Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2023: ДІН МЕН ДӘСТҮР БӨЛІМІ БІР ЖЫЛДА 42 080 ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 29.12.2023 1866 0 пікір
ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2023: ДІН МЕН ДӘСТҮР БӨЛІМІ БІР ЖЫЛДА 42 080 ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРДЫ (ФОТО)

Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет баяндады.

«2023 жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының шешімімен Дін мен дәстүр бөлімі ашылып, Қоғаммен байланыс, Жастар ісі және Әйел-қыздар секторы бірге жұмыс істеп келеді. Қоғаммен байланыс секторы республикалық, аймақтық ақсақалдар форумының еліміздің әр түкпірінде ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Сондай-ақ биыл алғаш рет ақсақалдар арасында бата беру байқауы өтті. ҚМДБ жанынан құрылған Сарапшылар кеңесінің үш мәжілісі, сондай-ақ Ақтөбеде «Досжан ишан – Қазақстанның көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» конференциясы мен «Қазақ руханиятындағы дәстүрлі Исламның орны» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. Бұл бағытта жыл бойына 11 мыңнан астам шара атқарылды» деді Нұрбек Әуесханұлы.

Сондай-ақ Дін мен дәстүр бөліміне қарасты Жастар ісі секторы республика бойынша насихат және сауаттылық, қоғамдық жұмыстар және спорт бағытында 15 941 шара ұйымдастырды. Биыл еліміздің мешіттерінде алғаш рет зияткер жастар арасында дін тақырыбында «DINTELLECT» білім сайысы өткізілді. Оған мешіт жамағатынан құралған командалар қатысып, топ жарған таңдаулылары республикалық кезеңге жолдама алды.

Ал Әйел-қыздар секторы республика мешіттерінде әйел жамағатының атсалысуымен 10 986 шара атқарып, 408 828 адам қамтылды. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының 2023 жылы атқарған айтулы шараларының бірі – Павлодар облысытық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «Қазақ даласындағы әйел мәртебесі» тақырыбында республикалық әйелдер форумы өтті. Түркістан облысында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Шұғыла» қыз-келіншектер клубы ашылды. Сондай-ақ Құран Кәрімді оқудан қыздар арасында ІІІ республикалық байқауы және Алматы қаласында тұңғыш рет «Дәстүр фест» көрмесі өткізілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру