Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛҒАЙ
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Қадірлі қауым!
Баршаңызды мамыражай мамырдың алғашқы күнінде атап өтетін бірлік мерекесімен құттықтаймын!
Әр отбасына, еліміздің әр азаматына бақыт пен береке, татулық пен бірлік тілеймін. Жаратқан жаняұмызға жар болғай!
Қоғамның даму жолында халықтың бірлігі қашан да қымбат құндылық болған. Ислам діні барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. Дана халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ», – дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз қандай да халықтың кемелдік пен еркіндікке жетуі үшін ең әуелі заман қажет дейді. Заманның мазмұны – тыныштық. Екінші шарт – макан. Оның мазмұны – Отан. Отансыз еркіндіктің де, тыныштықтың да мәні жоқ. Үшінші шарт бауырмалдық. Ғұлама бабамыз: «Бір Отанда, бір уақытта тіршілік етіп жатқан адамдардың арасында өзара туыстық, бауырмалдық болмаса бәрі бос» деген.
«Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ», «Тату елдің тамағы таусылмайды», «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген ұлағатты сөздер ұлтымыздың бірлікке, тұтастыққа қаншалықты мән бергенін аңғартса керек. Осындайда дана халқымыздың «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген сөзі көп нәрсені ұқтырғандай.
Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
muftyatkz
30.04.2026
234
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру