөйлеуге, қажет болған жағдайда шет тілдерін үйренуге талпыныңыздар. Заманауи технологияны игеріп, пайдалы ақпаратты дұрыс саралай білуді үйреніңіздер.
Құран – жүрекке бағыт, өмірге бағдар
Құрметті шәкірттер! Сіздердің басты ерекшеліктеріңіз – Құран Кәріммен етене байланыста болуларыңыз. Құранды оқу – үлкен мәртебе. Бірақ Құранды жаттау мен дұрыс оқу жеткіліксіз. Оның мағынасын түсініп, аяттардың өнегесін өмірде қолдану маңызды. Тәжуид ережелерін үйреніп, Құранды дұрыс әрі көркем оқуға мән беріңіздер. Құран қиссаларынан ғибрат алып, хадистердің мәнін түсініп, алған білімдеріңізді мінез-құлықтарыңызбен көрсетіңіздер»,- деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы медресе ұстаздарымен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайы мен биылғы оқу жылына дайындығы, білім бағдарламасы жайында сөйлесті.























Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру