Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ҚҰРАН ЖАТТАУ ЖӘНЕ ДІНИ САУАТ АШУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 22.02.2024 2428 0 пікір
БАС МҮФТИ ҚҰРАН ЖАТТАУ ЖӘНЕ ДІНИ САУАТ АШУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауда Танаұлы Жұмағұл ата атындағы «Құран жаттау және діни сауат ашу» орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Ашылу рәсімі Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы үшін дұға жасады. Игі шараға Атырау өңірінің құрметті азаматы, танымал меценат Төкен Танаев, Ілия Жақанов, Бекет Тұрғараев сынды ақсақалдар, дін қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген ҚМДБ Төрағасы: «Бүгін міне Алланың қалауымен мұнайлы мекен – Атырау қаласына «Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының» ашылу рәсіміне келіп отырмыз. Бейбіт заман, тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында осындай игі істерге куә болуды Алла Тағала нәсіп етті. Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген екен. Ауылдарыңыздағы игі бастамаға құт-береке тілеймін. Қай жерде Құран оқылса, сол жерде береке болады. Ал бұл жерде діни сауат ашып, Құран жаттауға мүмкіндік бар. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – дейді. Яғни исі мұсылман баласы үшін Құран тура жолға бастап, Жаратқанның рақым-мейіріміне қауыштырады, жақсылықты сүйіншілейді.

Әрине, Алла Тағала Құранды қорғауда бізге мұқтаж емес. Раббымыз қасиетті кәләмында: «Шүбәсіз осынау зікірді, (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» дейді. Алайда оған құрмет көрсетуге, оны оқып-үйренуге, оған еруге біз мұқтажбыз. Сондықтан «Құранның қызметінде болуға, Ислам дінінің өркендеуіне бізді қолдана гөр» деп Алладан тілейміз» деді.

Сондай-ақ Бас мүфти ұлт руханияты үшін, дін мен дәстүр жолында сүбелі еңбегі үшін Төкен Танаұлын «ҚМДБ 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Айта кетейік, Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы 100 шәкіртке арналған. Онда дәріс залы, дін мен дәстүр бөлмесі, отбасылық кеңес беру бөлмесі және асхана бар.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру