Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ МЫСЫРДА БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРЕТІН ИМАМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 11.10.2025 2291 0 пікір
БАС МҮФТИ МЫСЫРДА БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРЕТІН ИМАМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына екі айлық білім жетілдіру курсына аттанғалы жатқан имамдармен онлайн кездесті.

Кездесуде Бас мүфти дін қызметкерлеріне рухани бағыт-бағдар беріп, игі сапарда абыройлы болуға тілектестік білдірді.

«Бүгін біз аса маңызды, рухани әрі жауапты сапар алдында тұрған өздеріңізбен жүздесіп отырмыз. Бұл – жай ғана сапар емес, бұл – діни білім мен тәжірибе жолындағы үлкен қадам, ел мүддесі үшін атқарылатын рухани борыш. Бұйырса, алдағы күндері сіздер Мысыр Араб Республикасындағы әйгілі Әл-Азһар университетінің жанындағы Халықаралық ислам зерттеу академиясында екі айлық арнайы курстан өтесіздер. Бұл – Ислам әлемінде өзіндік орны бар, сан ғасырлық тарихы мен мұрасы қалыптасқан іргелі оқу орны. Әл-Азһар – тек білім ордасы ғана емес, бүкіл мұсылман үмбетіне үлгі болған рухани шамшырақ», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы имамдарға шетелдегі оқу барысында еліміздің діни беделін арттыру, қазақ халқының діни ұстанымын және дәстүрлі ханафи мәзһабының қағидаларын лайықты деңгейде көрсету маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұл оқу бағдарламасы үш кезеңге жоспарланған. Әр кезеңнің ұзақтығы – екі ай. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінен іріктелген 50-ге жуық дін қызметкері Мысырдағы Әл-Азһар университетінің жанындағы Халықаралық ислам зерттеу академиясында арнайы курстан өтеді.

Аталған бастама ҚМДБ мен Әл-Азһар университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асып отыр. Бағдарламаның мақсаты – имамдардың діни, рухани және ғылыми әлеуетін арттыру, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.



Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру