Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен 2026 жылғы қажылықты ұйымдастыруға арналған кеңейтілген онлайн жиналыс өтті. Қазақстан Қажылық Миссиясы мен ресми туроператорлар қатысқан басқосуда биылғы қажылық сапарының басты талаптары мен қауіпсіздік мәселелері пысықталды.
Алқалы жиынға Қазақстан Қажылық Миссиясының жауапты өкілдері: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти – миссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы, ҚМДБ өкілетті қызметкерлері мен ҚР Дін істері комитетінің өкілі, сондай-ақ қажылық сапарын ұйымдастыруға ресми рұқсат алған 14 туроператордың басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Миссия төрағасы Кенжетай Байкемелұлы биылғы қажылықтың басты мақсаты – отандастарымыз үшін қажылықты рухани мазмұнды әрі ұйымдастыру жағынан мінсіз өткізу екенін атап өтті. Қасиетті сапардың барынша қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілмек.
Биыл қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 14 отандық туроператор басшылығына Қазақстандық және Сауд Арабия тарапының қажылық маусымына байланысты бірқатар маңызды ескертулері мен талаптары түсіндірілді. Солардың ішінде әрбір қажы Қазақстан аумағынан тек ресми туркодпен шығуы тиіс. Бұл шаралар қажылық арнасында заңсыздықты алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, Қазақстандық квотамен өзге ел азаматтарын қажылыққа апарғандарға Қазақстан және Сауд Арабия тарапынан заңды шаралар қолданады. Қажылықты тек мемлекеттік лицензиясы мен ҚМДБ рұқсаты бар компаниялар ғана жүзеге асырады. Бұл іс-әрекеттер қажылардың құлшылығын тыныш әрі реттелген жағдайда өткізуге жағдай жасайды.
Жиын барысында қажыларға арналған «Qajy Guide» мобильді қосымшасының жұмысы таныстырылды. Бұл сервистік жүйе қажыларға сапар барысында ақпараттық және техникалық көмек көрсетуді жеңілдетпек. Сонымен қатар, қажылардың міндетті вакцинациялануы мен денсаулық сақтау хаттамаларының орындалуы бақылауға алынды.
Жиын соңында туроператорлардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, ұйымдастыру жұмыстарында ескерілді.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
24.04.2026
286
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру