Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АСТАНАДА РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 30.08.2026 34 0 пікір
АСТАНАДА РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен елордада «Адалдық - Пайғамбар (ﷺ) өсиеті» атты тағылымды мәуліт кеші өтті.

Адамзаттың асылы – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айдың құрметіне арналған рухани шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Бас мүфти жамағатты мүбәрак мәуліт айымен құттықтап, ардақты Елшінің өнегелі өмірінен тағылым алуға, ізгілік пен адалдыққа, еңбекқорлыққа және Құранды қастерлеуге шақырды.

«Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге пайғамбар ретінде жіберілуі –Алла Тағаланың адамзат баласына деген үлкен нығметі мен мейірімі. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107 аятында: «Уа, Мұхаммед!  Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың болмысы, жеке тұлғасы – біздер үшін мейірім. Сөзімен, ісімен болған сүннеттерінің барлығы сол мейірімініңтәпсірі іспеттес. Осы ретте ерекше айта кетер жайт: кез келген мұсылманның Алла елшісін шынайы жақсы көруі үш жағдайда көрініс табады. Біріншісі білім мен таным арқылы көрініс табады. Біз оның өмірбаянын, хадистерін, ұстанған жолын және сүннетін оқып-үйренеміз әрі жаттаймыз.
 
Оның орындауға міндетті болған сүннеттерін, мұстахаб, яғни ұнамды істерін және басқа да ілімдерін меңгеруге ұмтыламыз. Өйткені адам өзі жақсы көрген тұлғаны тануға, оның өмірі мен өнегесін білуге талпынады. Сол үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Мәуліт кешін республика деңгейінде өткізіп келеді. Мұндағы мақсат – Пайғамбарымызды, оның өмірі мен өнегелі ісін жамағатқа көбірек дәріптеу»,- деді Бас мүфти.

Кешке халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, қоғам қайраткерлері Жабал Ерғалиев, Әлихан Байменов, ҚР Дін істері комитетінің төраға орынбасары Мақсат Раманқұлов сондай-ақ, тағы басқа зиялы қауым өкілдері, мұсылман елдерінің елшілері мен қала тұрғындары қатысты.






























Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру