Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 20.08.2026 476 0 пікір
БАС МҮФТИ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.

Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы, Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Нұрбек Әуесханұлы сондай-ақ, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының басшысы Мақсат Мақсотұлы және қала имамдары қатысты.

Шара Құран оқумен басталып ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы балаларды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, білім мен тәрбиенің маңызына тоқталды.

«Білім – адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі. Қасиетті Құранның алғашқы аяты да: «Оқы!» деп түсті. Бұл – Ислам дінінің білім мен ғылымға қаншалықты мән беретінінің айқын дәлелі. АллаТағала Құранда «Білгендер мен білмегендер тең бе?» – деп сұрайды.
Демек, білімді болу – бұл тек жақсы баға алу емес, бұл – Жаратқанның алдындағы қадір-қасиетке ие болу жолы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз», – деп, ер балалар мен қыз балаларға бірдей білім алудың маңызын айтқан.
 
Қымбатты оқушылар!
Білім алу – ұзақ сапар. Бұл сапарда табандылық, сабыр, тәртіп және жауапкершілік керек. Мұғалімдеріңізге құрметпен қарап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтауға тырысыңыздар. Уақытты босқа өткізбей, әр күніңді пайдалы іске арнаңдар. Сонымен қатар, тәрбиелі, кішіпейіл, адал, әділ болыңдар. Өйткені шынайы білім адамды жақсы мінезге жетелейді. Ұстаздарың мен үлкендердің батасын алып, әрқашан дұғамен жүріңдер.
Сендер – елдің ертеңі, ұлттың үмітісіңдер. Ендеше, еліңе, халқыңа, дініңе пайдасы тиетін білімді азамат болып өсулеріңді тілеймін. Жаңа оқу жылы сәтті, берекелі болсын! Балаларымыз аман, білімдері терең, болашақтары жарқын болғай! »,- деді Бас мүфти.

Айта кетейік, бүгін Астана қаласы бойынша 2200 балаға оқуға қажетті сөмкелер мен оқу құралдары беріліп отыр. Қазіргі таңда Республика бойынша 9913 бала қамтылды. Бұл жоба 30 тамызға дейін өз жалғасын таппақ.




















Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру