Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НАУАН ХАЗІРЕТ ТАЛАСҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 10.03.2023 2978 0 пікір
НАУАН ХАЗІРЕТ ТАЛАСҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін Көкшетауда ҚМДБ Ақмола облысы өкілдігінің және облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы тарихшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Науан Хазірет Таласұлының рухани ағартушылық қызметі және қайраткерлік тұлғасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айтулы жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев, академик Өмірзақ Озғанбаев, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Марат Зейнатұлы сынды тарихшы ғалымдар қатысты. Конференцияда арнайы баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Науан Хазреттің елдік мұрат, асыл дін, ұрпақ тәрбиесі, білім алу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оның Бұхарада алған сабақтары туралы мәліметтерді іздеп қарастырғанымызда, мынадай деректерге тап болдық. Науан Хазірет Бұхарада көп ғылым үйреніп, парсы тілін біліп шығады. Елге қайтар шағында жан-жақты білімді, көне түркі, өзбек, парсы, араб, орыс тілдерін жетік меңгерген, шығыс классикалық әдебиеттерді оқыған, жазу-сызуды терең меңгергені айтылады.

Тарихи тұлғаның елге еңбек еткен тұсы Патша үкіметінің озбыр саясатына тұспа-тұс келді. Қазақ жерінде ислам дінін жою, өзге дінді күштеп таңу секілді жұмыстар ашық жүріп жатты. Осындай озбырлыққа шыдамаған қайраткер бар күшімен қарсылық білдірді. Шоқындыру саясатын жоққа шығарып, ата дінімізді қорғады. Ол Ислам дініне патша үкіметінің орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы тұра алатын рухани күш ретінде қарады» деді.

Конференция барысында Науан Хазірет Таласұлының өмірі толыққанды айтылып, тың деректер ортаға түсті. Шын есімі Наурызбай Таласұлы ел арасында Науан Хазірет деген атпен танылған дін жанашыры, ғалым, ұстаз, қайраткердің өмірлік жолы, руханияттағы еңбегі, дін үшін күрес жолындағы қайраткерлігі жайында тарихшы ғалымдар атап айтқанда Саят Баймұратұлы, Сәбит Жәмбек, Батыржан Берденұлы баяндама жасады. 

Жиын соңында конференцияның қарары қабылданып, Науан Хазірет есімін жаңғыртуға байланысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру