ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігінің бастамасымен «Халықтар достығы және мәдениет үйінде» «Ғаламның рақым нұры» атты рухани мәуліт кеші ұйымдастырылды.
Игі іс-шара Алланың кәламы Қасиетті Құран аяттарын оқумен, Пайғамбарымызға арнап айтылған салауатпен басталды. Ұлытау облысының бас имамы Жансарин Бейбіт Бақытжанұлы құттықтау сөз сөйледі.
«Алланың Елшісіне деген махаббат болса ғана Аллаға деген махаббатымыз шынайы болады. Бұл ретте Пайғамбардың өнегесін қастер тұту, сүннетін қалтқысыз ұстану – мұсылманның міндеті», – дей келе, барша жиналған жамағатқа алғыс білдірді.
Сәтбаев қалалық «Сәдуақас Ошақұлы» мешітінің бас имамы Сағындық Мұхиденұлы мен Жезқазған медресесінің шәкірттері мәуліт жырын оқып, Пайғамбардың өмірінен үзік сырлар айтты. Мерекенің мазмұнын байытып, мәнін аша түскен Елдос Жұмаділданың жан тебірентер насихаты болды.
Заманның талабына сай жасалған Kahoot желісі арқылы жиналған жамағат арасында білім сайысы ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Кеш соңында жиналған жұртшылық арасынан қасиетті мекендерге ұмра жолдамасы ойнатылып, жеңімпазы анықталды. Мәдени-рухани кешке қатысқан әлеумет ұйымдастырушы ұстаздарға алғыс білдіріп тарқасты.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру